Ұйыққа батқан ұры
Қазақстанның құқық қорғау органдары елімізде басшылық қызмет тізгінін ұстап тұрған кездерінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар жасаған атышулы Виктор Храпунов пен басқа да осындай тұлғаларға қатысты қылмыстық істерді тергеуді одан әрі жалғастырып жатыр.
Швейцария прокурорлары кезінде Алматы қаласын билеп тұрған шағында «үріп ішіп, шайқап төккенімен» қоймай, елдің қыруар байлығын ұрлық жолымен шетелге асырып үлгерген «миллионердің» ісін ақырына дейін апаруға мүдделі болып отырған қалып танытады. Олар ерлі-зайыпты Виктор және Ләйла Храпуновтардың шоттарын жауып қана қоя салмай, олардың ақша жымқырғаны жөніндегі деректерін де мұқият тексеріп жатыр. Әлбетте, Храпунов мырза болса, өзіне тағылған айыптың бәрін әлі күнге дейін қолынан келгенінше жоққа шығаруға тырысып бағуда.
Бүгінде өтірік айтудан ертедегі Тазша баланың өзін жарты жолда қалдырып кететіні белгілі болған Храпуновтың мұндай мәні қашқан «әләулайларына» қазір Швейцарияның мерзімді басылымдары да сенбей отыр. Альпі тауының бетін алып жатқан елдің бұқаралық ақпарат құралдары бүгіндері онсыз шықпайтын болыпты.
Мұндағы газеттердің барлығы дерлік Виктор Вячеславович туралы күніне бір рет ләм айтып өтуді өздерінің парызы санап алған сияқты. Оларда оңды-солды сұхбат беруге де төселіп қалған оның сөздеріне газет тілшілері де, оқырман қауым да миығынан күліп қарайтын күнге жеткен. Себебі , «өтірікшінің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін мұндағылар да сезіп жүр.
Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп айтатын Виктор Храпуновтың «тым таза емес» екенін осындай француз тілді «Лягэфи» басылымы өткен күзден бері бір емес, бірнеше рет әшкерелеп үлгерді. Мұны іле-шала Женеваның РТС деп аталатын телеарнасы қағып алып кетті. Ондағы журналистердің мәліметі бойынша, Храпунов әйелімен екеуі Қазақстаннан лас жолмен алынған ақшаларды жымқырып кеткендері үшін айыпталуда.
Қазақстан құқық қорғау органдарынан да, Швецария әділет жүйесінен де жеңіліп болды. Оның ендігі күні «суға кеткен тал қармайдының» кері. Ал өзі түскен сол судың иірімінен оның шыға қоюы енді екіталай. Жарты әлемді шулатқан Храпуновтың кескіні қазір ұйыққа батқан ұрының кейпін келтірді. Демек, оның заң жүзінде жаза алатын шағына да тым қашық қалған жоқ.
Руслан ИГІЛІК.