МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

35
0

Бүгінде Мәжіліс депутаттары күнгейге табан тіреп, өңір жұртшылығымен жүздесуде. Мұндай жиындарда тұрғындар тарапынан толғақты мәселелер көтеріліп, ұсыныс-пікірлер айтылып жатыр. Бұл ғана емес, сала мамандары да белгілі бір қызметтің шеңберіндегі түйткілді түйіндерді тарқатуда. Мұндай жиындардың Шымкент қаласында өткенін бұған дейін тарқата баяндағанбыз. Енді жуырда кәсіпкерлік саланың айналасында жүрген азаматтармен маңызды кездесу өтті. Бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз…

Ашып баяндасақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы қала кәсіпкерлерімен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Жиында бизнестің проблемалық мәселелері мен ұсыныстары талқыланды. Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуге мемлекеттік кірістер департаменті, Шымкент қаласының прокуратурасы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы өкілдері және кәсіпкерлер қатысты. Мәжіліс депутаты бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы, инфрақұрылым нысандары құрылысының жоспарға сәйкес орындалуы бойынша кестеге сәйкес кездесулер өткізіп жатқанын атап өтіп, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауда бірқатар арыз-шағым түскенін айтты. Мұндай кездесулерде мәселелер ашық талқыға түсу қажет.

Жиында қалалық прокуратура өкілдері инвестицияларды және кәсіпкерлерді қорғау бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Жергілікті кәсіпкерлермен жиі кездесулер ұйымдастырылып, бизнес өкілдерінің құқықтары қорғалуда. Басқосуда кәсіпкерлер инфрақұрылым жағынан қолдау көрсету, салықтық жеңілдіктер бойынша бірқатар мәселелерін, ұсыныстарын жеткізді. Мәжіліс депутаты алда прокуратурамен бірге кәсіпкерлер құқығын қорғауда тиісті шаралар жүргізілетінін атап өтті.