ОСЫ ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАННАН ЕТ ӨНІМДЕРІ ҚАЙ ЕЛДЕРГЕ ШЫҒАРЫЛДЫ

ҚР Сауда және интеграция министрлігі көрші елдерге және Еуропа одағына ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлеміне қатысты түсінік берді.

— Қазақстан биылғы бірінші тоқсанда экспортқа 10,8 мың тонна құс еті өнімдерін 17,9 млн АҚШ доллары сомасында Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан, Қатар және Әзербайжанға экспорттады. Сондай-ақ, 4,6 мың тонна қой етін 8,6 млн АҚШ долларына Өзбекстанға, Қатарға, БАӘ, Кувейтке, Сауд Арабиясына, Иранға, Тәжікстанға, Иорданияға шығарды, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар, осы жылдың бірінші тоқсанында Қытай мен Еуропа бағытында ет және өзге де өнімдер экспортқа шығарылмаған.

— Алайда, Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерінің мынадай түрлері артқанын назарыңызға саламыз. Атап айтқанда, күнбағыс майы 65,4 млн АҚШ долларына (2,4 есе өсті), зығыр тұқымы 39,2 млн АҚШ долларына (3 есе артты), күнбағыс тұқымы 30,3 млн долларға (66,6%-ға өсті), арпа дәнді және бұршақ дақылдарын қайта өңдеу қалдықтары 14,1 млн АҚШ долларына (55,7%-ға өсті) жетті. Сондай-ақ, Еуропа одағына бидай 53,9 млн АҚШ долларына (47,7%-ға өсті), зығыр тұқымы 39,2 млн долларға (2,6 есе артты), рапс тұқымы 15,3 млн долларға (7,9 есе артты), кептірілген көкөніс бұршақ дақылдары 7,7 млн долларға (20 есе артты) экспортталды, — деп нақтылады ведомство.