ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА ТЫҢ СЕРПІН БЕРЕТІН БАСТАМАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

35
0

Туризм – ел экономикасының қарқынды дамуына серпін беретін стратегиялық сала. Бұл бағытта халықаралық әріптестік орнату, инвестициялық жобаларға жол ашу, туристік өнімдердің сапасын арттыру – әлем елдері үшін басым бағыттардың бірі. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Әсіресе, Түркістан облысы – өзінің тарихи-мәдени, рухани және инфрақұрылымдық әлеуетімен туризмді дамытудың жаңа моделін қалыптастырып келеді.

Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жарқын көрінісі ретінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытай Халық Республикасының туризм саласындағы беделді өкілдері арасында өткен кездесу айқын мысал бола алады. Бұл басқосу Түркістан мен Қытай арасындағы өзара тиімді серіктестікті бастауға негіз болған маңызды дипломатиялық әрі экономикалық оқиға ретінде бағаланады. Тарихи Түркістан – тек қазақ халқының емес, күллі түркі әлемінің рухани астанасы. Бұл өңірде бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран қалашығы, Укаша ата, Гауһар ана, Шілдехана және басқа да нысандар — өңірдің туризм саласын дамытуға арналған бай мұра. Соңғы жылдары атқарылған инфрақұрылымдық жобалар – жаңа әуежайдың ашылуы, туристік кешендер мен қонақ үйлердің салынуы, жолдардың жақсаруы – бұл тарихи шаһарды қазіргі заман талабына сай туризм орталығына айналдыруға мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде Түркістанға келуші туристер саны 1 миллионға жуықтады. Бір күндік және демалыс туризмін таңдаушылар көбейіп отыр. Қонақүй және қоғамдық тамақтану салаларында жаңа жұмыс орындары ашылуда. Өңір экономикасының жаңа драйвері ретінде туризм саласы қалыптасып келеді.

«Beijing Zhongxing Huizhi International Culture & Tourism Development Co., Ltd.» басқарушы директоры Сюнь Шаньхуа бастаған делегацияның сапары – Түркістанның халықаралық деңгейде мойындалғанын және Қытай секілді алып нарыққа бағытталғанын көрсетеді. Кездесу барысында талқыланған негізгі мәселелер — Түркістанның туристік әлеуетін таныстыру, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігі, мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейту, туризм саласындағы жаңа инфрақұрылымдық жобаларға Қытай тарапының қатысуы. Сапар аясында делегация өңірдегі тарихи кешендер мен заманауи туристік нысандарды аралап, инфрақұрылымның даму деңгейіне оң баға берді. Қытайлық тараптың Түркістанның тарихи-мәдени мұрасына, табиғи байлықтарына және туризм саласындағы әлеуетіне жоғары қызығушылық танытуы – бұл кездесу нәтижесінің нақты көрсеткіші. Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм саласындағы әріптестік – қос тарап үшін де стратегиялық басымдыққа ие. Қытай – әлемдегі ең үлкен туристік ағынға ие елдердің бірі. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қытайдан шетелге шығатын туристер саны жылына 150 миллионнан асады. Бұл – Қазақстан үшін зор мүмкіндік. Егер Түркістан өңірінің ерекшелігі ескерілсе, Қытай азаматтарына бағытталған діни-рухани туризм (мұсылман қауымдастығы үшін), тарихи-танымдық туризм (Ұлы Жібек жолы маршруттары, Қожа Ахмет Ясауи феномені), экотуризм (Қарнақ, Шардара, Сайрам-Өгем бағыты), мәдени-этнографиялық турлар (жергілікті ауыл шаруашылығы, қолөнер, ұлттық асхана) ұйымдастыру мүмкіндігі бар. Осы бағыттар бойынша ортақ туристік пакеттер жасалып, Қазақстан-Қытай туристік бағыттамасы ұсынылса, Түркістанға шетелден келетін туристер ағыны күрт артуы ықтимал.

Қазіргі таңда Түркістан облысында туризмге инвестиция тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қытай делегациясымен өткен кездесу – осы үдерістің жаңа кезеңін бастап береді. Тараптар ынтымақтастықты жол картасы арқылы дамытуға, Түркістанға келетін қытайлық туристер легін қалыптастыруға, бірлескен туристік жобалар, инфрақұрылым, қонақүй кешендері, мәдени орталықтар салуға, Қазақстан мен Қытай арасындағы визалық жеңілдіктер мен әуе қатынастарын кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Мұндай нақты келісімдер – екіжақты әріптестікті жүйелі арнаға түсіретін шешімдер. Қытай делегациясының Түркістанға сапары – өңірдің халықаралық деңгейдегі туристік брендке айналып келе жатқанын білдіретін айқын мысал. Кездесу қорытындысында екі тарап ынтымақтастықты тереңдету, нақты жобаларға көшу, өзара тиімді серіктестікті нығайту туралы уағдаласты.