12 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҚТЫ

37
0
Биыл сақтанушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша шараларын қабылдау жоспарда бар. Атап айтқанда, банктік қарыздарды алу кезінде сақтандыру шығындарын азайту үшін заңнамалық түзетулер әзірленді. Осылайша, банктік қарыздармен байланысты сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру агенттерінің комиссиясы сақтандыру сыйлықақысы сомасының 10%-нан аспауға тиіс. Бұл түзетулер ағымдағы жылдың қазан айында күшіне енеді деп күтілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева хабарлады.
Спикердің айтуынша, ипотекалық қарыздарды сақтандыру бойынша стандартталған шарттарды енгізу мүмкіндігі де қарастырылуда. Бұл қарыз алушылар үшін сақтандыру қызметтерін ұсынуға бірыңғай талаптар мен тәсілдер әзірлеуге мүмкіндік береді. Инновация ашықтықты қамтамасыз етеді және сақтандыру процесін жеңілдетеді.
«Сонымен қатар Агенттік ерікті сақтандыру шарттарына қойылатын базалық талаптарды белгілеу бойынша заңнамалық түзетулер дайындады. Бұл компаниялардың клиент үшін тиімсіз сақтандыру шарттарына қосымша сақтандыру қызметтерін жүктемеуі үшін жасалады. Біз бұл шаралар азаматтардың ерікті сақтандыруға деген сенімін нығайтуға және оны одан да қолжетімді әрі түсінікті етуге көмектеседі деп күтеміз», – деді Мария Хаджиева.
Спикер міндетті сақтандыруға тоқталып, ол табысы әртүрлі азаматтар үшін қолжетімді бола отырып, көп тәуекелден қорғауды ұсынуы керек. Ол үшін Агенттік сақтандыру нарығына қатысушылармен бірлесіп сақтандырудың қолданыстағы міндетті санаттары бойынша жағдайды жақсартуға және жаңа сақтандыру өнімдерін енгізуге бағытталған шараларды әзірлейді.
«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыскерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесінде зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін 55 жастан 63 жасқа дейінгі 4 ең төменгі күнкөріс деңгейі (184 912 теңге) мөлшерінде ай сайынғы төлемдер көзделген. Төлемдер төрт көзден жүзеге асырылады: республикалық бюджет есебінен, жұмыс берушінің есебінен, зейнетақы жинақтары есебінен және сақтандыру ұйымдарының есебінен әрбір көзден 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен. Бағдарлама іске қосылғаннан бері 12 мыңға жуық жұмысшы ерте зейнетке шығу мүмкіндігін пайдаланды. Төлемдерге көзделген сома 26 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 4,5 млрд теңге төленді», – деп атап өтті ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары.