ЖЫЛДЫҚ ТАБЫСЫ 33,4 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСАТЫН АЗАМАТТАР ТАБЫСЫНЫҢ 15 ПАЙЫЗЫН САЛЫҚҚА ТӨЛЕУІ МҮМКІН

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Салық кодексінің жаңа редакциясында жеке табыс салығы табыс көлеміне қарай сараланатынын айтты.
— Маңызды бастамалардың бірі – жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесін енгізу. Мәселен, жылдық табысы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен ( 33 млн 422 мың теңге) асатын қызметкерлер үшін жоғары 15% мөлшерлемені белгілеу ұсынылады. Бұл жоғары табысқа қосымша салық салынатын тетікті құруға мүмкіндік береді, — деді ол.
Серік Жұманғарин мемлекеттік бағалы қағаздарынан түсетін кіріске 10%-дық корпоративтік табыс салығы салынуды ұсынды. Олар қазір салықтан босатылған.
— Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері шығарған бағалы қағаздар бойынша кірістерге салық салу ұсынылады. Бұл ретте экономиканың нақты секторын қолдау және инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялар тарту үшін «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі шығарған бағалы қағаздардан түсетін кірістерді 2030 жылға дейін салық салудан босату ұсынылады. Бұл экономикаға жыл сайын 10 трлн теңге қаражат салуға мүмкіндік береді. Зиянды сусындарды тұтынуды азайту үшін алкогольсіз энергетикалық сусындарға акциз енгізу ұсынылады, — деді вице-премьер.