ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСТЫ НАЗАРДА

Шымкент қаласының тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру жолындағы жұмыстардың бірі – қоршаған ортаның тазалығы мен экологиялық қауіпсіздікке бағытталған бастамалар. Бұл бағытта қала әкімдігі жүйелі түрде жұмыстар атқарып келеді. Соңғы уақытта көтерілген маңызды мәселелердің бірі – Абай ауданы, Ақниет шағынауданындағы Қошқар ата каналының қашыртқы жүйесінің ластануы болды.

Бұл мәселе Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтің Абай ауданы тұрғындарымен өткен кездесуі барысында көтерілді. Ақниет шағынауданының тұрғыны Б.Сырымбеттің өтініші негізінде қаланың экологиялық ахуалына тікелей әсер ететін жағдай анықталып, тиісті құрылымдар дереу әрекетке көшті. Қала әкімінің нақты тапсырмасы бойынша алдымен зерделеу және тексеру жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде Қошқар ата қашыртқы жүйесінің бастапқы бөлігінде ластану фактілері расталып, қаланың санитарлық-экологиялық талаптарына сай келмейтін жағдай тіркелді. Аталған аумақта түрлі тұрмыстық қалдықтар мен лас сулардың ағызылуы, кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі тұрғындар денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, қаланың экожүйесіне де кері әсерін тигізуі мүмкін еді. Зерттеу нәтижелері шыққаннан кейін мәселені жедел шешу мақсатында Абай ауданы әкімінің аппаратының ұйымдастыруымен, қалалық экология департаменті және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары бірлесіп, арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған шаралар барысында Қошқар ата қашыртқысы бойында орналасқан тұрғын үйлер, кәсіпкерлік нысандар және демалыс аймақтарының иелерімен жеке кездесулер ұйымдастырылып, оларға экологиялық нормалар, санитариялық талаптар және жауапкершілік туралы толыққанды ақпарат берілді.

Мамандар бұл іс-шара арқылы ластанудың алдын алу, санитарлық тәртіпті сақтау және табиғатты қорғауға деген қоғамдық сана-сезімді арттыруды көздеді. Себебі қала экологиясының жай-күйі тек билікке ғана емес, әрбір тұрғын мен кәсіпкерге де тікелей байланысты. Тұрмыстық қалдықтарды су арналарына тастау, кәріз жүйелерін заңсыз қосу немесе техникалық талаптарды елемеу – ұзақ мерзімде экологиялық апатқа әкеп соғуы мүмкін. Бұл тұрғыда қалалық құрылымдардың түсіндіру жұмыстары – болашақта мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған нақты қадам. Абай ауданы әкімдігі тарапынан берілген мәліметке сәйкес, бұл жұмыстар бір реттік шарамен шектелмейді. Қала бойынша осындай қашыртқы және кәріз жүйелерін қайта қарау, экологиялық мониторинг жүргізу, тұрғындарға экологиялық мәдениетті насихаттау жұмыстары жалғаса бермек. Бұған қоса, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті әкімшілік шаралар қарастырылатыны да айтылды. Яғни тек түсіндіру ғана емес, қажет болған жағдайда заң аясында жауапкершілік те қарастырылады. Қошқар ата арнасы – Шымкент қаласының тарихи, экологиялық әрі мәдени маңызы зор нысандарының бірі. Оның тазалығы мен қауіпсіздігі – бүкіл қаланың бет-бейнесі мен тұрғындардың денсаулығына әсер ететін фактор. Осы орайда, әкімдік тарапынан атқарылған шұғыл әрі нақты әрекеттер – тұрғындардың талап-тілегіне бейжай қарамай, оларды нақты іске айналдыра алатын тиімді басқарудың үлгісі. Тазалық пен тәртіп – тек уақытша шара емес, ол – қала мәдениетінің, қоғамның жауапкершілігінің көрсеткіші. Шымкент қаласы әкімдігінің қолға алған бұл бастамасы басқа аудандар үшін де үлгі болары сөзсіз.