ШЫМКЕНТТЕ ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕН ҒЫЛЫМДЫ КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУ МҮМКІНДІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

45
0
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде ғылым мен жоғары білім беру саласына арналған маңызды кездесу өтті. Іс-шараға Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, университет ректоры Дархан Ахмед-Заки, министрлік өкілдері, ғылыми қауым өкілдері мен оқытушылар қатысты.
Кездесу аясында университет базасында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар назарына ұсынылды. Ғылыми жобалар бағдарламасының жетекшісі Ринат Елшібеков Шымкентке сапарының басты мақсаты — өңірлік университеттермен, соның ішінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетімен ғылыми-инновациялық байланыстарды күшейту екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл оқу орнында 40-тан астам ғылыми жоба іске асырылуда, олардың бірқатары өндірістік әлеуетке ие, атап айтқанда — кремний және фарфор өнімдерін өндіруге бағытталған бастамалар.
Министрлік тарапынан бүгінде 70-тен астам жоба қаржыландырылса, олардың М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің де бірқатар бастамалары қолдау тапқан.
Вице-министр Динара Щеглова өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмасымен білім және ғылым жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталды. Ол адами капиталды дамытуға бағытталған басымдықтар қатарында өңірлік кадр сұранысын ескеру, цифрлық білім беру, жасанды интеллектті оқыту үдерісіне енгізу және бірыңғай білім беру жинақтау жүйесін атады.
Сонымен қатар, вице-министр жаңа жүйе аясында ата-аналар мен мемлекет білім беру шығындарын бірлесе көтеретінін, бұл ретте жеңілдетілген кредиттер мен арнайы гранттар көзделіп отырғанын жеткізді.