ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ТІРЕГІ

19
0

Шымкент қаласында отбасылық институтты нығайту, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соның бірі әрі бірегейі – ел көлемінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Биыл аталмыш байқау «Мерейлі отбасы – 2025» атауымен жалғасын тауып отыр. Қазіргі таңда Шымкентте байқаудың қалалық кезеңі өтуде.

Осыған орай жақында қалалық комиссияның отырысы өтіп, оған қоғам белсенділері, мәдениет және білім саласының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен үкіметтік емес ұйымдар мүшелері қатысты. Жиын барысында олар байқауға ұсынылған отбасылардың құжаттарымен танысып, арнайы дайындалған бейнероликтерді қарап, үздіктерді іріктеу жұмыстарын жүргізді. Биыл Шымкент қаласынан байқаудың қалалық кезеңіне әр ауданнан 4 отбасыдан, жалпы 20 отбасы іріктелген. Аталған отбасылар еңбек, спорт, ғылым, өнер, шығармашылық, зияткерлік, қоғамдық қызмет және волонтерлік бағыттарда белсенділік танытып, өздерінің өмірлік ұстанымымен ерекшеленіп отыр. Арасында көпбалалы отбасылар, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, еңбек ардагерлері, шығармашылық және зиялы әулеттер, қайырымдылықпен айналысатын жанұялар, қоғамдық өмірге белсенді араласатын отбасылар бар. Бұл – байқау тек формалды шара емес, шын мәнінде қоғамдық құндылықтарды жаңғыртатын, үлгілі өмір салтын ұлықтайтын рухани платформаға айналғанының айғағы.

«Мерейлі отбасы» байқауының басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Сонымен бірге некенің жауапты институт екенін мойындату, қазақстандық отбасының оң имиджін қалыптастыру, кәмелетке толған балалардың қарт ата-анасына қамқор болу дәстүрін сақтау, жастарға үлгі боларлық отбасыларды ел алдында насихаттау – байқаудың басты ұстанымдары болып табылады. 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл байқау бүгінде ел арасында кең қолдауға ие. Ол қоғамдағы отбасылық тұрақтылық пен рухани бірлікке негізделген мемлекетшіл көзқарасты қалыптастыруға үлкен үлес қосып отыр. Қалалық комиссия шешімімен үздік деп танылған отбасы республикалық кезеңге жолдама алады. Ол жерде еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты отбасылармен бірге ел намысын қорғап, ұлттық аренада бақ сынайды. Ал қалалық кезеңнің салтанатты марапаттау рәсімі тамыз айында өткізіледі. Бұл шара – қоғам назарына үлгілі отбасыларды ұсыну арқылы олардың еңбегін, бірлігін, өзара сыйластығын елге үлгі етуге арналған маңызды оқиға болмақ.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – отбасылық құндылықтарды сақтап қалуға бағытталған елдік маңызы бар жоба. Елдің тірегі – отбасы. Отбасы мықты болса, қоғам да, мемлекет те қуатты болады. Шымкент қаласының тұрғындары бұл байқауға жыл сайын белсенді қатысып, өзінің рухани әлеуетін дәлелдеп келеді. Осы арқылы шаһар тұрғындары бірлік, еңбекқорлық, мейірім мен жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіруге атсалысуда. «Мерейлі отбасы» – тек байқау емес, қазақы құндылықтарды сақтаудың, жаңғыртудың және насихаттаудың ұлттық тұғыры.