«Ел мүддесі бәрінен биік тұруы тиіс»

410
0
Жамбыл-Байгонов

Жамбыл БАЙҒОНОВ, Шымкент қаласы, Абай ауданының әкімі:

«Мейірім мен шуағы бет жүзінен төгіліп тұр». Бұны халық азаматына шын риза болғанда айтатын мақтау сөз, әділ баға екендігін білеміз. Қарапайым әрі көпшіл, бауырмашыл да қамқор, кісінің көңілін қалдырғысы келмейтін, бұл дүниені адамгершіліктің адал қасиетімен өлшейтін жанды халық та таниды, жандарына  жақын тұтқысы келеді. Жақында Жамбыл Байғонов деген азаматпен танысып, пікірлестім. Қанша әкімді көріп жүрсем де ешбіріне ұқсамайды, кісілігінен кішілігі басым. Қатып қалған қалпы жоқ, ашық-жарқын, менменсінген мінін байқамадым. Байғоновпен болған әңгіме барысында оның бет  жүзінен  халық  айтатын  төгіліп тұрған мейірім мен шуақты  анық аңғардым. Қызмет  бөлмесі де қарапайым, қайсыбір ауыл әкімдері отыратын жерге қарағанда анағұрлым жұпыны. Бұл да болса, азаматтың қарапайымдылығы мен дүниеге аса қызықпайтындығын көрсетсе керек-ті. Сұхбатымыз  да ресми тұрғыда емес, бұрыннан таныс-біліс жандардай, ашық-жарқын өтті.

— Бұрын сыртыңыздан көп естігенімізбен, жүзбе-жүз кездесудің сәті  түспеген екен. Өзіңіз жөнінде аз-кем мағлұмат беріп, қайда туып- өскеніңіз, еңбекке қашан араласқаныңыз, отбасыңыз жөнінде біле отырсақ деген ниетіміз бар.
— Мен өз басым басылымдарға сұхбат беріп, «ананы істедім, мынаны тындырдым» дейтіндей мақтангершілікке барғанды қаламаушы едім. «Түсі игіден түңілме» деген бар ғой, меселіңізді қайтырғым келмегені,- түсіңіз жылы, әрі түйдей құрдас екенбіз. Сауалдарыңызға шамам келгенше жауап беруге тырысып көрейін.
1959 жылғы қыркүйек айының 26-ы күні ОҚО, Бәйдібек ауданы, Жамбыл ауылындағы қызметкерлер отбасында дүниеге келіппін. Әкем Шырақбай жоғары білімді, елдегі саналы азаматтардың санатында болса керек. Бүгінде әкем марқұм болып кеткен. Анам Айманның көзі тірі, 78 жаста. Ол да кезінде жоғары білімді маман болған. Отбасының үлкені менмін. Менен кейінгі 5 қарындасымның барлығы үйлі-жайлы, Шымкент, Алматы, Астана қалаларында тұрады.
1964 жылы туылған  інім Қанат қарашаңырақтың иесі еді, жақында қайтыс болып, қабырғамызды қайыстырып кеткені бар. Қанша жерден қайғырып, қан жұтсақ та, қолдан келер дәрмен болмады. «Орнында бар-оңалар» дегенді көңілге медеу тұтамыз, ұл-қыздарының амандығын тілейміз.
1976 жылы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті бітірген соң өзімнің қалауыммен, ата-ананың кеңесімен  Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылығы институтына түсіп, оны 1981 жылы экономист-ұйымдастырушы мамандығы бойынша  бітіріп шықтым.  2001 жылы қосымша заңгер мамандығын алдым. Алғашқы еңбек жолым сол кездегі Алғабас ауданы, Жамбыл  атындағы совхозда еңбек ақы жөніндегі аға экономист болуымнан басталды. Мұнан соң аудандық қаржы  бөлімінің ауылшаруашылығын қаржыландыру жөніндегі аға экономист, Қазақстан ЛКЖО аудандық  комитетінің  екінші, бірінші хатшысы болдым. Ол кездегі талап пен тәртіпті білесіз, отбасыңнан бұрын мемлекет мүддесін жоғары қоятынсың. Жарым Зәмзәгүлдің мамандығы мұғалім. 4 баламыздың тәлім-тәрбиесі соның мойнында болып, жұмысымды алаңсыз атқаруға көп септігі тиді. 1990-92 жылдары аудандық партия комитетіне шақырылып, ұйымдастыру  бөлімінің нұсқаушылығына бекітілдім. Майбұлақ совхозы партия комитетінің хатшылығына жібергенде де қынжылған жоқпын, қай жерде жүрсем де еліме пайдам тисе болды дедім. Одақ ыдырады, партия тарады, тәуелсіз ел атанған тұстары аудан әкімінің орынбасары қызметіне кірістім. Қазақстандағы әлеуметтік ахуалы мүшкіл, артта қалған 30 ауданның бірі болған Алғабасты қатарға қосу қандай қиындықпен жүзеге асқанын екінің бірі біле бермес. Сол кездегі ауданды басқарған азаматтар мен елдің арқа  сүйер жанашырларының тізе қоса еңбектенген ерен істерінің нәтижесі болар, артта қалған  Алғабас қиын күндерді артқа тастап,экономикасы тұрақты, әлеуемті дамыған аймақ қатарына кірді.
— Өзіңіз  де аудан әкімі болдыңыз. Елдің   жағдайың жақсарту жолында  төрт жылыңызды сарп еткенге ұқсайсыз. Алғабас бұл кезде  Бәйдібек  атанған. Байғоновтың Бәйдібек үшін соңында айта жүрер қандай із қалдырғанын білсек.
— Мен сол өңірдің тумасы болғандықтан, елдің жағдайы, табиғи ерекшеліктері маған бес саусақтай белгілі. Қандай да бір істі  бастамас  бұрын көпті көрген, тәжірибесі мол, алдыңғы толқын ағаларымның, көнекөз қариялардың ақыл-кеңестеріне жүгіндім. Олардың көргені мен түйгені көп тәлімді істерін іс-тәжірибемде қолдандым. Зиян болған жоқ, пайдасы болмаса. Менен бұрын ауданды басқарған Амангелді Мәліков деген ағам болды. Білікті басшы болатұғын. «Айналайын Жамбыл, істеген әрбір ісіңе есеп бер, қалыптан ассаң да, халықтан аспа, Ел үшін еңбектенсең, ел де сені жақсы көреді, бауырына тартады, еңбегіңді ескереді. Бір кездері Бәйдібектей берекелі ауданды басқару бақыты саған да бұйырар, аспа, таспа. Ел мүддесін бәрінен де биікте ұста» деуші еді, марқұм Әбекең. Бүгінде менің ұстанатын басты қағидам да- осы.
