ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН «ДАМУ» ҚОРЫ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУДА ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КҮШЕЙТЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдау мәселелерін талқылап, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде кездесу өткізді. Басқосу барысында тараптар кәсіпкерлікті дамытудың өзекті бағыттарын, бизнесті қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және қолдау бағдарламаларын тиімді жүзеге асыру жолдарын қарастырды.

Кездесудің басты мақсаты — кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, өңірдегі бизнеске ыңғайлы жағдай жасау, қаржылық қолжетімділікті арттыру және Түркістанды инвестиция үшін тартымды аймаққа айналдыру. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістанның тек мәдени-рухани орталық ретінде ғана емес, сонымен бірге елдің экономикалық және кәсіпкерлік әлеуеті жоғары өңіріне айналуы керектігін атап өтті. «Біздің басты міндетіміз – Түркістан облысын кәсіпкерлік үшін тартымды, қолайлы әрі сенімді аймақ ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші — шағын және орта бизнес. Бұл бағытта «Даму» қоры еліміздегі ең тиімді қаржы құралдарының бірі. Сондықтан бірлескен жобаларды іске асырып, аймақ кәсіпкерлерін жан-жақты қолдау біздің ортақ мақсатымыз» деді облыс әкімі. Кездесу барысында екі тарап бизнеске қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыру, қаржыландыру көздерін арттыру және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелерін жан-жақты талқылады.

Бүгінде Түркістан облысы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қарқыны бойынша республика көлемінде алдыңғы үштікке кіреді. Өңірде 216 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл — халықтың кәсіпкерлікке белсенді тартылып, экономикалық дербестігі артқанын көрсетеді. Тек 2024 жылдың өзінде облыс кәсіпкерлеріне «Даму» қоры арқылы 699 жоба бойынша 60,3 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Сонымен қатар 701 жоба 60,6 млрд теңге көлемінде кепілдендірілді. Бұл көрсеткіштер өңірде бизнестің нақты қолдау тауып жатқанын айғақтайды. 2025 жылдың алғашқы жеті айында ғана 181 жоба 22,8 млрд теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 13,86 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта кәсіпкерлерге жаңа жобаларды субсидиялау үшін қосымша қаржы бөлу мәселесі де қарастырылуда. Кездесуде тараптар биыл іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасының тиімділігіне де ерекше тоқталды. Бұл бағдарлама аясында өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік, білім және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Бағдарламаның жалпы қаржыландыру көлемі — 750 млрд теңге, оның 300 млрд теңгесі мемлекеттік бюджет есебінен, ал 450 млрд теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы бөлінеді.

Түркістан облысы бойынша осы бағдарлама шеңберінде бүгінде 14 жоба 8,5 млрд теңгеге мақұлданған. Бұл өңірде бағдарламаның сәтті жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Облыс басшысы мен «Даму» қорының төрағасы кездесуде кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде жалғастыруға уағдаласты. Кәсіпкерлер үшін тиімді инфрақұрылым қалыптастыру, несиелеу процесін жеңілдету және бизнесті цифрландыру бағыттары бойынша нақты жоспарлар белгіленді. Түркістан облысы кәсіпкерлік әлеуеті жоғары аймақтардың бірі ретінде соңғы жылдары тұрақты экономикалық өсім көрсетіп келеді. Мұнда жеңіл және тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, логистика мен туризм салалары ерекше қарқын алуда. «Даму» қорының қолдауымен аймақта жаңа өндіріс орындары ашылып, халықты жұмыспен қамту мәселесі де шешімін табуда. Қордың кепілдік беру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, гранттық қолдау және оқыту бағдарламалары кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор ықпал етуде. Кездесу соңында Нұралхан Көшеров пен Фархат Сарсекеев өңірде кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша өзара іс-қимылды күшейту жөніндегі ниетті бекітті. Тараптар алдағы уақытта Түркістан облысының экономикалық дамуын жеделдету, жаңа жұмыс орындарын құру және өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын арттыру бағытында бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаласты.