КӘСІПОДАҚТАР – АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІ

18 шілде күні Шымкент қаласында еліміздің азаматтық қоғамын дамытудың маңызды белестерінің бірі саналатын – XII Азаматтық форум өтті. Бұл – тек дәстүрлі кездесу емес, билік пен қоғам арасындағы ашық диалогтың нақты алаңы, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтудың пәрменді құралына айналған шара.
Форумға мемлекеттік құрылымдармен қатар, үкіметтік емес ұйымдар, жастар қозғалыстары, қоғамдық қорлар, ардагерлер кеңестері мен еріктілер бірлестіктері белсенді түрде атсалысты. Іс-шара азаматтық қоғамды институционалдық тұрғыда нығайтып қана қоймай, оны сапалық жаңа деңгейге көтеруге бағытталды. Форум жұмысына Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев те арнайы қатысып, пікірталас алаңдарында азаматтық қоғамды дамыту бағытындағы ой-пікірлерімен бөлісті. Ол бұл жиынға тек қатысушы ретінде емес, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік пен еңбек қауіпсіздігін қорғаушы белсенді құрылым өкілі ретінде келді. «Кәсіподақтар – тек еңбек қатынастарын реттейтін ұйым емес, олар – қоғамның тұрақты дамуын, әлеуметтік теңдікті және әділеттілікті қамтамасыз ететін азаматтық қоғам институттарының бірі» деді Бауыржан Әлтеев форум барысында.
Форум барысында азаматтық қоғам институттарын нығайту, мемлекеттік құрылымдардың ашықтығын арттыру, қоғамдық бақылау тетіктерін дамыту және тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында қоғамдық ұйымдардың рөлін күшейту сынды негізгі тақырыптар талқыланды. Тақырыптық пікірталас алаңдарында төмендегідей өзекті мәселелер күн тәртібіне шықты — үкіметтік емес ұйымдардың тиімділігін арттыру, әлеуметтік кәсіпкерлік пен волонтерлік қызметті жүйелі қолдау, қоғамдық жобаларды тұрақты қаржыландыру тетіктері, әйелдер мен жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы. Бұл бағыттар – қазіргі Қазақстан қоғамының басты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер. Форум осы проблемаларды бірлесіп шешудің жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді. Форум аясында сөз алған Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиева кәсіподақ ұйымдарының ел ішіндегі рөліне ерекше тоқталды. Ол кәсіподақтарды ұлттық бірліктің, әлеуметтік әділеттіліктің және азаматтық тұрақтылықтың тірегі ретінде атап өтті. Бұл – кәсіподақ ұйымдарының тек еңбек саласымен шектелмей, бүкіл қоғамға оң ықпал ететінін көрсететін нақты баға.
Форум барысында қоғам белсенділері, түрлі ұйым өкілдері мен сарапшылар мемлекеттік органдармен ашық диалог құрып, бірқатар нақты ұсыныстар жеткізді. Қоғамдық тыңдаулар, баяндамалар мен презентациялар арқылы азаматтық бастамалардың маңыздылығы мен ауқымы артты. Форум қорытындысы бойынша ұсыныстар мен бастамалар жинақталып, ұлттық деңгейде қарастыру үшін жолданатын болады. Бұл – азаматтық қоғам пікірінің ескерілетінін және шешім қабылдау процестеріне ықпал ете алатынын білдіреді. XII Азаматтық форум – елдегі азаматтық бастамалардың өсуін, қоғамның белсенділік деңгейінің артып келе жатқанын көрсетті. Мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, жастар мен әйелдердің белсенділігін қолдау – бұл форум ұсынған басты бағыттар. Ал кәсіподақтар осы міндеттердің ішінде еңбек адамының құқығын қорғаушы, қоғамдық тұрақтылықтың діңгегі және әлеуметтік әріптестіктің тірегі ретінде танылды. Мұндай алаңдар – еліміздің одан әрі өркендеуі үшін азаматтық қоғам институттарының дамуына жол ашатын маңызды қадам.