«Бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеу-маңызды міндет»

370
3
0101010101

Альбина ЕЛШИЕВА, ОҚО білім басқармасының бастығы:

 

Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2012 жылдың 14 желтоқсанында «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының негізгі мақсаты — ХХІ ғасырда қазақ елінің орнықты дамуын жалғастыру, осы ғасыр ортасында әлемдегі ең дамыған 30 елдің санатына қосылу екендігі көзі ашық, көкірегі ояу әрбірімізге аян болса керек. Болашағымызға байсалды бағдар түзіп берген батыл басымдыққа ие бұл құжат кемелді келешекті көксейтін, әрбірімізге маңызды міндеттер де жүктейтінін айта кеткіміз келеді. Осынау маңызы мұхиттайын ұлы мақсатты баянды етудегі ұстаздар қауымының атқарар қызметі ерекше  екендігі  дау тудырмайтын шүбәсіз шындық. Өйткені, Елбасымыз: «Келешектің кілті –бүгінгі шәкірттердің қолында, ал шәкірттердің тағдыры ұстаздың қолында»,- деген. Осынау ұлағатты ұстанымға орай, басылымымыздың өткен санында: «Бүгінгі күні облысымыздағы білім саласы нендей күйді бастан өткеруде, тыныс-тіршілігі қалай, шешімін таппай жатқан қандай мәселелері бар. Осы және өзге де толғақты мәселелерді тілге тиек еткен ОҚО білім басқармасының бастығы А.Елшиевамен  болған сұхбатты газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар»,- деген сипаттағы аңдатпамызды берген болатынмыз. Енді мінеки, «сабақты ине сәтімен» дегендейін, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қанатты қағиданы ұстана, уақытының тығыздығына қарамай А.Елшиеваның газетімізге берген сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Альбина ханым, сіз осы қызметке келген кезде: «Педагогикаға қатысы жоқ тосын маман. Білім саласын тұралатып жібермесе жарар еді?» — деген шүбәға негізделген қаңқу сөз желдей ескен еді. Мұның шет-жағасы өзіңізге де жеткен болар? «Данышпандардың» осынау дүдәмал долбары бүгіндері қаншалықты «ақиқатқа» айналып отыр? Облыстың білім саласы қалай тыныс алуда? Нендей күйді бастан кешуде? Басылымымыздың мың сан оқырмандары болып табылатын ата-аналар үшін де маңызы зор осынау сауалымызға сіз қалай жауап берер едіңіз?
— «Он сегіз мың ғаламды жаратқан Алладан басқа ешкімнен сескенбе. Кілтін тапсаң, ашылмайтын құлып жоқ. Бір істі қолға алған екенсің, қорықпай соңына түсе біл. Бойыңды үрейге билетпе. Бойыңды  үрей биледі  дегенше, ісім кері кетті дей бер» деген қатаң қағиданы ұстанғанымнан болар, бүгінге дейін өмірден опық жеп көрмеппін. Әрбір жанның жүрек түкпірінде сақтайтын құпиясымен бірге жақын жандармен бөлісіп те отыратын сыры болады. Менің бұл айтып отырғанымды сіздің сауалыңыздың алғашқы бөлігіне орай қайтарған  жауабым деп білгейсіз. Ал енді сауалыңыздың келесі бөлігіне байланысты былай дегім келеді. Бүгінгі күні мемлекетіміз өскелең ұрпаққа мол мүмкіндіктер тудырып отыр. Осы аялы қамқорлықты жете сезінген жас буын өздеріне артылған сенімге селкеу түсірмей, білім мен ғылымда оңды нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл тұрғыда ұстаздардың тигізіп отырған септігі де жоқ  емес. Олардың ұшан-теңіз еңбегі қандай мадаққа болмасын, лайық-ақ. Айта кеткен абзал, кейінгі кездері  облысымызда орта білім деңгейі жоғарылап, оңды көрсеткіштерге қол жеткізілуде. Бұл тұрғыда білім олимпиадалары игі ықпалын да тигізуде.