Төрт жыл Бәйдібек ауданын басқарған соң, 2002 жылы ОҚО Экономика және кәсіпкерлік департаментінің  бастығы болдым. Кәсіпкерлік саласы экономикамен тікелей байланысты болғандықтан, екеуінің бір мекемеге  біріктірілгені дұрыс та болатын. Дегенмен, бұл мекемеде ұзақ бола алмадым, дәл осы жылы облыс әкімінің кеңесімен Ордабасы ауданын басқаруға келісім бердім. Бұл аудан жер көлемі жағынан да, халқының саны жағынан да шағын болғанымен, шешімін күтер әлеуметтік мәселелері шаш-етектен. Рас, халқы еңбекқор, белсенді. Диқангершілік пен мал шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Халықтың негізгі күнкөріс көзі осы екі саламен тікелей байланысты. Мұнан бөлек, орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысушылар саны анағұрлым  жоғары. Тоғыз жолдың торабы болғандықтан, халыққа қызмет көрсету орталықтары, қоғамдық тамақтандыру орындары, техникалық қызмет түрлері, сауда-саттық жанданған. Әкімдік қызметте жүрген екі жылда алдыма келген «Кәсібімді дөгелектемін, маған көмек  керек» деген жанның меселін қайтармадым, қолымнан келгенше қолдау көрсетуге тырыстым. Аудан орталығының көрікті де, талапқа сай болуына назар аудардым. 2004  -2007 жылдары Сарағаш ауданын басқарғанымда да ауданның экономикалық дамуынан бөлек, халықтың әлеуметтік мұқтаждықтарының шешілу жолдарын көбірек іздестірдім. Шекаралы аймақ болғандықтан, Сарағаштың өзге де ерекшеліктері, қолбайлау болар тұстары болды. Әсіресе, табиғат апатынан зардап шегу оқиғалары жиі болып тұрады. Оқиғаның орын алғанынан, алдын алу мәселелеріне көбірек мән бердім.Мұнан соң, ОҚО әкімі аппараты шаруашылық басқармасының директоры қызметтерін атқарғанымда елдің  ортасында болмасам да, бақылауда ұстағаным рас. Бәрібір, елдің  жағдайына алаңдамай, тұра алмайды екенсің.
— Облыс әкімі Асқар Исабекұлы сізге сенім білдіріп, Шымкент қаласындағы шуы көп Абай ауданын басқаруға қойды. Келдіңіз, көрдіңіз. Өзге аудандарға қарағанда, мұндағы қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?
— Иә, 2011 жылы тамызда  Абай ауданының әкімі қызметіне кірістім. Ерекшелік те, өзгешілік те көп. Халқының  саны 242 мың адамды құрайтын ауданда шешімін күтер мәселелер жетерлік. Оның үстіне, алдағы  уақытта Абай ауданының аумағына Сайрам ауданынан 11798 халқы бар 5 елді мекен, Ордабасы ауданынан 3059 тұрғынымен 3 елді мекен, Төлеби ауданынан 3191 халқымен Ақжар  ауылы қосылуы жоспарлап отыр. Сонда ауданның халқымен қатар, жер көлемі де ұлғаятын болады.  Демек, әлеуметтік  мәселенің де арта түсері даусыз.
Қаланың іші болған соң, келеңсіз көріністер де көп болатындығы ақиқат. Соның бірі ретінде ретсіз сауда орындарын тәртіпке келтіруімізді  айтсақ. Мәселен, «Колос» аялдамасындағы, «Жаңа шаһар» базары алдындағы, « Қапланбек» жабық сауда  базарлары аумағындағы, «Нұрлы жол» базары төңірегіндегі 47 ретсіз сауда орындарын жабуымызға тура келді. Бұл санитарлық талапқа сәйкес келмеуінен бөлек, қала көркінің көрінісін бұзатыны анық.  Түсіністік негізде мұны бір ретке келтіріп алған соң,  Кремль көшесі бойындағы  үй жануарларын сататын базарға арнайы орын беріліп, жан-жағы қоршалды, талапқа сай ретке келтірілді. Бұл орын да біраздан бері жергілікті тұрғындардың көңілдерінен шықпай, реніштерін тудырып жүрген болатын. Сонан кейін, заңсыз орнатылған жарнама тақтайшалары алынды, күл-қоқыс салуға арналған контейнер алаңшалары ретке келді, тозығы жеткендері  жаңартылды.
Бадам, Қошқар ата, Қарасу өзендері қоқыстан тазартылды, төңірегіне көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Абай, Металлург саябақтары көпшілік демалатындай, көңіл көтеретіндей мәдени орындарға лайықталды. Аудан бойынша 424 көпқабатты тұрғын үй бар. Әр үйдің тазалығы мен төңірегінің көріктендірілуі тұрғысында тұрғындарға үзбей түсінік жұмыстарын жүргізуіміздің арқасында бұл әрекетіміз де нәтижелі аяқталды. Аудан аумағындағы Шұғыла, Қазығұрт, Қызылжар, Ақжайық, Самал-3, Достық, Ақтас, Ынтымақ-2 Солтүстік-Батыс елді мекендеріндегі әлеуметтік мәселелер тұрғындарды талай мазалап келсе, рет-ретімен  шешілу жолдары қарастырылып отыр. Бұл шағынаудандардағы 85,419 шақырымды құрайтын 107 көшеге шағал тас төселді. Биылғы жылы асфальт төсеу  жоспарлануда. Ақжайық, Достық-2, Солтүстік-Батыс шағынаудандарына  қаржы бөлініп, электр жүйелерінің құрылыстары жүрді. Самал-3, Ақтас шағынаудандарында құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Аталмыш елді мекендерді «көгілдір отынмен», ауызсумен қамтамассыз ету мақсатында облыстық бюджеттен қомақты қаржы қаралып, бұл бағытта да құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Үстіміздегі жылдың жоспарында аудан аумағындағы  инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымсыз салынған  шағынаудандарға   инфрақұрылым жүргізу мақсатында қажетті қаржының  көлемін анықтау, қаржыландыру мәселесі тұр. Су, газ құбырларының және электр жүйелерінің құрылысы бойынша жобалық –сметалық құжаттарды әзірлеп, дайын құжаттар бойынша құрылыстарды қаржыландыруға ұсыныстар берсек дейміз.
