ИМПОРТТЫҚ ДӘРІ-ДӘРМЕК БАҒАСЫН ЖҮГЕНДЕУ МҮМКІН БОЛМАЙ ТҰР

Үкімет импортталатын дәрі-дәрмектің әлеуметтік тізімін жасап, салықтан босатпақ. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік, оның ішінде онкология, орфандық аурулар бойынша салықты алып тастау өте, жақсы ымыра болғанын айтты.
— Бұл жүз мыңдаған адамның тағдырына қатысты маңызды шешім еді. Дегенмен басқа да бағыттағы дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге 10 пайыз ҚҚС пен 10 пайыз корпоративтік салық болса, онда бірден 20 пайыз жүктеме болайын деп тұр. Басқа секторларды қарасақ, 12-ден 16 пайызға көтерудің өзі сұрақ туғызып отыр. Ал бұл жерде бірден 20 пайыз болайын деп тұр. Сондықтан бұл өзгеріс медициналық қызметтердің қымбаттауына әкелуі әбден мүмкін. Әлеуметтік ауруларға 0 пайызға келісіп отырсақ, басқа аурулар бойынша дәрілерге 10-нан 5 пайызға түсіру және медициналық қызметтерге де 10-нан 5 пайызға дейін түсіріп, бірақ кезең-кезеңімен мүмкін оны арттыру мәселесіне қалай қарайсыздар? — деп сұрады.
Осы орайда вице-премьер тек ақылы медициналық қызметтерге ғана қосылған құн салығы салынатынын алға тартты.
— Себебі үкіметтік және жеке емханалар бар. Олардың бәсекеге қабілеттілігі бірдей болуы керек. Ешқандай айырмашылық болмайды. Себебі біз біраз сын естідік. Ал сіз айтқан МӘМС ішінде бар. Оларға біздің реформаның ешқандай әсері болмайды. Себебі ешқандай салық салынбайды. Дәрі-дәрмектерге қатысты жағдайды білесіздер. 85 пайызы шетелдік, импортталады. Мен қазір нақты айта алмаймын, баға 1 000 пайызға дейін өсті. Бағаны ұстай алмаймыз. Баға құрылымын қарағанда оның ішінде 50 пайыз маркетинг, 30 пайыз жарнама бар. Қосыла береді. Оларды тоқтата алмаймыз. Біз қазір жеңілдікті импортқа, содан кейін делдалдарға береміз. Осыған орай аталған дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін жасаймыз. Оларға салық салмаймыз. Қалғандарына 10 пайыз салық болады, — деді Серік Жұманғарин.