ПЕДАГОГИКАЛЫҚ СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Шымкент қаласы бүгінде қарқынды дамып келе жатқан рухани және зияткерлік орталықтардың біріне айналды. Қаладағы білім беру жүйесі де заман талабына сай жаңарып, қоғамның сұранысына бейімделуде. Бұл үрдіс тек материалдық инфрақұрылыммен шектелмей, мазмұндық және әдістемелік тұрғыдан да жаңғыруды қамтып отыр. Соның айғағы ретінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалында өткен «Оқырмандық сауаттылықты қалыптастыру және “Адал азамат” бағдарламасының құндылықтарын интеграциялау» атты семинарды айтуға болады.
Семинарға қала мектептерінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысып, заманауи педагогиканың өзекті бағыттары мен оқушы тұлғасын қалыптастырудың жаңа тәсілдерін талқылады. Кездесу кәсіби тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, ұстаздардың рухани байланысын нығайтып, ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуіне себеп болды. Бүгінгі білім беру жүйесінің басты мақсаты – оқушының сыни ойлау қабілетін дамытып, оны өмірлік құндылықтарды бағалай алатын саналы тұлға ретінде қалыптастыру. Осы тұрғыда оқырмандық сауаттылық ерекше мәнге ие. Әдеби мәтінмен жүйелі жұмыс істеу арқылы оқушы тек тілдік білім алып қана қоймай, дүниетанымын кеңейтеді, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді. Семинар барысында педагогтер осы бағыттағы әдістемелер мен тиімді тәсілдерді талқылап, тәжірибелік мысалдармен бөлісті. «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын оқу процесіне енгізу – семинардың негізгі өзегі болды. Адалдық, әділдік, жауапкершілік, патриотизм сынды қасиеттерді әдебиет сабағы арқылы оқушылардың бойына сіңіру жолдары қарастырылды. Ұстаздар көркем мәтін мен кейіпкер бейнесін талдау арқылы оқушылардың моральдық таңдау жасау қабілетін дамытудың тиімді тәсілдерін ұсынды. Бұл бағытта мұғалімдердің шығармашылық ізденісі ерекше назар аудартты.
Семинарда талқыланған негізгі мәселелердің бірі – оқушының рефлексия жүргізу дағдыларын қалыптастыру болды. Әдеби кейіпкерлер тағдырын сараптай отырып, оқушылар өз өмірлік ұстанымдарына сын көзбен қарауды үйренеді. Бұл – тұлғалық дамудың басты алғышарты. Сонымен қатар тіл мен мәдениетті байланыстыра отырып ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мәселесіне де баса назар аударылды. Мұғалімдер әдебиеттің тәрбиелік рөліне ерекше тоқталып, әрбір көркем туындының оқушының рухани әлеміне ықпал ететінін атап өтті. Әдебиет пәні тек грамматика мен тіл байлығын арттыру құралы емес, ол – адамгершілік пен мәдениеттіліктің, отансүйгіштік пен ізгіліктің мектебі. Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жаңа тәсілдерді енгізу қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге “Адал азамат” бағдарламасының мазмұнын оқу үдерісіне кешенді түрде енгізу – жас ұрпақтың бойында парасаттылық пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал ететіні туралы ортақ көзқарас қалыптасты.