ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

36
0

2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы Түркістан облысының макроэкономикалық дамуы мен бюджет орындалу көрсеткіштері бойынша облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен маңызды жиын өтті. Бұл басқосу өңірдің қаржылық және экономикалық ахуалын саралап қана қоймай, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер мен басымдықтарды айқындауға бағытталды.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, бюджеттің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, бюджеттік қаржыны мақсатты әрі тиімді игеру, кірістердің әрбір көзін бақылау және қаржының игерілмей қалуына жол бермеу – жергілікті биліктің тікелей жауапкершілігіне жатады. Жиында алғашқы болып сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты кең көлемді баяндама жасады. Ол ұсынған деректерге сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы бес айында Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша 120,4 пайыз көрсеткішке қол жеткізіп, республика бойынша 1-орынға шыққан. Бұл – Мемлекет басшысының экономикалық өсімді 7 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасын тиімді жүзеге асырудың нәтижесі. Түркістан облысы Үкімет межесін толық орындап қана қоймай, бірқатар салада айтарлықтай ілгерілеушілік байқалған. Экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде өнеркәсіп секторы ерекше аталды. Жыл басынан бері бұл салада 593 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға артқан. Жалпы жоспар 105,5 пайызға орындалған. Өсім, негізінен, өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен өндірісінің дамуымен қамтамасыз етілген. Бұл бағыттарда инновациялық технологиялар мен инвестициялық жобалар маңызды рөл атқарып отыр. Түркістанның индустриялық аймақтарында шоғырланған өндіріс орындарының белсенділігі өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беруде.

Облыстың қаржылық жағдайы да оң серпінге ие. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың айтуынша, 2025 жылдың 5 айында жергілікті бюджетке 114,3 млрд теңге көлемінде салықтар мен басқа да түсімдер түскен. Бұл – жоспардың 114,7 пайызға орындалғанын білдіреді. Жергілікті кірістер бойынша өсім 16 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш экономикалық белсенділіктің, кәсіпкерлік пен өндірістік сектордағы жандану үдерістерінің нәтижесі. Сондай-ақ салық базасының кеңеюі мен цифрландыру жүйесінің енгізілуі бюджеттің тиімді орындалуына жол ашқан. Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков жиын қорытындысында қаржы тәртібіне және бюджет қаражатының сапалы игерілуіне тоқталып, бұл бағыттағы кемшіліктерге жол берілмеу қажеттігін қатаң ескертті. Өз сөзінде «Барлық аудан, қала әкімдері және бюджеттік бағдарлама әкімшілері бюджет кірістерінің әрбір көзін заң талаптарына сәйкес сапалы орындауды қамтамасыз етсін. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыларды мерзімінде және сапалы игеру керек. Субъективті себептермен бюджет қаражатының игерілмей қалуына жол берілмейді. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін заң шеңберінде нақты шаралар қабылдануы қажет» деді Талғат Қозбеков. Осы орайда бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне, аудан, қала әкімдеріне, салаға жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берілді. Бұл — облыс бюджетінің 2-тоқсан қорытындысын сапалы аяқтауға бағытталған жүйелі шаралардың бастамасы.

Жиын барысында облыс әкімінің әлеуметтік-экономикалық саясатты тұрақты бақылауда ұстайтыны ерекше атап өтілді. Түркістан облысында инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік пен өндірістік жобаларды қолдау жалғасуда. Бюджет қаржысы білім, денсаулық сақтау, жол-көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй құрылысы және ауыл шаруашылығы секілді стратегиялық салаларға бағытталып отыр. Қаржыландыру тиімді жүзеге асқан жағдайда, бұл бағыттардың өңір халқының әл-ауқатын жақсартуға әсері зор болмақ. 2025 жылдың алғашқы бес айындағы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өңірдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын дәлелдеді. Экономикалық өсім, өнеркәсіптегі серпін, бюджет кірісінің артуы – бұл өңірдегі әкімшілік, экономикалық және қаржылық саясаттың тиімділігінің нақты нәтижесі.