ҚАЗАҚСТАНДА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ АРНАЙЫ ЗАҢ ӘЗІРЛЕНІП ЖАТЫР

21
0

Елімізде психологиялық көмекке қатысты жаңа заң қабылданады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

— Мектепте балалармен жұмыс істейтін психологтар мен психологиялық қызметке қатысты біздің депутаттар сауалын да жолдады. Олардың жалақы мәселесі де көтерілді. Кадр даярлауда да проблема баршылық. Кадр жетіспеушілігі, қалай даярлап жатырмыз бұл маңызды. Қазір психологиялық қызмет көрсететін орталықтар ашылып, жұмыс істеп жатыр, бірақ оның тиімділігіне қатысты мәселелер бар. Біз психологиялық қызмет бағытында заң жобасын дайындауға кірістік, — деді Асхат Аймағамбетов Мәжілістің комитет отырысында.

Халық қалаулысының айтуынша, қазір жаңа жобасы бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімованың айтуынша, елімізде психологиялық қызметке қатысты бірқатар шара бар, атқарылып жатыр, бірақ жеткіліксіз.

— Президенттің 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында және «AMANAT» партиясының сайлау алды бағдарламасында қазақстандықтардың денсаулығын қамтамасыз ету мәселелеріне үлкен мән беріледі. Өскелең ұрпақтың психикалық денсаулығының психологиялық қолдау қызметтерін құрудың маңыздылығы атап өтіледі. Осы тапсырмалар аясында біраз жұмыс атқарылуда. Сегізінші шақырылымдағы көптеген заң жобасы халықтың белгілі бір санатын психологиялық қолдауға байланысты мәселелерді шешуді көрсетті. Бұл балалық шақ пен ананы қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллингпен күрес, лудомания, халықты әлеуметтік қорғау мәселелеріне қатысты заң жобалары болды. Бүгінде «AMANAT» партиясы «Психологиялық көмек туралы» заң жобасын әзірлеуде, — дейді депутат.