350-ГЕ ЖУЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысы шағын және орта бизнесті дамыту арқылы өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Соңғы жылдары кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жергілікті кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетілуде. Бұл бастамалар облыс экономикасын әртараптандырумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындардың табыс деңгейін арттыруға оң ықпал етуде.

2025 жылдың басында сүйемелдеуге алынған 343 жобаның 205-і бүгінде толық іске қосылған. Жалпы құны 31,3 млрд теңгені құрайтын бұл жобалар арқылы 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қалған жобалар жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш Түркістан облысының кәсіпкерлік саласында нақты нәтижелерге қол жеткізгенін айғақтайды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде осы бағыттағы жұмыстардың барысы жан-жақты сараланды. Әкім жиналыс барысында жауапты тұлғаларға өндірістік ғимараттардың құрылысын жеделдетуді, жергілікті кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатуды және жаңа жобаларды іске асыруды тапсырды. Ол өз сөзінде шағын және орта бизнесті қолдау – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті. Нұралхан Көшеров кәсіпкерлер үшін өндірістік ғимараттар салудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Өндіріс орындарының көбеюі өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына жол ашады. Әкімнің айтуынша, «іс бастаймын» деген әрбір азаматқа нақты қолдау көрсетіліп, сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстардың үйлесімді жүруі шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін бермек.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов мәлімдегендей, биыл шағын және орта кәсіпкерлік саласында өткен жылмен салыстырғанда барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң өсім байқалады. 7 айдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған төрт негізгі бағытта нақты жұмыстар атқарылған. Олар — бизнес жобаларды жүзеге асыру, қаржылай қолдау, индустриялды аймақтарды және өндірістік парктерді дамыту. Осы жұмыстардың нәтижесінде өңірде биыл 205 жаңа жоба іске қосылды. Оның ішінде Шардара ауданында «Наурызбай» шаруа қожалығы 500 млн теңгеге күріш өңдеу жобасын жүзеге асырды. Жетісай ауданында «Kasym ASES» ЖШС мия тамырын қайта өңдейтін зауыт ашып, «Торегелды» кәсіпорны медициналық мақта өндіруді бастады. Қазығұрт ауданында «Түркістан Агросервис» ЖШС сүт өңдеу зауытын іске қосты. Ал Ордабасы ауданында «Steel Frame» ЖШС металл өндірісін жолға қойды. Сонымен қатар, Арыс қаласында «ЮГ транс сервис» компаниясы вагондардың арнайы құрамдарын жөндеу кәсіпорнын ашса, Бәйдібек ауданында жеке кәсіпкер қымыз және сүт өнімдері цехын іске қосты. Бұл жобалар өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызды. Алдағы уақытта да өңірде бірнеше маңызды жобалар іске қосылмақ. Олардың қатарында мақта тұқымын өңдеу зауыттары, түйіршіктелген жоңышқа өндірісі, ойын алаңдарын жинау зауыты, ауыл шаруашылығы техникасына арналған агрегаттар шығаратын кәсіпорындар, пластикалық құбырлар мен бетон бұйымдарын өндіру нысандары бар. Сонымен бірге, балық шаруашылығын дамыту, микробиологиялық тыңайтқыштар өндіру және сүт өнімдерін қайта өңдеу цехтерін ашу жоспарланып отыр.

Облыста кәсіпкерлерді қаржылай қолдау шаралары да жүйелі жүргізілуде. Биыл Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында 181 жобаға 22,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, 2024 жылдың шілде айынан бастап «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылып, оның аясында да кәсіпкерлерге қаржылай көмек көрсетілуде. Бағдарлама арқылы кәсіпкерлер өз ісін кеңейтуге немесе жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік алып отыр. Кәсіпкерлікті дамытуда индустриялды аймақтардың рөлі ерекше. Түркістан облысында бүгінде 20 индустриялды аймақ пен бірнеше өндірістік парк жұмыс істейді. Сауран ауданында жеке кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 148 өндірістік ғимараттың құрылысын жүргізуде. Бұл тәжірибені тиімді деп бағалаған облыс әкімі барлық аудан мен қалада кемінде бес өндірістік ғимарат салуды тапсырды. Қазіргі таңда Шардара ауданы мен Түркістан қаласында өндірістік парктердің құрылысы басталып, басқа өңірлерде жер телімдерін бөлу және кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Бүгінгі таңда облыс аумағында 214 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада үшінші орында тұр. Мұндай нәтижелер өңірдегі кәсіпкерлік белсенділіктің артып келе жатқанын, ал әкімдік тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың тиімділігін дәлелдейді.