«ТРАКТОРИСТ» БАҒЫМДЫ АШҚАН ӘН»

223
0

Тракторист әнімен танылған Арман Әлиевтің бүгінде қызықты әрі күрделі өнердің ордасы – «Оңтүстік-циркті» басқарып жүргеніне екі жылдың жүзі болып қалыпты. Осы қысқа ғана уақыт аралығында ол Оңтүстіктегі цирктің өрлеуіне өзіндік үлес қосып, қолынан іс келетін басшы екенін дәлелдей алды. Соңғы жылдары өнерлі ортадағы өрісті кеңейтетін өзгерістердің орын алуы соған дәлел. Биылғы Астана күні қарсаңында ұйымдастырылған «Азия жаңғырығы» атты әлемнің сегіз мемлекеті қатысқан халықаралық цирк фестивалінде Оңтүстік ұжымы екінші орынды олжалап, үшінші орынды місе тұтқан Голландия, Эфиопия сынды елдерден оза щауып өз деңгейін танытты. «Оңтүстік-цирктің» осы және өзге де жетістіктерін бөлісу үшін оның директоры Арман ӘЛИЕВПЕН тілдесіп қайтқан болатынбыз.

—Арман Махмұтұлы, Сізді қалың оқырман, көпшілік қауым «Тракторист» әні арқылы танығаны белгілі. Ол әннің бейнебаянында Сіз қазақтың қарапайым қара домалақ баласы болып рөл сомдағансыз. Содан болса керек, «Оңтүстік-циркке» басшы болғаныңызда актер екеніңізден бейхабар көпшілік «ауылда трактор айдайтын бала, мұндай жауапты жұмысты қалай жүргізеді екен?» деп таңырқаған болатын…

—Бұл әнде мен тракторист болғаныммен, шын өмірде басқа кәсіптің маманымын. Менің мамандығым режиссура және актерлық өнер болып табылады. Қазіргі атқарып жүрген жұмысымның өз мамандығыммен байланысы өте көп. Ал көрерменнің мені тракторист деп атап кетуі ол бейнебаянда тракторшының образын шынайы көрсете білуімнен деп түсінемін. Актерлық өнердің сиқыры да осында ғой.

—Басшылыққа келгеніңізге екі жылдай уақыт болды. Мұндай қысқа мерзім біраз шаруаның басын қайыруға толық мүмкіндік берді ме? Жалпы директорлық қызметке келгелі бері қандай ауыз толтырып айтар жұмыстарды тындыра алдыңыз?

—«Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайды» деген бар. Бір өзім бар шаруаны атқарып тастадым деп айтудан аулақпын және ол мүмкін емес дүние. «Оңтүстік-цирк» соңғы жылдары көптеген жетістіктерге қол жеткізуде. Және онда ұжымдағы әрбір қызметкердің өзіндік үлесі бар.
Біз былтырғы және биылғы көрсеткіштерді алып қарасақ, осы жылы межеленген мақсатқа жетуде әжептеуір биіктерге қол артқанымды байқаймын. Ауыз толтырып айтар дүниеміз ол ағымдағы жылы Наурыз мерекесі қарсаңында облыстағы қуыршақ театры және балалар кітапханасымен бірге «Наурыз – думан» атты жоба ұйымдастырдық. Онда цирк өнерпаздары сахнада ертегілер елі мен ғажайыптар әлемі Наурыз мерекесін бейнеледі. Театрландырылған қойылымдар беріліп, сиқырлар көрсетілді. Бұл жастардың өнерге деген қызығушылық сезімін оятты. Көрерменнің барлығы да жоба аясында қойылған нөмірлерге дән риза болды. Ата-аналар да өнерпаздарымызға қошеметін аямады. Ұстаздар қауымы да қол шапалақтап, ыстық ықылас көрсетті. Облыстық балалар кітапханасындағы дүниелер бойынша кітап көрмесін жасадық. Мұның өзі оқушылардың рухани жан дүниесін байытуға үлкен жол ашты. Үш-төрт күнге созылған бұл жоба өте сәтті өтті деп айта аламын.
Сонымен қатар, «Азия жаңғырығы» атты халықаралық фестивальде де «Оңтүстік-цирк» өзіндік орны бар мекеме екенін тағы бір дәлелдей түсті. Бұл сайысқа біздің цирк алғаш рет 2012 жылы қатысып, үшінші орыннан көрінген болатын. Биыл күміс жүлдегер атандық. Бұның өзі – үлкен белес. Себебі әлемнің сегіз мемлекеті қатысқан бұл сайыста, кез келген қойылымды сахнаға алып шыға алмайсыз. Сахнаға алып шығатын дүниең әбден сүзгіден өткізілген, мазмұны салмақты қойылым болуы шарт. Міне сондай талаптан табылу, сыннан сүрінбеу, жүлдегер атану – кәсибіліктің көрінісі дер едім.

