ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІНЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛІП ОТЫР

Түркістан облысы — Қазақстанның экономикалық картасында ерекше орын алатын аймақ. Соңғы жылдары өңір басшылығының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобалар оның өндірістік әлеуетін күшейтіп, жаңа инвестициялық серпін беріп отыр. Әсіресе, шетелдік капиталды тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жергілікті өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында нақты қадамдар жасалуда.
Өңдеу өнеркәсібі – кез келген аймақтың экономикалық тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді дамуының негізі. Түркістан облысында бұл салаға басымдық берілуі – өңірдің шикізаттық бағыттан арылып, өндірістік экономикаға көшуінің айқын дәлелі. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың бастамасымен соңғы уақытта өңірге келген инвесторлар легі артып, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашуға қызығушылық танытуда. Бүгінде тұрмыстық және кеңсе тауарларын шығаратын ірі өндіріс жобасы іске асырылуда. Бұл өндіріс орны жылына 60 мың тоннадан астам өнім өндіруге қауқарлы болмақ. Мұндай көлемдегі өндіріс тек облыс қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес өңірлер мен елдер нарығына шығуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, жоба жүздеген жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады. Қазіргі таңда Қазақстан нарығында тұрмыстық және кеңсе тауарларының 80 пайыздан астамы импорт есебінен қамтамасыз етіледі. Демек, Түркістанда қолға алынған бұл жоба отандық өндірістің үлесін айтарлықтай арттырып, ел экономикасындағы импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Қағаз өндірісі саласындағы бұл бастама толық циклді жүйе ретінде жоспарланған. Яғни, шикізатты өндіруден бастап дайын өнімге дейінгі барлық кезең Түркістан облысында жүзеге аспақ. Бұл – экономикалық тиімділікті арттырып қана қоймай, жаңа технологияларды енгізудің, кадрларды даярлаудың және жергілікті ресурстарды тиімді пайдаланудың нақты жолы. Сонымен қатар инвесторлар құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығына арналған құрал-саймандар мен өнеркәсіптік жабдықтар өндіру бағыттарына да қызығушылық танытып отыр. Мұндай әртараптандыру өңірдің өнеркәсіптік кластерін кеңейтіп, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Нәтижесінде, Түркістан өңірі тек аграрлық емес, индустриялық аймаққа айналып келеді.
Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвесторлармен ашық әрі серіктестік негізде жұмыс істеудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өңірдің географиялық артықшылықтарын атап өтіп, Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы жоғары екенін айтты. Аймақ арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі – өңірдің логистикалық әлеуетін еселеп арттыратын маңызды фактор. Бұл дәліз арқылы Түркістаннан өндірілген өнімдер Орта Азия елдеріне, тіпті Еуропа нарығына да еркін жеткізіледі. Әкім инвесторларға өңірдің барлық мүмкіндігін пайдаланып, өндірісті дамытуға шақырды. Оның айтуынша, Түркістан облысы арқылы Орта Азия елдері мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес елдің нарығына тікелей жол ашылады. Бұл – шетелдік және отандық кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Әкімдік тарапынан инвесторларға барынша жағдай жасалуда. Яғни салықтық жеңілдіктер, логистика және экспорт бағытындағы қолдау, өндіріс нысандарын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Бүгінде облыста «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және бірнеше индустриалдық парктер жұмыс істейді. Бұл аймақтарда кәсіпорын ашуға ниетті инвесторларға дайын инфрақұрылым мен тиісті жеңілдіктер ұсынылады. Мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестік тетігі осы алаңдар арқылы нақты іске асуда.
Жаңа жобалардың жүзеге асуы Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін еселеп арттырады. Ең бастысы, өндіріс орындарының көбеюі өңір халқын тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін жаңа сатыға көтереді. Сонымен қатар білікті мамандар даярлау ісі жолға қойылып, заманауи технологиялар енгізіледі. Осылайша, Түркістан облысы бүгінде инвесторлар үшін сенімді серіктеске, ал Қазақстан экономикасы үшін өндірістік дамудың жаңа орталығына айналуда. Шетелдік капитал мен озық тәжірибенің келуі – өңірдің индустриялық болашағын айқындайтын маңызды қадам. Инвестиция тарту арқылы Түркістан тек өндірісті дамытып қана қоймай, еліміздің экономикалық тәуелсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қосуда.