— Шағын сұхбатымызда ауданың барлық саласын қамту мүмкін емесі анық. Солай болса да, шағын және орта кәсіпкерлік туралы  сұрамауымызға болмас. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, бұл сала тікелей экономикаға қатысты. Ал экономика дамымай, әлеуметтік мәселеміздің шешілуі екіталай.
— Келісемін. Кейде халықтың өз белсенділігі болмаса да, істің ілгері жылжуы екіталай екендігі  шындық. Осы орайда аудан халқының  жайбарақаттыққа салынбай, тынбай еңбектенетіндіктеріне қызығамын. Тоқтап тұрған  өндірістерді іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашып жатқан кәсіпкерлер, көкөніс өсіріп, бау-бақша өнімдерінен табыс тауып отырған диқандарымыз, үйлерінде құс өсіріп, мал бағып жатқан азаматтар нағыз нарық заманына  бейімделіп, өзі үшін де, өзгелер үшін де еңбектеніп бағуда. Бүгінде аудан бойынша жұмыс істеп тұрған 13739 бизнес  субъектілері бар.Олардың шығарған өнімдері 37744 миллион теңгені құрап, 28781 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өткен жылы «Zero Max KZ» зауыты іске қосылып, жылыжайға арналған мырыш құбырларын шығаруда.  Әлемдік жоспарға сәйкес, дамыған елдерде егіншілік шаруашылығы жабық жылыжайларға ауысуы қаралған. Жылыжай өндірісі  ауа-райы және климаттың қолайлығына қарамастан, тәуелсіздікті қамтамасыз етуде әрі алынатын өнімді бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыс орындарының көбірек ашылуына ұйытқы болып жүрген кәсіпкерлеріміздің арқасында жұмыссыздық та азайып келеді. Аудан аумағындағы 766 сауда дүкендері мен орталықтар, 328 қоғамдық тамақтандыру орындары, 13 базар мен сауда қатарларына 6 мыңнан астам  адам жұмысқа қамтылған әрі бюджетке қомақты қаржы түсіреді. Экономикамыз шүкір, жақсарып келеді ғой, соған орай әлеуметтік  мәселелеріміз де бірте-бірте жақсарары анық.
— Сіз ғой, Бәйдібек, Сарыағаш, Ордабасы аудандары мен Түркістан қаласының құрметті азаматысыз. Ел алдында сіңірген еңбектеріңізге берілген тағы қандай мемлекеттік наградаларыңыз бар?
— Тумысымнан атақтан гөрі абыройды көбірек ойлаймын. Абыроймен бірге атақ та керек шығар, дегенмен мен атақты емес, атақтың  өзі мені іздесе амалым нешік. Азды-көпті еңбегімді ескерген халыққа рахмет. Бір кездері кеудеме «Құрмет» ордені тағылғанда қандай толқығаным әлі есте. Бұл құрметтің үдесінен шығу үшін өзіме қандай сенім артылғанын түсіндім. Әр жылдары алған мерекелік  медальдар қатарында «Тыңға 50 жыл» «Ұлы Отан соғысына 60 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан республикасына 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» және «15 лет вывода советских войск из ДРА» марапаттары бар.
— Өткенде бір басылым бетінен өзіңізге қатысты даулы оқиға жөнінде мақала оқып қалдым. Бұл тұрғыда не айтасыз?
— «Байғонов біреуден қарыз алып, қайтармай жүр екен» деген негізсіз әңгіме болар? Рас, біраз аяқтан шалушылық әрекеттер болды. Оқиғаға құқық қорғау органдары араласып, жала жабушылардың ниеттері жүзеге аспады. Менің кінәсіз екенімді, ешкімге қарыз емесімді сот дәлелдеп берді. Бұған басқа қосып-аларым жоқ.
— Әкімдер  де кітап оқып, мешітке барып тұратын шығар?
— Мен  де мұсылманның бір баласы ретінде әділ іс істеуге, таза  жүріп-тұруға, жетім-жесірге  жәрдемдесуге, басқа да иманды істерді атқаруға ден қоямын. Бес уақыт намаз  оқымасам да, мешітке барып тұрамын. Өмірден өткендерге салауат айтып жүремін,қолымнан келгенше міскін жандарға қайыр, садақа беруге тырысамын. Күнделікті басылымдардан бөлек, әдеби, тарихи кітаптарды оқимын. Өзімнің жерлес ағам Еркінбек Тұрысовтың тарихи дүниелерін тұщынып оқитынның бірі менмін.
— Жамбыл Шырақбайұлы, әсерлі әңгімеңіз үшін алғыс айта отырып, алдағы күндеріңізге сәттілік, еңбегіңізге жеміс тілейміз. Жақсы істердің басында жолығуға жазсын.
— Рақмет!

