ОРДАБАСЫДАҒЫ ЫҚЫЛАСТЕМІР АУЫЛЫНДА ЖАҢА СПОРТ ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысында халықтың спортпен тұрақты түрде шұғылдануына қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүйелі жалғасуда. Осы орайда, Ордабасы ауданы, Бөржар ауыл округіне қарасты Ықыластемір ауылында спорт ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық маслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков қатысып, тұрғындарға ізгі тілектерін жеткізді.
Салтанатты шарада жаңа спорт кешенінің лентасы қиылып, ауыл ақсақалдары бата берді.
Ықыластемір ауылындағы 80 соттық жерде құрылысы басталып, жұмыстары тұралап қалған спорт нысанын былтыр ауыл тумасы қолға алған. Бүгінгі таңда ауылдағы спорт залының құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді.
Спорт нысанында баскетбол, волейбол, футзал, аралас жекпе-жек, джиу-джитсу, күрес түрлерімен шұғылдануға мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар заманауи талапқа сай жуыну, киім ауыстыру және жаттықтырушы бөлмелері қарастырылған. Одан бөлек, ауылдың белсенді азаматтары мен демеушілері тарапынан ашық спорт алаңшасының құрылыс жұмыстары жүргізілген. Енді ауыл тұрғындары мен жасөспірімдер бұқаралық спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылдана алады.
Жалпы Бөржар ауыл округінен спорттың ММА аралас жекпе-жек, джиу-джитсиден 10-нан астам Азия және Әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегері, баскетболдан ҚР жеңімпаздары шыққан. Атап айқанда, Дихан Тоқтар, Жасия Бекзат, Жанысбек Әділет, Әбдіқайым Иманғали.
Қазіргі таңда Ықыластемір ауылының жаттықтырушыларының шәкірттері аралас жекпе-жек пен джиу-джитсу спортынан халықаралық жарыстарда топ жарып тұр.
Айта кетейік, ауданда өткен жылы екі спорт кешені ашылса, биыл республикалық бюджет есебінен 1 спорт кешенін, жергілікті бюджетен 2 спорт алаңшасын және 2 спорт залын пайдалануға беру жоспарлануда.
Сондай-ақ, облыстық бюджет есебінен Темірлан ауылында бассейін мен теннис кортының және Шұбар ауылында спорт кешенінің құрылыс жұмыстары басталмақ.