—Жемісті жеңістеріңіз құт әкелсін. Аға бұл өнер ордасын Сізге дейін бірнеше басшылар басқарды. Бірақ көп тұрақтамай, олар өзге қызметке кетіп ат ауыстырды. Ал Сіздің екі жыл уақыт бойына осы жерді ың-шыңсыз басқарып жүруіңіздің сыры неде?

—Маған дейінгі басшылар туралы пәлендей пікір айтудан аулақпын. Олар да бір кісідей жұмыс атқарды. Цирктің тарихын парақтасаңыз бұған анық көз жеткізуге болады. Алғаш осы қызметке келгенімде маған дос-жаран, жақын жуықтарым «Сенің орныңда болсақ, ол қызметке бармас едік» деген ойларын жасырмай айтып салды. Біз мынаған мән беруіміз керек. Цирк – бұл өнердің ішіндегі ең қиын, әрі күрделі жанр. Мәселен, театр мен кинода санаулы ғана жанр бар. Махаббат, комедия, драма дегендей. Ал циркте жанр толып жатыр. Сиқыр, сайқымазақ, жонглерлік өнер, атта ойнау, үйретушілер, отты өнер. Бұлардың өзі ішінара бірнеше түрге бөлініп жатады. Ал, оны меңгеру үшін күштілік пен ептіліктен бөлек, есепсіз тер төгу керек. Нөмірлерді дайындау үшін бір жыл уақыт кетіп жатады. Мысалы, «Азия жаңғырығына» қатысу үшін біз ол байқауға апаратын қойылымдарды табаны күректей 4-5 жыл дайындадық. Оның қыр-сыры тым күрделі. Жаттығу кезінде балалар жарақат алып жатады. Оны емдеу үшін де уақыт кетеді. Кейбірі жаттығу, қозғалыс жағынан дайын болғанмен, ерік-жігері өз деңгейінде болмауы мүмкін. Міне, біз сол жағынан да жұмыс істейміз.

—«Оңтүстік — цирктің» жұмыс жасап жатқанына биыл бес жыл толып жатыр. Осы уақыт ішінде мұндағы өнер ұжымы көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Дегенмен әлі де шешімін таппай жатқан мәселеле бар шығар?

—Біздің салада маман жетіспейді. Негізгі проблема осы. Цирк деген ғажайып әлемде өнер көрсететін мамандарды елімізде бір ғана оқу орны дайындайды. Ол Алматы қаласындағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжі. Ол жерде жыл сайын 9-10-ға жуық, кейде тіпті 7 маман ғана дайындалып шығады. Оның жартысы Алматыда қалса, қалғаны Астанаға кетеді. Бізге жол тартатындар жоқтың қасы. Сондықтан да біз цирк ашылғалы бері аудан, қалаларды аралап, дарынды өнерпаздарды іздеумен жүрміз.

—Яғни, маман тапшы ғой…

—Иә, мысалы аң үйретуші деген мамандыққа ешкім арнайы баулымайды. Біздің облыста аңдарды баптап, бағып, оған дәрі, тамағын беріп жүретін адамдар бар. Бірақ олар жануарларды сахналық қимыл-қозғалыстарға бейімдемейді. Аңдарға, жануарларға айтқаныңды үйретуді біз өзіміз қолға аламыз. Бұл оңайлықпен болатын дүние емес.
Бұдан бөлек бізге басқа қалалардан, немесе Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей сынды елдерден гастрольдік сапармен цирк мамандары келсе, тәжірибе алмасамыз. Олар осы жерге ат шалдырғаннан бастап, өзіміздің бір-екі мамандарымызды соларға қосамын. Оның несін жасырамыз. «Өнерді үйрен де жирен» деген. Әжептеуір дүниелер үйреніп алады.
Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін мекеме жанынан арнайы цирк студиясын ашсақ па деген ой бар. Ол студия цирк өнеріне ебі бар жастардың басын қосатын жер болар еді. Бірақ бұл проблема, яғни, маманның жетіспеушілігі барлық жерде, кез келген циркте кездеседі.

