МАҚТА ЗАУЫТТАРЫНЫҢ ЖҰМЫСТАРЫНА ЗЕРДЕЛЕУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласының негізгі бағыттарының бірі – мақта шаруашылығы. Бұл сала өңір экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Әсіресе Жетісай және Мақтарал аудандары еліміздегі мақта өндірудің басты орталықтары саналады. Күзгі жиын-терім науқаны кезінде еңбек қарқыны артқан шақта өнім сапасы мен әділ бағалау мәселесі өзекті бола түседі. Осыған байланысты Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан басшылығы мақта терімінің әділ әрі ашық жүргізілуін қамтамасыз ету мақсатында арнайы жұмысшы топ құрды.

Аталған жұмысшы топтың негізгі міндеті – техникалық дақылды егетін шаруалардың еңбегін бағалау және өнім жинау кезінде орын алуы мүмкін заңсыздықтардың алдын алу. Бұл бастама шаруалардың табысын қорғауға және олардың еңбегін әділ бағалауға бағытталған. Жұмысшы топ мүшелеріне аудандағы барлық мақта өңдеу зауыттары мен мақта қабылдау бекеттерінде бақылау жүргізу тапсырылды. Атап айтқанда, олар таразы жұмысының дұрыстығын, зертханалардағы сапа анықтау процесінің әділдігін және шаруалардан қабылданған өнімнің нақты көлемін тексеріп отырады. Аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Алмасбекұлы осы жұмысшы топтың қызметін зерделеу мақсатында бірнеше мақта өңдеу зауыттарын аралады. Кездесу барысында олар зауыт басшыларымен және қабылдау бекеттерінің өкілдерімен пікір алмасып, өнім қабылдау үдерісінде әділдік пен ашықтықты сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Серік Мамытов өз сөзінде шаруалардың еңбегін бағалау — басты назарда екенін, ал кез келген заңсыз әрекетке жол берілмейтінін нақты айтты. «Мақта шаруашылығы – біздің ауданның негізгі табыс көзі. Сондықтан әрбір шаруа өз еңбегінің әділ бағаланатынына сенімді болуы керек. Мақта қабылдау кезінде таразыдан алдау, зертханаларда мақта сапасын қасақана төмендету, өнім үшін төлемді кешіктіру сияқты жағдайларға жол берілмейді. Егер мұндай жайттар анықталса, заң аясында қатаң шаралар қолданылады» деді аудан әкімі. Оның айтуынша, жұмысшы топтың басты мақсаты – ауыл еңбеккерлерінің құқықтарын қорғау, жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және мақта қабылдау жүйесін барынша әділ ету.

Қазіргі таңда Жетісай ауданында 7 мақта өңдеу зауыты және 77 мақта қабылдау бекеті жұмыс істейді. Оның 53-і Жетісай ауданында орналасқан зауыттарға тиесілі болса, қалған 24 қабылдау бекеті Мақтарал ауданындағы өңдеу кәсіпорындарына қарайды. Бұл өңірлер арасындағы өндірістік байланыс пен өзара әріптестіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Аудан әкімдігі тарапынан барлық зауыттар мен қабылдау бекеттерінде бақылау жүйесі күшейтілген. Әсіресе, өнім салмағын өлшеу және сапасын анықтау кезінде бейнебақылау орнату, деректерді тіркеу және шаруаларға ресми түбіртек беру тәртібі қатаң сақталуда. Мақта шаруашылығындағы ашықтықты қамтамасыз ету – тек шаруалардың мүддесін қорғау ғана емес, сонымен бірге саланың тұрақты дамуына жол ашатын маңызды қадам. Биыл Жетісай ауданында 43,1 мың гектар жерге мақта шиті егілді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Күзгі жиын-терім науқанын сапалы өткізу мақсатында аудан бойынша 715 дана трактор, 897 тіркеме, 61 дәрілегіш ОВХ агрегаты және 222 мақта терім комбайны жұмылдырылды. Ауыл шаруашылығы техникасының жеткілікті болуы науқанның дер кезінде және сапалы аяқталуына мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі уақытта аудан шаруалары жинаған өнімді мақта өңдеу зауыттарына өткізуде. Бұл кезеңде жұмысшы топ өкілдері күнделікті бақылау жүргізіп, әрбір бекет пен зауыттағы есеп-қисаптың дұрыстығына көз жеткізуде. Зауыт басшыларына шаруалардан қабылданған өнімнің ақысын уақытылы төлеу және есеп айырысуды созбалаңға салмау міндеттелді. Сонымен қатар, өңдеуші кәсіпорындар тарапынан өнім сапасына қатысты әділ бағалау жүргізілуі тиіс екені қатаң ескертілді. Жергілікті билік пен шаруалар арасындағы ашық диалог саланың тиімділігін арттыруға, өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің еңбегін қорғауға және ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамытуға жол ашады. Мақта шаруашылығы тек экономикалық маңызға ие емес, ол әлеуметтік тұрғыдан да өңір халқы үшін аса маңызды сала болып табылады. Өйткені бұл бағытта мыңдаған тұрғын еңбек етеді, көптеген ауылдардың тұрмыс деңгейі осы салаға тікелей байланысты. Сондықтан әкімдік тарапынан көрсетіліп отырған бақылау мен қолдау – ауыл экономикасының дамуы мен ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етудің кепілі. Биылғы маусымда ауа райының қолайлы болуы, заманауи техниканың қолданылуы және мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде Жетісай ауданы бойынша мақта өнімділігі жоғары деңгейде қалыптасып отыр.