САЙРАМ АУДАНЫНДА 5 ҚАБАТТЫ 47 ҮЙ САЛЫНАДЫ

12
0
Түркістан облысы, Сайрам ауданында жаңа шағынаудан пайда болады. Аталған мәселе облыс әкімдігінде арнайы талқыланып, ұсыныстар мен жоспарлар тыңдалды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылысты сапалы атқаруды тапсырды.
– Бұл бастаманы қолдаймыз. Аудан әкімі жауапты басқармалармен бірге жұмысты жүйелі атқаруы керек. Бірінші кезекте инфрақұрылымды тарту қажет. Әрбір құрылыс нысаны, ғимараттар терең ойластырылып, сапалы салынуы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов жаңа шағынауданның жоспарымен таныстырды. Өңірдегі ең халық тығыз орналасқан әрі даму деңгейі жоғары ауданда тұрғын үй мәселесі өте өзекті. Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округі, Қарасу ауылындағы 57 гектар аумақта жаңадан құрылатын шағынауданда 5 қабатты 47 тұрғын үй (2820 пәтер), ауылдық әкімшілік ғимараты, тәулігіне 250 адам қабылдайтын заманауи емхана, Мәдениет үйі мен Жастар сарайы біріктірілген ғимарат, 600 орындық заманауи жаңа мектеп, 280 орындық балабақша, 6 коммерциялық нысан мен саябақ салу жоспарланған. Сонымен бірге мешіт салуға да орын қарастырылған.
Жобаның мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, тұрғын үйге мұқтаждығын азайту. Аудан әкімдігі тарапынан аталған нысандарды инженерлік-коммуникациялық жүйелерімен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттары дайындалған.