ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА АЙРЫҚША НАЗАР АУДАРЫЛЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласындағы нақты тапсырмаларын орындау мақсатында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Президент елдегі агросектордың өнім көлемін екі есеге арттыру және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағыттағы шаралар өңірде айтарлықтай нәтиже беруде.
Биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Түркістан облысында ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. Ал тоғыз айдың қорытындысында бұл көрсеткішті 104,3 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып, саланың өңір экономикасындағы рөлінің нығайып келе жатқанын білдіреді. Су үнемдеу технологияларын енгізу ісі де жоспардан асыра орындалды. Биыл бұл технологиялар 27 мың гектар жерге енгізіледі деп күтілген болатын, алайда қазіргі таңда нақты 59 мың гектарға енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарға жетті. Бұл көрсеткіш облыстың су ресурстарын тиімді пайдалану мен өнімділікті арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың барысы егжей-тегжейлі талқыланды. Әкім Президент тапсырмаларының орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын айтып, аудан және қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. «Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының басты драйвері. Өнімділікті арттыру үшін су үнемдеу технологияларын енгізіп, заманауи агроинновацияларды кеңінен пайдалану қажет. Бұл тәсілдер егістік жерлердің тиімділігін арттырып, шығындарды азайтуға және өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Барлық аудан әкімдері мен сала басшылары 2025 жылға дейінгі индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етуі тиіс» деді өңір басшысы Нұралхан Оралбайұлы.
Мәжілісте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев агроөнеркәсіп кешеніндегі жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл соңына дейін 1 649 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған, қазіргі таңда оның 1 379-ы алынған. Осылайша, өңірдегі техниканы жаңарту үлесі 7,9 пайызға жетіп, жалпы ауыл шаруашылығы машиналарының саны 17 487 бірлікті құрады. Мемлекет тарапынан агросекторды қолдау шаралары жалғасуда. Мәселен, биыл облыс көлемінде үш ірі жеміс-көкөніс сақтау қоймасы салынып, пайдалануға берілді. Түлкібас ауданында «Кентау» ЖШС 2200 тонна өнімге арналған қойма іске қосты. Сайрам ауданында «Shagur Agro Group» серіктестігі 2000 тонналық қойманы пайдалануға берді. Ал Шардара ауданында «Батырхан ата» шаруа қожалығы 2200 тонна өнім сақтай алатын заманауи қойма салды. Келесі жылы Сарығаш ауданында 10 мың тонналық және Қазығұрт ауданында 3 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймаларын іске қосу жоспарланған. Мұндай инфрақұрылымдық жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін ұзақ мерзімге сақтау және нарықтағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сондай-ақ өңірде ірі мал шаруашылығы жобалары да жүзеге асуда. Биыл «БНК Агро КЗ» серіктестігінің 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасын кеңейту жобасы сәтті іске қосылды. Келесі жылы Төлеби ауданында «Азия Милк» шаруа қожалығының 600 басқа арналған жаңа сүт фермасы, ал Түлкібас ауданында «Майлыкент Ферм» ЖШС-нің 600 басқа арналған нысаны іске қосылмақ. Сонымен қатар, құс шаруашылығын дамыту бағытында «Сарыағаш құс» серіктестігі жұмысын бастады. Түлкібас ауданында құс етін өндіретін «Қарқын Трейд» жобасы қолға алынған, оған агроөнеркәсіп жобаларын несиелендіру бағдарламасы арқылы 5 млрд теңге бөлінеді. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы елімізде алдыңғы қатарда тұр. Қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешеніне 121 млрд теңге инвестиция тартылған, ал тоғыз айдың қорытындысымен бұл көрсеткішті 152,8 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл қаражат жаңа өндірістер ашуға, техникалық базаны жаңартуға және өнім сапасын арттыруға бағытталады. Мәжіліс барысында ҚР Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлнәр Күнтуғанова да сала бойынша өз есебін ұсынды. Оның айтуынша, республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлеміндегі Түркістан облысының үлесі 13,7 пайызды құрайды. Бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіш.