КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

33
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде жергілікті басқару жүйесінің жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертіп келеді. Бұл қағидат азаматтардың арыз-шағымдарына жай құлақ асып қана қоймай, оны нақты шешуге бағытталған жауапкершілік пен ашықтықты талап етеді. Шымкент қаласының Тұран ауданында осы ұстаным нақты әрекетке айналуда.

Оның жарқын көрінісі — «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен тұрғындарды жеке қабылдау іс-шарасы. Қабылдауды Тұран ауданы әкімінің орынбасары Асылжан Дәулетұлы жүргізіп, тұрғындардың жеке өтініштері мен мәселелерін тыңдады. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың көтерген мәселелері халықтың нақты өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін бағыттар болды. Атап айтқанда, жол сапасы, жарықтандыру, кәріз жүйелеріне, жеке меншікке рәсімдеу, шекара дауларына, су, газ, электр жарығы мен төлемдерге, қаржылық қиындықтар мен әлеуметтік көмекке қатысты өтініштер айтылды.  Бұл — халықтың ең жиі кездесетін және әлеуметтік тұрғыдан маңызға ие мәселелері. Әкім орынбасары әрбір азаматтың өтінішін жеке тыңдап, мүмкіндігінше сол жерде нақты шешім қабылдауға тырысты. Қабылдау барысында бірқатар өтініштерге жауапты мамандар арқылы сол жерде нақты шешімдер қабылданды. Бұл – әкімдік аппаратының азаматтарға қолжетімді, жедел әрі тиімді қызмет көрсетуге ұмтылып отырғанының белгісі. Күрделі әрі уақытты қажет ететін мәселелер бойынша бақылау тетігі іске қосылды. Асылжан Дәулетұлы жауапты бөлім мамандарымен ақылдасып, әрбір арыз иесіне нақты жауап беру тапсырмасын жүктеді. Сонымен қатар бірқатар өтініштерге қатысты алдағы уақытта оң шешім қабылданатыны жөнінде тұрғындарға түсіндірме берілді.

Қоғамдық қабылдауға Тұран аудандық әкімдігінің тиісті сала қызметкерлері де қатысып, кейбір сұрақтар бойынша жергілікті жерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл әкімдік пен партия арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижесі. Партия мен билік өкілдерінің бірлесе жұмыс істеуі әрбір өтініштің ұмыт қалмай, жүйелі түрде қаралатынын және орындалу барысының бақылауда болатынын көрсетеді. Мұндай қабылдаулардың тиімділігі – тек нақты шешімдермен шектелмей, тұрғын мен билік арасындағы ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуына жол ашуында. Адамдар өздерін тыңдайтын, түсінетін, мәселесін шешуге ұмтылатын билік бар екенін сезінгенде, олар ел өміріне белсенді араласып, ортақ жауапкершілікті бөлісе бастайды. Тұран ауданы әкімінің орынбасары Асылжан Дәулетұлы өткізген қоғамдық қабылдау — жергілікті биліктің халыққа жақын екенін, әрбір тұрғынның мәселесін шешуге ұмтылатынын көрсететін нақты әрекет. Қабылдау барысында айтылған барлық өтініштер партия мен әкімдік тарапынан бақылауға алынып, нәтижелі жұмысқа жол ашты. Осындай жүйелі кездесулер – қала мен аудан әкімдіктері жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді. Бұл —   Қазақстанның заманауи, әділетті және азаматтық қоғам құру жолындағы нақты қадамы.