ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ЖҮЙЕЛІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

Еліміздің еңбек қатынастарын реттеудегі басты басымдықтарының бірі – жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау. Бұл бағытта кәсіподақ ұйымдарының атқарып жатқан қызметі айрықша. Осы орайда, Түркістан қаласындағы «Жас-Ұлан» бөбекжай балабақшасында Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы жанындағы заң клиникасы маманының қатысуымен маңызды құқықтық қабылдау шарасы өтті.
Іс-шараның мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің еңбекке қатысты құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістер туралы ақпарат беру және еңбек дауларының алдын алу механизмдерін түсіндіру. Қабылдау барысында кәсіподақ мүшелеріне ҚР Еңбек кодексі мен Әлеуметтік кодекске енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар, келісу комиссиясының құрылымы мен қызмет тәртібі, еңбек дауларының алдын алу және шешу жолдары, жұмысшылардың құқықтарын қорғау бойынша заңнамалық тетіктер кеңінен түсіндірілді. Түсіндіру жұмыстары кезінде қызметкерлер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, нақты әрі заңды негізделген жауаптар алды. Мұндай шаралар кәсіподақ мүшелері мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастарын реттеуде ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етеді.
Шара барысында қатысушыларға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» жанынан құрылған «Татуластыру орталығы» жайлы да кеңінен ақпарат берілді. Бұл орталықта кәсіби медиаторлар қызмет көрсетеді. Кәсіподақ мүшелері үшін құқықтық көмек пен кеңес тегін ұсынылады. Еңбек даулары мен жанжалдарды сотқа жеткізбей, татуласу жолымен шешу басты мақсат болып табылады. Медиация – бүгінгі таңда уақыт пен қаражатты үнемдейтін, сонымен бірге екі тараптың да мүддесін ескеретін тиімді тетікке айналды. Қазіргі еңбек нарығында жұмысшы өз құқығын білуге және оны қорғай алуға міндетті. Бұл тұрғыда кәсіподақ ұйымдары еңбек адамының қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға, әлеуметтік кепілдіктер алуына, жалақы мен еңбек демалысын әділ жолмен белгілеуге, жұмыс орнының тұрақтылығына тікелей ықпал етеді. Мұндай құқықтық қабылдаулар – қызметкерлердің еңбек қатынастарындағы белсенділігін арттырып, заңды жолмен өз мүддесін қорғауға мүмкіндік беретін нақты алаң.
«Жас-Ұлан» балабақшасында өткен құқықтық қабылдау – еңбек адамының мүддесі мен құқығы әрқашан басты орында тұруы керектігінің айғағы. Түркістан облысы кәсіподақтар орталығының бастамасы еңбек дауларын бейбіт шешуге, жұмысшылардың құқықтық мәдениетін көтеруге және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға нақты үлес қосып отыр. Кәсіподақ – тек жұмысшылардың өкілі ғана емес, әділетті еңбек қатынастарын қалыптастыратын маңызды құрылым. Ал мұндай кездесулер сол миссияны нәтижелі атқаруға жол ашады.