Облыс деңгейінде өткізілген осындай білім олимпиадасында үздік көрінген шәкірттеріміз республикалық пән олимпиадасында өңіріміздің абыройын асқақтатып отыр. Мәселен, жаратылыстану- математика бағыттары бойынша олар 11 жүлдеге ( 3 алтын, 7 күміс, 1 қола медаль) ие болды. Ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттар негізінде 16 жүлде бұйырды     (3 алтын, 6 күміс, 7 қола медаль). Бұл білім бәсекелері ағымдағы жылдың наурыз айының 12-15 күндері  Алматы облысы, Талдықорған қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» және наурыз айының 25-30 күндері аралығында Жамбыл облысы, Тараз қаласында өткен болатын. Осылайша, Оңтүстік  Қазақстан облысы білім олимпиадасының көрсеткіші бойынша республика көлемінде 3-ші орынға табан тіреді. «Ең үздік олимпиадалық команда -2013» атағымен де марапатталды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендейін, осы орайда облыстың  намысын қолдан бермей жүрген шәкірттеріміздің аттарын да атай кетсем деймін. Олар: Шымкент қаласындағы № 1 ер балаларға арналған қазақ-түрік  лицейінің 10-сынып оқушысы Қалмырзаев Серғазы Нұркенұлы. Ол «Азия- Тынық  мұхит елдері оқушыларының білім олимпиадасында1-орынды (алтын медаль) иеленсе, «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасында  2-орынды (күміс медаль) қанжығасына байлады. Ал неміс тілі пәні бойынша қатысқан Дашивец Роман (Шымкент қаласы, № 20 жалпы орта мектеп) «Ең жас қатысушы» жүлдесін иемденді. Марапаттан ұстазымыз да кенде қалмады. Олимпиадаға үміткерлерді бастап барған топ жетекшісі Досанова Тұрсынай Әлайдарқызы ҚР  Білім және ғылым министрлігінің «Олимпиада қозғалысына адалдығы үшін- 2013» арнайы аталымын жеңіп алды.
Білім саласының тыныс – тіршілігін сөз еткенде өткен жылға тоқталмай кету мүмкін емес. Өйткені, 2012 жылы да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген болатынбыз. Абыройымыз  асқақтап, республика  деңгейінде білім сапасы бойынша 3 орынды сақтап қала алдық. Сайып келгенде, жоғарыда айтып өткеніміздей, биыл Республикалық пәндік олимпиада да облысымыздағы мектеп оқушылары өткен жылмен  салыстырғанда 1 медальды артық алды. Ал сапасы бойынша  2 алтын медальға және 4 күміс медальға артты.
Ендеше, білім саласындағы жүйелі жұмыстың  нәтижесі үлкен жеңісті күндерге бастайды деген сенімдеміз.
— Альбина ханым, сіз айтып отырған осынау жайттар облысымыздың білім саласында оңды үдерістер қалыптасып отырғандығын аңғарта да түсетіндей. Жасыратыны жоқ, жанымыз семіріп-ақ отыр. Ендеше, шәкірттеріңіздің шыққан шыңдары мен бағындырған биіктері төңірегіндегі салиқалы сұхбатыңызды сабақтай түссеңіз?
— Бұл өмірдің мәні атқарып жүрген қызметіміздің оң нәтиже беріп, елге пайдалы болуымен құндырақ  бола түспек. Осы қағиданы облыс ұстаздары да қатаң ұстанып отырады. Осы себептен де болса керек,алғыр оқушыларымыздың қатары жылдан-жылға арта түсуде. Сөзіміз жалаң болмас үшін айта кетелік, ағымдағы жылдың 26-28 қаңтары аралығында Ақмола облысы, Шучье қаласында 1-7 сынып оқушыларының зерттеу  жұмыстары мен шығармашылық конкурсына 12 оқушымыз қатысып,олардың 9-ы жүлдеге, 3-еуі мадақтамаға ие болды. Олар мыналар: Цой Тамара, Шымкент қаласындағы №24 мектеп- гимназия оқушысы. Медицина, психология бағыты бойынша 1-орынды иемденді.  Садуллаева  Әселбану Қазығұрт ауданы, «Болашақ» мектеп-гимназиясының оқушысы Медицина, психология бағыты бойынша 2-орынды иемденді. Өтебаева Еңлік, Шымкент қаласындағы М.Дулати атындағы №8 дарынды балалар гимназиясының оқушысы. «Қазақ тілі мен әдебиеті» бағыты бойынша 2-орынды иемденді. Сейт Нұрасыл, Шымкент қаласындағы №75 мектеп-гимназияның оқушысы. Тарих, өлкетану, этномәдениеттану бағыты бойынша 2-орынды иемденді. Асхат Бексұлтан, Шымкент қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп гимназияның оқушысы. Химия, биология бағыты бойынша 2-орынды иемденді.
