БАС ДӘРІГЕР БОЗАРЫҚ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

69
0
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асылбеков Нұрлыбек “Бозарық” шағынауданындағы тұрғындармен кездесті. Қаланың бас дәрігері кездесуде жергілікті халықтың пікірін тыңдап, медицина саласындағы мәселелерін талқылады. Тұрғындар басқарма басшысына бейінді дәрігерлерге қаралу, дәрі дәрмекпен қамтамасыз ету және диагностикалық тексерілу сынды проблемаларын айтты.
Сондай-ақ басқарма басшысы Бозарықтағы дәрігерлік амбулаторияны аралап шықты. Аралау барысында Нұрлыбек Абибуллаұлы “Атамекен” медицина орталығына Бозарықтағы амбулаторияны бейінді дәрігерлермен қамтамасыз етуді және халықты тегін медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін ақпараттандыру жұмыстары бойынша жауаптыларға ескерту берді.
Кездесу соңында басқарма басшысы аталмыш орталық мамандарына медициналық көмек көрсетуде жауапкершілігін арттырып, сапасыздықты алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Кездесу соңында тұрғындарға қаланың бас дәрігері шағынауданда тағы медициналық ғимарат ашу және күндізгі стационардағы қызметті жандандыру қажеттілігін айтып өтті. Айта кету керек, үшінші мегаполисте медицина саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Бүгінде Шымкент қаласында амбулаторлық деңгейде 13 мемлекеттік емхана және 32 жеке меншік медициналық орталық жұмыс істейді. Халықтың 52,8% немесе 615 мың азамат мемлекеттік, қалған 47,2% немесе 549 мың адам жекеменшік емханаға тіркелген. Былтыр 5 медициналық ұйым ашылды. Сонымен қатар МЖӘ жобасы аясында Шымкент қаласында бір ауысымда 700 келушіге арналған 800 төсектік университеттік көпбейінді аурухана және клиникалық-диагностикалық орталық (емхана) құрылысы жеке инвестор есебінен басталды. Бұдан бөлек, онкологиялық орталықтың базасында ПЭТ орталығы және сәулелік терапия орталығы іске қосылды, 2 ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, №1 қалалық емхананың балалар бөлімшесі, №2 оңалту орталығының негізгі ғимараты жөнделді, 17 медициналық құрал сатып алынды, азаматтарды медициналық күәландырудан өткізуге медициналық комиссияларды бөлу үшін жергілікті мәслихат арқылы қаражат бөлу мәселесі шешілді, №3 қалалық емхана аккредитациядан өтті, ұрықты қорғау орталығы ашылды.