ГАЗ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕКЕМЕСІНДЕ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Елімізде әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – еңбек адамына құрмет көрсету, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау. Бұл тұрғыда кәсіподақ ұйымдарының атқарып отырған рөлі ерекше. Әсіресе еңбек ұжымдарымен тығыз байланыста болып, олардың мәселесін дер кезінде шешу – кәсіподақ қызметінің ең маңызды қырларының бірі. Соның жарқын мысалы ретінде Шымкент қаласында «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткен кездесуді атап өтуге болады.

Бұл жолы «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының қарамағындағы “Шымкент қаласының газ техникалық қызметі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің еңбек ұжымымен кездесті. Мекеменің кәсіподақ төрағасы Берік Дүйсеновпен бірге ол жұмысшылардың қал-жағдайын біліп, пікірлерін тыңдап, ашық сұхбат құрды. Кездесу барысында негізгі тақырып еңбек қатынастары мен техника қауіпсіздігі мәселелері болды. Газ-техникалық қызмет саласында еңбек ететін қызметкерлер үшін қауіпсіздік талаптарын сақтау – бірінші кезектегі міндет. Өйткені бұл саладағы кез келген қателік тек еңбеккердің ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан кәсіподақ төрағасы еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстанудың маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, кәсіподақтар қызметінің 2025-2030 жылдарға арналған бағдарламасы таныстырылып, оның негізгі бағыттары түсіндірілді. Бағдарламада еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту, құқықтық сауаттылығын арттыру, жұмыс орындарындағы жағдайды жақсарту сынды маңызды міндеттер қамтылған. Жиынның тағы бір маңызды бөлігі – марапаттау рәсімі болды. Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай, бірқатар қызметкерлердің еңбегі кәсіподақ тарапынан еленіп, арнайы наградалармен марапатталды. Мәселен, мекеме басшысы Айдар Бұралқиев «Еңбек озаты» төсбелгісіне ие болды. Бұл марапат – басқару ісінде де, ұжымның ұйымшылдығын арттыруда да сіңірген еңбектің нәтижесі. Сондай-ақ, мекеме инспекторы Молдабек Серікбаев «Құрмет грамотасымен», ал инспектор Ақжігіт Қанаев «Алғыс хатпен» марапатталды. Бұл марапаттар қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен еңбекқорлығын мойындаудың көрінісі.

Кәсіподақтың мұндай шаралары тек марапаттау рәсімімен шектелмейді. Ең бастысы – еңбеккерлердің пікірін тыңдап, олардың ұсыныс-тілектерін назарға алу. Осындай кездесулер ұжым ішіндегі ынтымақ пен бірлікті күшейтіп, еңбекке деген құлшынысты арттырады. Бұл ретте, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы еңбек адамын орталық орынға шығарып, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлуге бағытталған маңызды қадам болып отыр. Шымкент қаласында өткен бұл кездесу еңбек адамына деген құрметтің тағы бір дәлелі болды. Газ-техникалық қызмет сияқты күрделі әрі жауапты салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегін бағалау – қоғам тұрақтылығының кепілі. Кәсіподақ ұйымдарының осындай бастамалары алдағы уақытта да жалғасып, еңбек адамының мәртебесін арттыруға зор үлес қосары сөзсіз.