БЮДЖЕТТІҢ ӨЗ КІРІСТЕРІН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласында Мемлекет басшысының өңірлердің өз кірісін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру бағытында маңызды кеңес өтті. Жиын Шымкент қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің базасында өтіп, оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мемлекеттік органдар мен құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатысты. Күн тәртібінде жергілікті бюджеттің табыс базасын кеңейту және қосымша кіріс көздерін анықтау мәселесі тұрды.

Қала әкімі өз сөзінде тұрақты әрі теңгерімді кіріс базасын қалыптастырудың стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Бұл — қаланың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуының негізгі кепілі. Себебі қалада жол, мектеп, аурухана, инженерлік желілер мен тұрғын үй құрылысы сияқты маңызды жобалардың барлығы дерлік бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондықтан кіріс көздерін ұлғайту — тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы бар міндет. Соңғы жылдары Шымкент экономикасында оң динамика байқалуда. Соңғы екі жылдың өзінде қалалық бюджеттің жалпы көлемі 239 миллиард теңгеге ұлғайып, 895 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде 496 миллиард теңге — қаланың өз кірістері. Мұндай көрсеткіш қаланың қаржылық дербестігі мен тұрақтылығын арттырғанын көрсетеді. Егер бұған дейін бюджеттің дербестік деңгейі 46 пайыз болса, бүгінде ол 56 пайызға жеткен. Бұл Шымкенттің республикалық трансферттерге тәуелділігі азайып, өз кірісін қалыптастыруда айтарлықтай жетістікке жеткенін дәлелдейді. Кеңес барысында 2026-2027 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары талқыланды. Бұл жоспарға салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, кіріс көздерін кеңейту, бюджет процесінің ашықтығын арттыру және түсімдердің толық түсуін қамтамасыз ету шаралары енгізілген. Сонымен қатар, қала экономикасын әртараптандыру, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті дамыту тетіктері қарастырылды.

Кеңесте әкім Ғабит Сыздықбеков әрбір сала басшысына нақты тапсырмалар жүктеді. Ол кіріс көздерін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтіп, салықтық тәртіпті күшейту мен кәсіпкерлермен ашық диалог орнату маңызды екенін айтты. Әсіресе шағын және орта бизнес субъектілерінің қалада нақты қызмет атқарып отырған жері бойынша салық төлеуін қамтамасыз ету — негізгі басымдықтардың бірі болып белгіленді. Қала әкімінің айтуынша, қала экономикасын нығайтудың басты тетігі – бизнестің белсенділігі мен адал салық төлеу мәдениетін қалыптастыру. Осыған байланысты кәсіпкерлермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіледі. Әкімдік пен Мемлекеттік кірістер департаменті бірлесе отырып, кәсіпкерлерге салық заңнамасының артықшылықтары мен салықтарды уақтылы төлеудің қала дамуына қосатын үлесі түсіндірілетін болады. Кеңесте салықтық әкімшілендірудің заманауи тәсілдері, цифрландыру мен автоматтандыру жүйелерін енгізу мәселелері де көтерілді. Бұл бағыттағы жұмыс қала бюджетінің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға мүмкіндік береді. Қаланың өз кірісін ұлғайту – тек экономикалық көрсеткіштерді жақсарту емес, тұрғындардың өмір сапасын арттырудың да басты тетігі. Себебі бюджетке түскен әрбір теңге әлеуметтік жобаларға, білім мен денсаулық сақтау салаларына, инфрақұрылымдық нысандар салуға және қала көркін жақсартуға жұмсалады. Жиын қорытындысында қала әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Кірістердің толық және уақытылы түсуін қамтамасыз ету, салық төлеушілермен тығыз байланыс орнату, салық мәдениетін арттыру және экономикалық белсенділікті көтеру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болды.