ОТЫРАРДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕДЕ ТҰРҒЫНДАРҒА 1000-ҒА ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ ҰСЫНЫЛДЫ

Түркістан облысында жұмысшы мамандықтарын насихаттау және халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен аймақтың барлық аудандарында өндіріс орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру, жастарды еңбекке баулу және кәсіби бағдар беру ісіне ерекше мән беріліп отыр. Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі Отырар ауданында өтті. Қарақоңыр ауылдық округіндегі «Түркістан агроөнеркәсіп кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс алаңында Жұмысшы мамандықтар жылына орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімдігі, жергілікті кәсіпорындар мен жұмыс іздеушілер қатысты.
Жәрмеңке барысында жұмыс іздеушілер өндіріс орнын аралап, кәсіпорынның жұмыс процесімен танысты. Шарада 44 бос жұмыс орны ұсынылды. Бұл мүмкіндік, әсіресе ауыл тұрғындары үшін өз өңірінде тұрақты табыс көзіне ие болуға жол ашты. Іс-шараның ашылуында Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов сөз сөйлеп, аудан экономикасындағы инвестициялық жобалардың маңыздылығына тоқталды. Ол жұмыс іздеп жүрген азаматтарды белсенділік танытуға шақырып, облыс көлемінде жүзеге асып жатқан жұмыспен қамту бағдарламалары туралы ақпарат берді. Нәтижесінде жәрмеңке қорытындысымен 10 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен бірге бірқатар еңбек адамдары Отырар ауданының әкімі мен аудандық «AMANAT» партиясының мақтау қағаздарымен марапатталды. Жәрмеңкеде бірқатар ірі кәсіпорындар өз ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, «Kazakhstan Lihua» ЖШС 300 жұмыс орнын ұсынса, «Altyn Land» ЖШС 85 адамды жұмысқа қабылдауға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ «Kuzov Karabulak» ЖШС 450 жұмыс орнын, «Kaz Eco Meat» ЖШС 90 бос орын ұсынды. Бұдан бөлек, өзге де өндіріс орындары мен кәсіпорындар тұрғындарға жұмыс ұсынды. Бұл шара аймақтағы еңбек нарығын жандандырып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталды.
Түркістан облысы әкімдігі биыл облыс тұрғындарын жұмыспен қамту және жұмысшы мамандықтарды дәріптеу мақсатында кең ауқымды жоспар қабылдаған болатын. 2025 жылға дейін өңірде 122 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен өндіріс орындарында ашық есік күндері өткізу көзделген. Бұл іс-шаралар халықты еңбекке тарту ғана емес, сонымен қатар мамандар тапшылығы байқалатын салаларға жаңа кадрларды даярлауға да бағытталған. Статистикалық деректерге сүйенсек, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша облыс көлемінде 64 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен. Оған 1257 жұмыс беруші қатысып, жалпы саны 6841 бос жұмыс орнын ұсынған. Оның ішінде 4868 орын жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Жәрмеңкелерге 6761 азамат қатысқан, олардың 4628-і жұмысшы мамандық иелері болды. Осы шаралардың нәтижесінде 2344 адам жұмыспен қамтылды, соның ішінде 1611 адам (яғни 68,7 пайызы) жұмысшы мамандықтары бойынша тұрақты жұмыс тапқан. Бұдан бөлек, облыста жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мақсатында өндіріс орындарында ашық есік күндері де өткізіліп келеді. Бұл бастама жастар арасында еңбекке қызығушылықты арттыруға бағытталған. Мұндай шараларға жалпы саны 37 кәсіпорын қатысқан. Ашық есік күндеріне 9960 азамат қатысты. Оның ішінде 3000-нан астамы мектеп оқушылары болса, 4380 адам – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, 659 адам – жоғары оқу орындарының түлектері, ал 1848 адам – басқа да санаттағы азаматтар қатарынан болды.
Ашық есік күндері жастарға өндіріс орындарының жұмысымен танысуға, еңбек жағдайларын көруге және болашақ мамандығын дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл – кәсіби бағдар берудің тиімді жолдарының бірі. Мұндай кездесулердің арқасында жас буын өз аймағында жұмыс істеудің, ел экономикасына үлес қосудың маңызын терең түсінеді. Отырар ауданында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен облыс көлеміндегі өзге де ұқсас іс-шаралар өңірде еңбек нарығын тұрақтандыруға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айтарлықтай әсер етуде. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы облыс басшылығы еңбек адамының мәртебесін арттыруды, жастардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жағдай жасауды басты мақсат етіп отыр. Түркістан облысы – аграрлық және индустриялық әлеуеті зор аймақ. Сондықтан өндіріс орындарының көбеюі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңірдің экономикалық дамуына тың серпін береді. Ал мұндай жәрмеңкелер мен ашық есік күндері халықтың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады.