ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

2025 жылдың Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы – ел дамуындағы еңбек адамдарының рөлін қайта бағалап, нақты қолдау көрсетуге бағытталған тарихи шешім. Бұл бастаманың өңірлерде қалай жүзеге асып жатқанын Түркістандағы соңғы оқиғалар айқын көрсетеді. Облыс орталығында коммуналдық сала қызметкерлеріне жаңа арнайы техникалар тапсырылып, жұмысшы мамандық иелері лайықты құрметке бөленді.
Салтанатты іс-шараға арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының бастамасының маңыздылығына тоқталып, еңбегімен елге үлгі болған қарапайым азаматтарға құрмет білдірді. Өз сөзінде «Сіздердің еңбекке адалдықтарыңыз бен кәсіби шеберліктеріңіз – өскелең ұрпақ үшін үлкен үлгі», – деді аймақ басшысы. Сөз жоқ, дәнекерлеуші, электрші, су маманы, көлік жүргізушісі сияқты қарапайым, бірақ қоғам үшін аса қажет мамандық иелері күнделікті тұрмысымыздың тұрақтылығы мен қалалардың жайлы тіршілігіне үлес қосып келеді. Олар болмаса, жарық та, су да, тазалық та болмайтыны анық. Коммуналдық салада еңбек өнімділігін арттырып, қызмет сапасын жақсарту үшін заманауи техника мен құрал-жабдықпен қамтамасыз ету – басты талаптардың бірі. Осы мақсатта Түркістанда «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бүгінде «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС қала аумағында 35 арнайы техникамен санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуде. Ал биыл қосымша 29 техника сатып алынған, оның 21-і ресми түрде коммуналдық қызметкерлерге тапсырылды. Бұл техникалар қаланың көшелерін тазалау, абаттандыру жұмыстарын жүргізу, қоқыс шығару, экологиялық ахуалды жақсарт ісіне айтарлықтай серпін береді.
Іс-шара аясында еңбек адамдарын моральдық тұрғыдан көтермелеу де ұмыт қалмады. Түркістан облысының әкімдігі мен мәслихаты тарапынан «Еңбек ардагері» төсбелгісі, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері» төсбелгісі, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Құрмет грамотасы», Алғыс хаттар жұмысшыларға табысталды. Бұл – қарапайым еңбек адамына көрсетілген шынайы ілтипат, қоғамдық құрмет пен мемлекеттік деңгейдегі қолдаудың белгісі. Аймақ басшысы өз сөзінде «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында биылдың өзінде облыста 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын, олардың 60%-дан астамы – жұмысшы мамандықтарына тиесілі екенін атап өтті. Бұл көрсеткіш бір жағынан жұмыссыздықты азайтса, екінші жағынан жастарды нақты кәсіпке баулуға жол ашады. Қазір Түркістан облысында 30 колледж жұмысшы мамандықтарды даярлаумен айналысуда, онда 16 мыңнан астам студент білім алуда. Бұл – болашақтағы еңбек нарығын тұрақты кадрмен қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадам.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы тек көріктендіру мен қоқыс жинау емес, қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыруға бағытталған. Тазалық – қоршаған ортаға құрмет, ал қоршаған орта – өмір сапасының тікелей көрсеткіші. Түркістан қаласындағы атқарылып жатқан жұмыстар – осы бағдарламаның нақты жүзеге асырылып жатқан жарқын үлгісі. Жаңа техникалар, ынталанған жұмысшылар, нақты басшылық – нәтиже де болатынына сенім береді. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру – елдің экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік әділеттілігінің негізі. Түркістан облысында атқарылып жатқан шаралар еңбек адамына құрметті қайтару жолындағы жүйелі жұмыс екенін көрсетеді. Қарапайым жұмысшының еңбегі бағаланған жерде – сенім бар, тұрақтылық бар, даму бар.