– Қазақ циркін дамыту үшін Сіздер өзге елдегі әріптестеріңізбен өзара тәжірибе алмасу туралы меморандумға қол қойдыңыздар. Осы жайында тарқатып айтсаңыз. Оның бізге қандай пайдасы бар?

– Бұл келісім «Оңтүстік циркпен», Қытай, Өзбекстан республикаларының цирк әртістері арасында тәжірибе алмасуды қамтамасыз ететін болады. Мұның пайдасы өте көп. Цирк – топқа, жікке, ұлтқа бөлінбеуі керек. Егер біз өзге елдермен байланыспай, осы төңіректе жүре берсек, өсу, өрлеуден қалып, көрерменді жалықтырып, цирктің маңыздылығын жоғалтып аламыз. Егер циркті дамытып, жақсы дайындалған, әлемдік сахнаға ұялмай алып шығатын қойылымдар дайындағымыз келсе, біз осындай жұмыстарды ұдайы жалғастыра беруіміз керек. Жуырда аспан асты елінен тәжірибелі маман келіп, біздің жұмысымызды тамашалады. Онымен жақын танысып, сөйлестік. Соның негізінде біздегі бір-екі өнерпазымыздың сол Қытай елінде белгілі бір уақыт аралығында тәжірибелік жұмыс істеуіне қол жеткіздік. Қазір сол елде жұмыс істеп жүрген олар көп дүниелер үйреніп келеді. Осыдан бірнеше уақыт бұрын қытайлық компания басшысы атынан менің атыма алғыс хат келіп түсті. Онда «Сіздің ұжымыңыздағы мамандар жоғары деңгейде жұмыс көрсетіп жүр. Тәртіптері де тым жақсы» деген жылы лебізді пікір жазылыпты. Марқайып қалдық.
Жалпы циркте бақталастықты ұмытып, өнер иелері өзара ынтымақты, әрі барынша тату болғаны дұрыс. Осы жерге шетелдерден гастрольдік сапармен қаншама әріптестеріміз келеді. Оларды біз міндетті түрде құшақ жая қарсы алып, қаланы аралатамыз. Шымкенттің сәулетті, сымбатты жерлеріне апарып таныстырамыз. Керісінше біз ол жерге бет алсақ, бізге де сондай ілтипат көрсетіледі. Жақында ғана Ресейге іссапармен барып, Мәскеудегі іргелі цирк мекемесіне кіріп, Қазақстанның Шымкент қаласындағы «Оңтүстік- циркінен» келдім дегенім сол еді, директоры мен режиссеры алдымнан шығып, асты-үстіме түсіп бәйек болды. Шындығында мен оларды бірінші рет көріп тұрмын. Бұл ең әуелі «Оңтүстік-циркке» көрсетілген құрмет қой.

—Енді сол Ресей, Қытай сынды елдердегі цирктермен тең дәрежеде өнер көрсету үшін «Оңтүстік-циркке» әлі қанша уақыт тер төгу керек деп ойлайсыз?

—Будапешт ұлттық циркының директоры кезінде маған «Сіздердің небәрі 4-5 жылдың ішінде осындай дәрежеге жетулеріңіздің өзі үлкен жетістік» деген еді. Бұдан биіктерден көрінетін уақыттың ауылы алыс емес екенін бағамдауға болады. Жалпы «қашан атағымыз жер жарады» — деп жорамал жасағаннан дәнеңе де болмайды. Тынбай жұмыс істеп, ерінбей еңбек ете берсек, Еуропаға да шығамыз, биіктен де көрінеміз, жетістікке де қол жеткіземіз. Ең бастысы жұмысты ерекше ықыласпен орындап, оны сүйіспеншілікпен атқару қажет.

—Аға, цирк өнерінің қызығы қандай? Ал қиындығы неде деп ойлайсыз?

