МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕСІНІҢ ШЕШІЛУІНЕ АТСАЛЫСТЫ

Қоғамның дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда азаматтардың әлеуметтік мәселелерін уақтылы шешу — мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте, «AMANAT» партиясы өз міндетін халық пен билік арасындағы сенімді көпір ретінде орындап келеді. Партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде өтетін қоғамдық қабылдаулар осының нақты дәлелі болып табылады.
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Төрайым Сұлтанованың қоғамдық қабылдауы партия жұмысының адам тағдырына шынайы жанашырлықпен қарайтынын тағы бір рет көрсетті. Қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік және құқықтық сипаттағы өтініштерін айтып, көмек сұрады. Әрбір азаматтың өтінішіне мұқият назар аударылып, шешімін табу жолдары жан-жақты қарастырылды. Мәселен, Сәуле шағынауданының тұрғыны, зейнеткер А. Юсупова өз баспанасын жөндеуге көмек қажеттігін жеткізді. Қарт ананың жағдайын түсінген депутат Төрайым Сұлтанова мәселені назардан тыс қалдырмай, өз демеушілігі есебінен жөндеу жұмыстарына қолдау көрсететінін айтты. Бұл – қарапайым тұрғынның өтінішіне нақты әрі шынайы көмек көрсетудің жарқын үлгісі. Сондай-ақ, қабылдауға келген Қайтпас-2 шағынауданының тұрғыны, ІІІ топтағы мүгедек азамат та өз мәселесін ортаға салды. Ол денсаулығына байланысты ем-домға көмек сұрады. Депутат Төрайым Сұлтанова бұл өтінішті назарға алып, тиісті емхана басшылығымен байланысып, қажетті медициналық көмек көрсетілетініне уәде берді. Мұндай қолдау – партияның адамгершілік құндылықтарға негізделген саясатының айғағы. Қоғамдық қабылдау барысында көтерілген барлық өтініштер жүйеленіп, олардың әрқайсысы бойынша тиісті шешім қабылданды. Бірқатар мәселелер қабылдау кезінде-ақ оң шешімін тапса, күрделі сипаттағы проблемалар арнайы хаттамаға енгізіліп, партиялық бақылауға алынды. Бұл тәсіл «AMANAT» партиясының жұмысының жүйелі әрі нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға, олардың нақты мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – азаматтар өз өтініштерінің жай ғана қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты нәтиже беріп жатқанын көріп отыр. Бұл өз кезегінде халықтың партияға деген сенімін арттыра түседі. Төрайым Сұлтанованың қабылдауы қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтар – зейнеткерлер, мүгедектер және аз қамтылған азаматтар үшін мұндай кездесулер өмірлік маңызы бар көмекке айналып отыр.