Бегалиева Ақбота, Шымкент қаласындағы Н.Оңдасынов атындағы №47 мектеп-гимназияның оқушысы. Химия, биология бағыты бойынша 2-орынды иемденді.
Бердалы Олжас, Шымкент қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы № 65 мектеп-гимназияның оқушысы математика, информатика бағыттары бойынша 3-орынды иемденді. Ремет Зарина Шымкент қаласындағы №52 жалпы орта мектеп оқушысы. Тарих, өлкетану, этномәдениеттану бағыттары бойынша 3-орынды иемденді. Қорғанбаев Мардан, Шымкент қаласындағы  Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның оқушысы өлкетану бағыты бойынша 3-орынды иемденді. Қалназар Жансұлу, Шымкент қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның оқушысы. Экология, валеология бағыттары бойынша мадақтама. Тәңірберген Гүлмерей, Отырар ауданы, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектеп. Экология, валеология  бағыттары бойынша  мадақтамаға ие болды. Лесбек  Айдана, Сайрам ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы  жалпы орта мектеп. Экология, валеология бағыттары бойынша мадақтамаға ие болды.
Ағымдағы жылдың 28 ақпанында Алматы қаласында өткен Ө.Жолдасбеков атындағы математикадан зерттеу жұмыстарының ІІІ –халықаралық конкурсына қатысқан 6 оқушымыздың 3 –еуі жүлделі орынға, 3-еуі сертификатқа ие болды. Ал осы жылдың 18-23 ақпаны аралығында Алматы қаласында 609 оқушының қатысуымен өткен ғылыми жобалар конкурсына 9 секция бағытында 7 оқушымыз қатысып, олардың 4-еуі жүлделі орынға, ал 3-еуі мадақтамаға ие болды. 2012 жылдың 30 қарашасында 2-7 сынып оқушылары арасындағы ерікті түрдегі Болгарияның «математика жұлдыздары» атты олимпиадасының 1- туры өткен. Оған қатысқан 128 оқушы сертификат, диплом, грамота алса, жүлделі  оқушыларымыз 9-алтын, 7 –күміс, 4 –қола медальға ие болды. Бұл бәсекенің 2-туры 2013 жылдың 27 қаңтарында өтті. 3-туры көктемде, ал қорытынды финалдық олимпиада Болгарияда өтпек.
—  Нақ бүгінгі күні балалардың бос уақыттарын мәнді де, мағыналы етіп өткізуін  қаншалықты көңіл бөліп отырсыздар?
— Тікелей міндетіміз болып табылатын себепті балалардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне ерекше мән беріп отырамыз. Осы тұрғыда облыс деңгейінде білім басқармасының ұйытқы болуымен әрқилы ауқымды іс-шаралар  тұрақты өткізіліп келеді. Іс-шаралардың  мән-маңызы арта түсуі үшін облыс әкімшілігі қаржылай қолдау да көрсетуде. Мәселен, 2012 жылы 5 іс-шараға 25 млн теңге бөлінді. Іс-шараны өткізу әдістерінің түрлендірілуі мен тиісті деңгейде қаржыландырылуы өз кезегінде  оқушылардың өнер мен білімге деген қызығушылығын арттыра түсуде. Осылайша, олардың бос уақыты маңызды мағынаға ие болып отыр. Алғашқы кездері байқауға 320 оқушы қатысқан болса, олардың саны бүгіндері үш еселеніп отыр. Бұл дегеніміз, жас өрендердің өнер, ғылым, спорт салаларына қызыға түскендігін аңғартады. Ісіміздің жемісті болуы ағымдағы жылы бюджеттен 200,011 миллион теңге қаржы бөлінуімен де байланысты болып отыр. Балалардың бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін облыс мектептерінде 609 спорт кешені, 1877 спорт алаңдары және 591 гимнастикалық қалашықтар жұмыс істеуде. Облыс бойынша 1019 мектепте 4125 спорт секциялары ашылғандығын атап өткім келеді. Бүгінгі күні облыс бойынша 155905 оқушы спортпен шұғылдануда. Енді бірер жылда бұл көрсеткіштің көлемі арта түспек. Келешек олимпиада чемпиондары да солардың арасында жүр деп  білемін. Мұның үстіне, біздің өңір саңлақтар мекені  екендігі де жасырын емес. Осындай ізгі нәтижесін берер міндеттерін атқаруда ұстаздар қауымы да уақытпен санаспайды. Олар шәкірттерінің бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін өздерінің күш-қайраттарын да жұмсай бермек.
