«АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» ШЫМКЕНТТЕ БАСҚОСТЫ

39
0

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының «Біз біргеміз» атты достық лагері өтті. Бұл іс-шараға еліміздің әр аймағынан келген белсенді жастар қатысып, ортақ мақсат – бірлік пен ынтымақты нығайту төңірегінде бас қосты. Екі күнге созылған лагерьдің негізгі мақсаты – жастар арасында жалпыұлттық бірлік құндылықтарын дәріптеу, патриоттық рухты күшейту және Мемлекет басшысының жастарды әлеуметтік кеселдерден қорғау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру болды.

Лагерь Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Ассамблея жастары» ұйымының ұйымдастыруымен «Красные скалы» демалыс аймағында өтті. Мұндай бастаманың ерекшелігі – жастарды бейресми жағдайда біріктіріп, олардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беруінде. Қатысушылардың кәсіби дамуына да баса назар аударылды. Team Coaching, Career Coaching, Relationship Coaching, құқықтық сауаттылық және Life Coaching бағыттары бойынша тәжірибелі мамандар дәрістер оқып, заманауи әдістемелермен бөлісті. Спикерлер қатарында «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, «AMANAT» партиясының ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаменті директорының орынбасары Жандос Қалтаев, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Нариман Базарбаев, пікірсайысшы әрі жаттықтырушы Алмас Толықбаев, кәсіби профориентатор Сейдулла Исмаил болды. Олар жастарға құқықтық мәдениет, кәсіби бағдар, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, қоғамдағы белсенді азамат болу жайлы мазмұнды ойлар айтты. Лагерь аясында жастар Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, жауынгерлік самбодан үш дүркін әлем чемпионы Арман Оспановпен жүздесті. Белгілі спортшы өзінің жетістікке жету жолын әңгімелеп, салауатты өмір салтының артықшылықтарын түсіндірді. Оның айтуынша, спорт – тек дене шынықтыру емес, адамды рухани тұрғыдан да шыңдайтын, тәртіпке үйрететін мектеп. Бұл кездесу жастарға үлкен мотивация берді.

Достық лагерінде тек дәрістер ғана емес, жастардың бірлігін арттыратын түрлі ойындар, спорттық жарыстар, өнер сайыстары да ұйымдастырылды. Бампербол, топтық жұмыстар және шығармашылық байқаулар қатысушылардың командалық рухын көтеріп, өзара қарым-қатынасын нығайтуға ықпал етті. Осылайша лагерь тек білім беретін алаң ғана емес, достық пен ынтымақтың символына айналды. «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің басты міндеті – Қазақстан халқының қоғамдық келісімі мен жалпыұлттық бірлігін нығайтуға жастарды тарту. Ұйым жастардың бастамаларын қолдап, әлеуметтік белсенділігін дамытуға, мәдени-ағартушылық іс-шараларды жүзеге асыруға айрықша мән береді. Сондай-ақ, жастарды мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру, оны этносаралық қатынас тілі ретінде насихаттау да бірлестіктің басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұдан бөлек, жастардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру, этносаралық және мәдениетаралық диалогқа қатыстыру, патриоттық құндылықтарды дәріптеу – лагерь аясында көтерілген өзекті тақырыптардың бірі. Волонтерлік пен қайырымдылықты дамытуға жағдай жасау да жастар қозғалысының басты бағыты саналады. Жалпы, Шымкенттегі «Біз біргеміз» лагері – Қазақстандағы көпэтносты қоғамның болашағы саналатын жастарды біріктіретін ерекше алаң болды. Бұл бастама олардың кәсіби дамуына, рухани қалыптасуына, елдік мүдде жолында ортақ жауапкершілік сезімін күшейтуіне ықпал етті. Ең бастысы, лагерь жастарға бірліктің, достықтың және патриотизмнің өміршең құндылықтар екенін тағы бір мәрте ұғындырды.