—Теартрдағы ең күрделі, қиын деген бес минуттық қойылымға дайындық үшін ары кетсе бес ай уақыт кетеді. Ал циркте бір жылға созылуы мүмкін. Яғни, ерік-жігер мықты болуы керек. Нәтижеге қол жеткізу көп уақытты сарп етесің. Көптеген өнерпаздар соған шыдамдылық таныта бермейді. Кетіп қалады. Мысалы, сізге шпагатқа отыруға үйрену үшін кемі 2 ай керек. Жақсылап дайындалсаңыз жаттығудың бұл түрін осы мерзімде меңгеріп аласыз. Жәй әншейін шпагатқа екі ай кетеді. Ал сальто айналдыруға одан да көп уақытты жұмсап, ақ тер, көк терге түсесіз. Дайындықтың өзіне. Және оны күнде қайталау тағы бар. Қаншама ай бойы дайындалған өнеріңіз бар болғаны 5-10 минутқа ғана жалғасады. Міне, өнердің қиындығы осында. Ал сондай табандылықпен дайындалған қойылым көрерменнің бойына үрей, қорқыныш, таңқалу немесе күлкіге қарық қылу сынды көңіл-күй сыйлайды. Қызығы да, мәні де осында ғой.

—Облыстағы цирк өнерінің дамуына облыс әкімі тарапынан Сіздерге қандай көмек көрсетіліп жатыр?

—Күні кеше ғана біздерге екі автокөлік алып берді. Енді жылжымалы цирк алып береміз дегенді де айтып қалды. Егер бұл іске асса, нұр үстіне нұр болар еді. Жылжымалы цирк арқылы біз осы кәсіби циркты аудандарға алып барып көрермендерге ұсынатын едік. Сондай-ақ, басқа да цирк жоқ қалаларға апарып, өнерімізді паш етуге мүмкіндік туар еді. Бес жылдығымызға орай осындай қолдау мен көмекті сезініп жатырмыз. Бұдан артық қолдаудың қажеті жоқ. «Қарны ашқанға балық берме, қармақ бер» деген. Бұл қолдаудың өзі «Оңтүстік цирктің» өрге басуына жол ашады. Жалпы облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлының цирк өнерін ерекше ықыласпен тамашалайтыны мені қуантады.

—«Тракторист» әні Сізді халыққа танытты. Ал енді ашып айтыңызшы осы қызметке келуіңізге сол әннің ықпалы болды ма?

—Жұрт маған осы сұрақты жиі қояды. Иә, осы ән арқылы халық мені танып білді. Көпшілік жерде де кейбір адамдардың «Сен Арман тракторист емес пе едің?!» деп жатады. Бұған дейін жұмыс істеген жерлерімде басшылар, әріптестер «Тракторист әнін айтқан Арман осы болады. Қолынан іс келеді» деп айтып жатады ғой. Тәубә жұмысыма ешкім жаман баға беріп, қырын қараған емес. Кім біледі, тракторист болып танылмағанымда мені бұл қызметке шақырмас па еді? Ол да мүмкін ғой. Сондықтан да «Тракторист» менің бағымды ашқан ән десем де болады. Жалпы бұл әнді көпшілік әзілге айналдырып жатады. Автор да сөздерін ойнақы етіп, сатираға айналдырып жазған. Бірақ оның астарында мына өмірде көптеген ғашықтардың арасында болып жататын тағдыр баяндалған. Яғни, қыздың немесе жігіттің адал сезімді таптап, байлыққа, алдамшы дүниеге қызығып, махаббатқа берік болмай, сауық-сайран құрып жүргенін, өз кезегінде бұл сан жүректерді жаралап жатқан қоғамдағы трагедия екенін жеткізгісі келген.

—Жеке шығармашылықпен айналысып жүрсіз бе? Әлде уақыт тапшы ма?

—Уақыт жоқ деп айтсам, ол жәй әншейін желеу болады. Бірақ күш-жігерімнің барлығы өзімнің негізгі жұмысыма кетіп қалады. Басшылық қызмет оңай емес. Жұмысты ұйымдастыру, қойылымдардың өз деңгейінде болуын қамтамасыз ету сынды шаруалар шаш етектен. Ұжымда 150-ден астам маман жұмыс істейді. Оларға көңіл бөліп, мәселесіне зер салып, жағдайына мән бермесең тағы болмайды. Солай жүргеніңде уақыттың қалай өткенін білмей қаласың. Тек шаршағаныңды сезінесің. Бірақ көрерменнің шапалаққа толы қошеметін көргенде ол шаршағаныңның қайда кеткенін білмей қаласың.

—Уақыт бөліп «Уақытқа» сұхбат бергеніңізге рахмет. Жұмыстарыңыз алға баса берсін!

—Cіздерге де рахмет!

Сұхбаттасқан
Дастан БАШИРОВ.