ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 8 АЙДА ЖАЛПЫ ӨҢІРЛІК ӨНІМ КӨЛЕМІ 3 ТРЛН ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ

Сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он сегізінші сессиясы өтті. Бұл жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және кадрлық өзгерістер сияқты маңызды мәселелер қаралды. Сессия жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық және аудандық мәслихат төрағалары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты. Жиынды облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.
Күн тәртібіне енгізілген 11 мәселе өңірдің даму бағыттары мен басқару құрылымдарының тиімділігін арттыруды көздеді. Алғашқы және ең маңызды тақырып бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндама жасап, Түркістан облысының 2025 жылдың алғашқы сегіз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын таныстырды. «Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына келетін болсақ, алдын ала есеп бойынша 8 айда жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 115,8 пайыз деңгейінде қалыптасты. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталып отыр» деді ол өз баяндамасында. Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, өнеркәсіп секторы өңір экономикасының негізгі қозғаушы күші болып қала береді. Биылғы жылдың 8 айында облыстың өнеркәсіп саласында 982,3 млрд теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайыз өсім тіркелген. Өңдеу өнеркәсібі саласында 61 млрд теңгеге 18 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, оның ішінде 8 айда үш ірі зауыт іске қосылған. Сондай-ақ Созақ ауданында құны 74,7 млрд теңгеге тең табиғи уранды өңдеу зауыты ашылды. Бұл нысан өңірдің өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға және салық түсімін көбейтуге мүмкіндік береді.
Аймақтың индустриалды дамуына серпін беретін тағы бір жоба – Шағын өнеркәсіптік парк. Бұл жоба аясында жалпы 100 гектар аумақта 152 өндірістік ғимарат салу көзделген. Өткен жылы 11 ғимараттың құрылысы аяқталып, құны 36,5 млрд теңгеге тең 11 жоба іске қосылды. Бұл өндіріс орындары шағын және орта кәсіпкерлерге өз ісін кеңейтуге, сондай-ақ экспортқа бағытталған өнім шығаруға мүмкіндік беруде. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы» құрылды. Бұл нысан Қазақстан мен көршілес елдердің кәсіпкерлері арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Орталық іске қосылғаннан кейін 3000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. 2025 жылдың басынан бері өңірге тартылған инвестиция көлемі 783 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 1,3 есе жоғары көрсеткіш. Инвестициялардың басым бөлігі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және туризм салаларына бағытталды. Сессия барысында облыстық туризм басқармасының басшысы мен Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы да есеп берді.
Жолаушылар көлігі және жол саласы бойынша соңғы жылдары облыста бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қалааралық және ауданаралық жолдардың сапасын арттыру, қоғамдық көлік желісін жаңарту және жаңа бағыттар ашу мәселелері көтерілді. Сессия аясында кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірнеше комиссияның құрамына өзгерістер енгізіліп, тиісті шешімдер қабылданды. Бұл шаралар басқару құрылымдарының тиімділігін арттыруға және мемлекеттік органдар жұмысының үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мәслихат депутаттары қаралған барлық мәселелер бойынша егжей-тегжейлі талқылау жүргізіп, ұсынылған жобаларды бірауыздан қолдады. Депутаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бастамаларды қолдап, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті. Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов сессияда қабылданған шешімдердің Түркістан облысының даму стратегиясын жүзеге асырудағы маңызын атап өтті. Ол депутаттарды және мемлекеттік органдарды қабылданған шешімдердің орындалуын қатаң бақылауда ұстауға шақырды. «Біздің басты мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірдің экономикасын тұрақты дамыту және инвестициялық тартымдылығын күшейту. Мәслихат пен әкімдік арасындағы тығыз байланыс осы мақсаттарға жетудің кепілі» деді ол қорытынды сөзінде.