ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ – ҰЛТТЫҢ КЕЛЕШЕГІ

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында жаңа оқу жылы қарсаңында маңызды әрі мазмұнды жиын өтті. Мектептегі кәсіподақ кіші ұйымының төрайымы А.Космамбетова ұжым алдында 2024–2025 оқу жылы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге арналған есеп беру баяндамасын жасады.
Кәсіподақ ұйымы – білім беру мекемесіндегі ұжым мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғап, олардың әл-ауқатын жақсарту бағытында жұмыс істейтін маңызды құрылым. А.Космамбетова өз баяндамасында осы бағытта жыл бойы атқарылған іс-шараларға, мұғалімдер мен қызметкерлерге көрсетілген қолдауларға, мәдени-көпшілік шараларға жан-жақты тоқталды. Мектеп ұжымы ұйымшылдықпен жұмыс атқарып келе жатқанын, әр мұғалімнің кәсіподақ жұмысына белсенді атсалысып жүргенін атап өтті. Сонымен қатар, алдағы оқу жылындағы басты мақсаттар мен басымдықтар да нақты көрсетілді. Жиын барысында мектеп ұжымы үшін ерекше толғанысқа толы сәттердің бірі – математика пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз Ж.Алмурзаеваның зейнеткерлікке шығуына байланысты ұйымдастырылған құрмет көрсету болды. Ұзақ жылдар бойы білім беру саласында еңбек еткен, талай шәкіртке терең білім мен өмірлік бағдар берген ұстазға шынайы алғыс пен ыстық ықылас білдірілді. Әріптестері жылы лебіздерін айтып, өмірінің жаңа кезеңіне сәттілік тіледі. Ж.Алмурзаева – ұстаздық жолдың ауырлығын абыроймен арқалаған, жас мамандарға үлгі бола білген, мектеп ұжымы үшін қадірлі тұлға. Оның кәсіби қызметі – ұрпақ тәрбиелеудегі ерен еңбектің жарқын көрінісі. Сонымен қатар, жиын барысында білім саласында көп жыл еңбек етіп келе жатқан Қ.Жакипов ұстаздың 60 жас мерейтойы кеңінен аталып өтті. Ұжым мүшелері Қанат Жакиповтің кәсіби жетістіктерін атап өтіп, зор денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі. Мектеп өміріне белсене араласып, талай буын шәкірт тәрбиелеген, білім сапасын арттыруға өз үлесін қосып жүрген ұстаздарымыз – Р.Стамбекова, Б.Тілеубаева, Г.Истилеуова, С.Байзақ, Г.Есенқараева, Н.Назарова, Ғ.Халыкова, Б.Тастанбекова сынды білім саласының майталмандары да 50 жасқа толған мерейтойларымен құттықталып, ерекше құрметке бөленді. Ұжымдастары олардың еңбекқорлығы мен жауапкершілігін, шәкіртке деген сүйіспеншілігін атап өтіп, алдағы уақытта да шығармашылық табыс пен отбасы амандығын тіледі.
№50 мектеп-гимназиясында өткен бұл шара – ұстаз еңбегіне деген құрметтің жарқын көрінісі. Осындай игі басқосулар ұжым ішіндегі ынтымақ пен өзара сыйластықты арттырып, кәсіподақ ұйымының беделін нығайта түседі. Кәсіподақ ұйымының бастамасымен ұйымдастырылған есеп беру жиыны – білім беру саласындағы кәсіби, әлеуметтік, рухани қолдаудың нақты нәтижесі. Ұстаздарды ұлықтау – ұрпақ тәрбиесіне қосылған үлес.