Мәртебесі биік-мемлекеттік тіл

386
0

Тіл – елдіктің киелі де  қастерлі нышаны. Заманында билік, басқару төрінен ығыстырылып, бір ауық тәуелсіздігінен ажыраған ұлттың шектеулі, күнделікті қарым-қатнас құралының шегіне дейін құлдыраған ана тіліміз егемендіктің арқасында мемлекеттік мәртебесіне ие болып, биік тұғырына көтерілді.

Бұдан жиырма екі жыл бұрын Ұлы одақтың, өктем жүйенің қанатының астынан шыққан егемендіктің бастауында  Ата Заңымызға орыс тілін ресми тіл ретінде енгізу қажеттілік болғанын білеміз. Өйткені, қазақ даласындағы елдіктің іргетасы орыс тілінің өркениеті тұсында қаланды. Дербес мемлекеттік құрылымы жоқ, елдігі алып КСРО-дай державаның толық емес автономиясы дәрежесінде болған аумақта өмір сүріп жатқан халықты өз елінде өгейсіп қалған қазақ тілінің ғана діңгегіне байлап, ғасырлар тегеурінінен қалжырап шыққан ұлттық құндылық төңірегінде бірден топтастыра қою қиын еді.Осындайда Елбасы Н.Назарбаев бастаған қазақ зиялылары қиыннан қиыстырған ақыл тапты.Ұлы Тұран жұртын мекендеген сан ұлт пен ұлысты қазақ тілі мен орыс тілінің маңына ұйыстыратын конституциялық  қисын ойластырып, қалың елдің таразысына салды.Бұл саяси шешімнің дұрыстығына елдің ұлтаралық татулық пен қоғамдық дамудың мұнан былайғы деңгейі мен қалыпты өркендеуі кепіл бола алады.Елдігіміз нығайып, ұлттық келбетіміз ажарланған сайын мемлекеттік мәртебесі жоқ қосалқы ресми тіл біртіндеп тұрмыстық қарым-қатынас аясына,сыртқы саясат, халықаралық қатынастар көкжиегіне қарай ысырылып, ығысып бара жатқанын көзіміз көріп отыр. Сөйтіп, аса нәзік  мәселеде сабырлылық танытып, Конституция мен қолданыстағы заңнамаларды өзгертуге асығыстық жасамастан мемлекеттік тілге мемлекеттік талап пен нақты бағдарламалар арқылы қамқорлық аясын кеңейте түскеніміз сенімді ақтап келеді. Бүгінде қазақ  тілі мемлекеттік  биліктің сот тармағында  да лайықты биігіне көтеріліп келеді. Облыстың сот жүйесінде  мемлекеттік  тілде іс жүргізуге  толық мүмкіндік бар. Атап айтқанда, кіріс-шығыс, ішкі және жалпы құжат  айналымындағы мемлекеттік  тілдің, соттарда  қазақ тілінде  қаралып жатқан  істердің  үлес салмағы, судьялардың және сот қызметкерлерінің мемлекеттік  тілді  меңгеру  деңгейлері арнайы  кесте бойынша  қадағаланады.

Альбина  КУННАЗАРОВА,
Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық сотының бас маманы.