АЗАМАТТАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

«AMANAT» партиясы халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, нақты мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келе жатқан қоғамдық күш екенін дәлелдеп келеді. Партияның басты қағидаты – халықпен тығыз байланыс орнатып, әрбір азаматтың өтінісін назардан тыс қалдырмау. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың бірі — партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында өткізілетін қоғамдық қабылдаулар.
Осы мақсатта «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Лазиз Сулайманов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында азаматтар түрлі әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін ортаға салып, көмек сұрады. Қоғамдық қабылдауға келгендердің өтініштері негізінен әлеуметтік жағдай, кәсіпкерлікті қолдау және денсаулық сақтау саласына қатысты болды. Бұл бүгінгі қоғамда азаматтар үшін өзекті мәселелердің әлі де бар екенін көрсетеді. Әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдаған депутат олардың жағдайына бейжай қарамай, нақты шешімдер ұсынды. Мәселен, Самал мөлтек ауданының тұрғыны көпбалалы отбасы ретінде тұрмыстық қиындықтар мен күнкөріс деңгейінің төмендегенін айтып, көмек сұраған. Халық қалаулысы оның жағдайымен танысып, өз тарапынан бір реттік әлеуметтік көмек көрсетті. Ал Ақтас шағын ауданының тұрғыны электр энергиясына қатысты шағым айтып, бір үйге екі түрлі түбіртек келіп жатқанын жеткізді. Бұл мәселе тұрғындардың көпшілігіне таныс, коммуналдық қызмет көрсету сапасындағы олқылықтардың бірі болып табылады. Лазиз Сулайманов мәселені назарға алып, дереу тиісті басқарма мен «Оңтүстік Жарық» АҚ-на хабарласып, жағдайды анықтап, кемшілікті жою шараларын қабылдады. Бұл әрекет партия өкілдерінің тек тыңдаушы емес, нақты шешім қабылдай алатын тұлғалар екенін айғақтайды.
Қоғамдық қабылдауға келген өзге азаматтарға да заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқықтық көмек көрсетілді. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – халықтың мәселесін дер кезінде анықтап, оны шешу жолдарын көрсету, сонымен қатар азаматтардың өз құқықтарын білуіне және оны қорғауға көмектесу. «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы – халыққа жақын болудың және әділдік орнатудың тиімді алаңы. Партиялық қабылдаулардың артықшылығы – тұрғынның мәселесі тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде қаралып, жауапты органдардың назарында болатыны. Бұл партияның ел алдындағы сенімділігін арттырып, халықтың билікке деген көзқарасын оң бағытта қалыптастыруға ықпал етеді. Партияның қалалық филиалы мұндай қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Әрбір қабылдаудан кейін нақты нәтижелер тіркеліп, шешімін тапқан мәселелердің саны артып келеді. Бұл «AMANAT» партиясының жұмысы қағаз жүзінде емес, өмірмен тікелей байланысты екенін дәлелдейді.