ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП МАМАНДАРЫНА АРНАЛҒАН ПРЕСС-ТУР ӨТТІ

Шымкент қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жеңіл өнеркәсіп саласына мамандар даярлау ісінің маңызын көрсетуге бағытталған арнайы пресс-тур өтті. Іс-шараның орталығы болып Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі таңдалды. Бұл оқу орны бүгінде қаладағы жеңіл өнеркәсіп пен сервис саласының негізгі кадрлық базасы ретінде қалыптасқан.

Пресс-турдың басты мақсаты – колледждің білім беру әлеуетін, студенттердің жетістіктерін және қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды таныстыру болды. Алдымен баспасөз өкілдері колледж директоры Гүлмира Жапбарқызымен кездесіп, оқу орнының мүмкіндіктері жайлы кеңінен ақпарат алды. Оның айтуынша, колледж 2017 жылы «Үздік колледж» номинациясын жеңіп алып, бүгінде үш оқу корпусында жұмыс істеп отыр. Барлық ғимараттар заманауи талаптарға сай жабдықталған, 558 орындық оқу кабинеттері бар, сонымен қатар 9 оқу шеберханасы мен 10 құзыреттілік орталығы жұмыс істейді. Ең маңызды ерекшеліктердің бірі – дуальды оқыту жүйесінің енгізілуі. 2014 жылдан бастап студенттердің 40 пайызы теориялық білім алып, 60 пайызы өндірістік тәжірибеден өтеді. Қазіргі кезде 527 студент дуальды жүйемен оқып жүр. Мұның тиімділігі – түлектердің еңбек нарығына дайын болып шығуында. Колледж бүгінде Шымкенттегі 35 кәсіпорынмен серіктестік орнатып, түлектерді жұмысқа орналастыруға жол ашып отыр. Пресс-тур барысында студенттердің шығармашылық әлеуетін танытатын сән көрсетілімі ұйымдастырылды. Авторлық үлгілерден тұратын дефиле қатысушыларға жас мамандардың кәсіби деңгейін көрсетті. Сонымен бірге Coworking алаңы мен жастарға арналған шығармашылық кабинеттер таныстырылды. Колледжде жапондық JUKI, Kanzai, италиялық Rotondi және түркиялық Özbilim брендтерінің құрал-жабдықтары қолданылады. Олардың барлығы халықаралық WorldSkills стандарттарына сәйкес келеді. Бұл оқу сапасының артуына және студенттердің кәсіби біліктілігінің халықаралық талаптарға сай болуына ықпал етеді.

Пресс-турдың екінші бөлігі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында өтті. Мұнда Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің Құзыреттілік орталығы орналасқан. Қатысушылар «Сән технологиясы» бағыты бойынша республикалық дайындық алаңының жұмысымен танысып, студенттердің тәжірибелік сабақтарына куә болды. Бұл орталықта халықаралық деңгейдегі заманауи жабдықтар орнатылған, сол арқылы жастардың кәсіби машықтарын шыңдау мүмкіндігі артып отыр. Сонымен қатар, баспасөз өкілдері колледждің серіктес кәсіпорындарына барды. Алдымен «АГФ» тігін фабрикасына аялдап, киім тігу технологиялары мен студенттердің өндірістік тәжірибеден өту процесімен танысты. Кейін «Назар-Текстиль» кілем фабрикасына барып, өндірістік қуат, өнім сапасы және экспорттық мүмкіндіктер туралы ақпарат алды. Мұндай тәжірибелер студенттердің нақты өндірістік ортаға бейімделуіне сеп болады. Колледж студенттері тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де табыстарға жетіп жүр. Олар WorldSkills, EuroSkills және Abilympics сияқты беделді чемпионаттардың жеңімпаздары атанған. 2024 жылы колледж Франциямен бірлесіп халықаралық салалық аккредитациядан өтіп, сапалы білім беру мекемесі ретінде мойындалды. Бұдан бөлек, Түркиядағы оқу орындарымен және «Денизли» индустриялық аймағымен серіктестік байланыстар орнатылған. Бүгінде колледж студенттері 10 стартап жобаны жүзеге асырып, оған 40-қа жуық жас қатысып отыр. Арнайы білім беру қажеттіліктері бар студенттер де назардан тыс қалған жоқ – олар Abilympics чемпионаттарында жүлделі орындар алып, өз мүмкіндіктерін дәлелдеуде. Жалпы, бұл пресс-тур жеңіл өнеркәсіп саласындағы білім беру жүйесінің әлеуетін көрсетуімен қатар, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталды. Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің тәжірибесі еңбек нарығына кәсіби дайын мамандарды шығару ісінде үлгі болып отыр. Мұндай шаралар қоғамның өндірістік және шығармашылық бағыттағы сұраныстарына жауап беретін жас мамандардың қалыптасуына ықпал етпек.