ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕРДІ КӨТЕРДІ

57
0

Азаматтардың талап-тілегін тыңдап, билік пен халық арасында нақты диалог орнату – заманауи қоғамның басты сұраныстарының бірі. Осы тұрғыда «AMANAT» партиясы ел көлемінде жүйелі түрде ұйымдастырып келе жатқан қоғамдық қабылдаулар халық үніне шынайы құлақ асып, нақты шешім ұсынуға бағытталған маңызды құралға айналды. Жуырда Абай аудандық филиалы да осы бағытта белсенділік танытып, тұрғындардың қатысуымен кезекті қабылдау өткізді.

Абай аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы жүргізген қоғамдық қабылдауға келген азаматтар тарапынан көтерілген мәселелер – бүгінгі қоғамның нақты күн тәртібін көрсетіп берді. Қабылдауда халық бірнеше маңызды салаға қатысты сауалдарын жолдады. Олардың ішінде жұмыспен қамту, жол қауіпсіздігі, әлеуметтік көмек, тұрғын үй сынды өзекті түйткілдер бар.  Бұл сұрақтардың әрқайсысы белгілі бір әлеуметтік топтың немесе ауданның нақты проблемасын білдіреді. Сонымен қатар, олардың жиі қайталануы бұл салаларда жүйелі өзгерістер мен ұзақмерзімді шешімдердің қажеттілігін көрсетеді. Қоғамдық қабылдау барысында Әбдез Рахманұлы әрбір тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, заң аясында кеңес беріп, тиісті сала басшыларына хабар берілетінін атап өтті. Бұл, бір жағынан, партияның өз азаматтарына деген жауапкершілігін, екінші жағынан, әкімшілік құрылымдармен өзара байланысының бар екенін білдіреді. Қабылдау кезінде тұрғындардың сұрақтары бір ғана партиялық өкілмен шектелмей, сол мәселеге жауапты нақты мемлекеттік мекемелерге жеткізіліп, бақылауға алынуы – қоғамдық қабылдаудың нәтижелілігін арттыратын фактор. Бұл – партияның тұрғындарға уәде беріп қана қоймай, олардың орындалуына ықпал ететінін көрсетеді.

«AMANAT» партиясы қолға алған қоғамдық қабылдаулар бүгінде тек тыңдаудың ғана емес, нақты шешім қабылдаудың платформасына айналып келеді. Тұрғындар тарапынан ұсынылған бастамалар мен өтініштерді тікелей партия өкілдерінің қабылдауы – партияның қоғаммен байланысын нығайтып, сенімділігін арттыратын маңызды қадам. Абай ауданындағы қабылдауда көтерілген «лежачий полицейский» орнату сияқты шағын, бірақ өзекті ұсыныстар – халықтың күнделікті өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты талаптар. Бұл – азаматтық сана мен жергілікті басқаруға қатысу мәдениетінің артқанын білдіреді. Қоғамдық қабылдаудың басты миссиясы – азаматтардың үніне құлақ асып қана қоймай, олардың сұрағына жауап тауып, шешім ұсыну. Абай ауданында өткен қабылдау осы талаптарға сай ұйымдастырылып, тұрғындардың нақты мәселелері көтеріліп, алғашқы қадамдар жасалды. Ендігі маңызды кезең – бұл мәселелердің шешілу барысын бақылауда ұстап, тұрғындарға уақтылы кері байланыс ұсыну.