Сұхбаттасқан Ердәулет СҰЛТАН.

Сіз не дейсіз?

Ұласбек СӘДІБЕКОВ,

Ұласбек СӘДІБЕКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Жамбыл Байғонов өзіндік ұстанымы бар, талапшыл да, тәжірибелі басшы, ардақ тұтар азаматтарымыздың бірі. Ол өзінің елі үшін, халықтың игілігі үшін жастық жалынын, күш-қайратын жұмсады. Еселі  еңбегін ел экономикасының  дамуына арнады. Қай жерде, қандай қызметке  жүрмесін, Жамбыл Шырақбайұлы жеке басынан гөрі көптің мүддесін  жоғары қойды. Тумысынан сенгіш, бала көңілді Жәкең аузын ашса жүрегі көрінетіннің нағыз өзі. Қиянаттың ауылынан алыс жүретін, абырой  мен арды ойлайтын, көптің құрметінен  кенде емес, ағайын-туысқа  бауырмал ол кісінің кез-келген сауапты істің басы-қасында жүретінін де білемін. Жалпы, Жамбыл Байғонов жөнінде пікірім де, ниетім де түзу.

Сіз не дейсіз?

abildabek

Әбілдабек ШАРДАРБЕКОВ,
Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері:

— Жамбыл Байғоновтың балалық шағы да, еңбекке араласқан қалыптасу  кезеңдері де көз алдымда өтті. Қанша  айтқанмен, текті әулеттің ұрпағы емес пе? Еліне елеулі, халқына қалаулы атанған ата-аналарының аттарына  кір келтірмеді, аманатқа адалдық таныта білді. Бүгінде биліктің биік баспалдақтарында жүрген қайсыбір азаматтар болып, толған соң төркінін танымай кетіп жататыны өтірік емес қой. Жамбыл ондайлардың санатынан емес, туған жерге  туын тігіп жүргендердің қатарында. Еңбекке ерте араласқандығынан болар, істің тетігін, көптің көкейіндегісін тап  баса  біледі. Небәрі  21  жасында үлкен шаруашылықтың аға  экономисті болып еңбек жолын бастағанда-ақ «осы баладан түбінде ел басқаратын азамат шығары анық» деп болжағанмын. 40 жасқа жетпей ауданды басқарғанда болжамымның шындыққа айналғанына көз жеткізгенмін.

Сіз не дейсіз?

kainazarov

Уәлихан ҚАЙНАЗАРОВ, Сайрам ауданының әкімі:

— Екеуміздің  қалыптасуымыз да, еңбек жолымыз да ұқсас. Оның үстіне бір жылғы тумаларымыз, түйдей құрдастығымыз бар. Кезінде комсомолда да бірге жүрдік, тізе қоса еңбектендік. Жамбыл маған қарағанда ашық- жарқындау, көпшілікпен тез тіл табысып  кетеді. Мен тұйықтаумын. Оның бауырмалдығында шек жоқ, үлкенмен де, кішімен де араласа береді. Шаңырақтың үлкені болғандықтан ба, өзінен кейінгі іні-қарындастарының жағдайын көп ойлайтын. Кеңес кезіндегі мыңғыраған малы бар Алғабастай ауданның  ыстығына күйіп, суығына тоңып, әбден шыңдалған Жамбыл Шырақбайұлы  төрт ауданды  басқарыпты. Артынан ешбір жаман сөз ілескен жоқ, іскерлігін, елге деген адалдығын таныта білді. Адал еңбегінің  арқасында бірнеше үкіметтік наградаларға ие болды. Бұл –азаматқа берілген әділ баға, шынайы құрмет.