ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА АВТОБУС БАҒЫТЫ АШЫЛДЫ

Қала инфрақұрылымының дамуы тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді. Соның ішінде қоғамдық көліктің қолжетімділігі мен ыңғайлылығы – халық үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Соңғы жылдары Шымкент қаласының аумағы кеңейіп, жаңа шағынаудандар қосылғандықтан, жолаушылар тасымалы жүйесін жаңарту қажеттілігі арта түсті. Осыған байланысты қалада жаңа №8 бағыттың ашылуы тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр.

Жаңа бағыт ең алдымен қалаға кейіннен қосылған аумақтарды қамтиды. Әсіресе Тоғыс тұрғын алабы секілді шалғай аудандарда тұратын азаматтар үшін бұл маңызды жаңалық болды. Себебі бұрын қала орталығына жету үшін тұрғындар біраз уақытын жоғалтатын, ал кейде бірнеше бағыт ауыстырып мінуге мәжбүр болатын. Енді №8 автобус бағыты осы олқылықтың орнын толтырып, қала орталығына қатынауды жеңілдетуге мүмкіндік бермек. Аталған бағыт алғашқы кезеңде пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Бұл шешімнің артықшылығы – жолаушылар ағыны мен сұранысына қарай қозғалыс сызбасын өзгертуге мүмкіндік береді. Яғни, бағыттың тиімділігі уақыт өте келе нақты деректер негізінде бағаланып, қажет болған жағдайда түзетулер енгізіледі. Мұндай тәсіл қала әкімдігі мен тасымалдаушылардың тұрғындар пікірін ескеріп, икемді саясат жүргізіп отырғанын көрсетеді. Қозғалыс кестесіне сәйкес жұмыс күндері 5 автобус қатынайды, ал демалыс күндері 3 автобус қызмет көрсетеді. Аралық интервал 28-45 минут аралығында белгіленген. Бұл көрсеткіш бастапқы кезең үшін тиімді болғанымен, болашақта жолаушылар саны артқан жағдайда автобустар санын көбейту қажеттілігі туындауы мүмкін. Бағыт сызбасы Тоғыс тұрғын алабындағы Мұнайбарлаушылар көшесінен басталып, «Көл» аялдамасына дейін жалғасады. Осылайша, бағыт тұрғындардың негізгі қажеттіліктерін қамтитын учаскелерді біріктіріп отыр.

Жаңа автобустардың жолға шығуы тек Тоғыс тұрғындары үшін ғана емес, жалпы қаладағы қоғамдық көлік жүйесінің дамуына оң ықпал етеді. Бұл бір жағынан әлеуметтік әділеттілікке де қызмет етеді, себебі шалғай аудандарда тұратын азаматтар да қала орталығына еркін жетіп, жұмыс пен білім алуға, денсаулық сақтау қызметтерін пайдалануға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, қоғамдық көліктің дамуы экологиялық тұрғыдан да тиімді. Егер тұрғындар жеке көліктерін жиі пайдаланбай, қоғамдық тасымалды қолданатын болса, көше қозғалысы жеңілдеп, ауаға тарайтын зиянды қалдықтар азаяды. Бұл қазіргі урбанизация дәуірінде ерекше маңызға ие. Жаңа бағыттың ашылуы қала билігінің жолаушылар ұсыныс-тілектерін ескеріп отырғанын айғақтайды. Тұрғындардың сұранысын дер кезінде орындау – билік пен халық арасындағы сенімді арттырады. Әсіресе қоғамдық көлік секілді күнделікті өмірмен тығыз байланысты салада тұрғындардың пікірін ескеру – жергілікті басқарудың сапасын көрсететін басты көрсеткіштердің бірі.