— Салауатты ұрпақ жарқын болашақтың кепілі екендігі дау тудырмайтын ақиқат. Осы тұрғыда жауқазын жастарымыздың құрыштай болып шыныға түсуіне қаншалықты көңіл бөліп отырсыздар?
— Сұрағыңыз өте орынды. Келешегіміздің кілтіне ие болар жасөспірімдеріміздің темірдей төзімді, болаттай шымыр болып жетілуі айрықша маңызды. Бұл  мәселеге облыстық білім басқармасы ерекше көңіл аударып та келеді. Осы орайда нақты мысалды алға тартайын. 2012 жылдың  жаз айында облыс орталығынан тысқары аймақтарда 19 сауықтыру- демалыс  лагерлері жұмыс істеп, ол орындарда 15614 оқушы  өз денсаулықтарын шынықтырды. Бұл көрсеткіш 1-10 сынып оқушыларының 3,2 %-ын  құрап отыр. Алдағы жаз маусымында шәкірттерімізге жан-жақты жағдайлар жасалынып,көрсеткішіміздің көлемі де кеңейе түспек. Оқушыларымыздың салауатты болып жетілуіне мектептен тыс мекемелер де игі ықпалын тигізе түсуде. Бұлардың саны 2011 жылы 41 ғана болса, 2013 жылы 51 жеткізілді. Бұл көрсеткіш 35271 балаға қамтылып,  2,4 % құрағанын көрсетеді. Осылайша, жалпы бала санының көрсеткіші 7 пайызға қамтылып отыр. Жалпы алғанда, облыстағы спорт мектептері мен секцияларға қатысушы балалар мен мектептен тыс мекемелерге тартылған оқушылар көрсеткіші 36%. Қамтылмай отырған бала саны-341917 немесе 64 %. Алдағы кездерде шәкірттеріміздің саулығына жете көңіл бөліне түспек.
— Сіз бен біз кеңестік  жүйенің  тәрбиесін алған жандармыз. Өзіңізге де мәлім, ол кездері  мектептерде тәртіп сақшылары қызмет етпейтін. Ал, бүгінгі кездері өмір салтымызға жаһандану үрдісі дендеп ене түсуіне орай сан-алуан теріс құбылыстар да белең ала түсуде. Ол жайттар еліктегіш жас буынға кері ықпалын тигізіп отырғандығы да жасырын емес. Осы себептерден де, мектептерде полиция инспекторлары қызмет ететін болды. Бұл қызмет иелері мектептерімізді қаншалықты деңгейде қамтып отыр?
— Өткен шақты орынды еске алып отырсыз. Социализм дәуірінің салты ала-бөтен болатын. Ол кездердегі мектептерде октябряттар, пионерлер, комсомолдар деген топтар болатын. Олар коммунистік моральға бағынатын. Ал бүгінгі кезең өз талабын алға тартуда. Осындай себептерге орай білім ұяларында полиция инспекторлары қызмет ете бастады. Қазіргі кезде облыс бойынша 1019 мектепте 213 полиция инспекторлары қызмет атқаруда. Қажетті 426 мектепке полиция инспекторларын қызметке алуды кезең-кезеңімен, 2013-2014 жылдары енгізу туралы облыстық бюджетке ұсыныс беріліп, бекітілген. Бүгіндері шәкірттеріміздің қауіпсіз болуы үшін осындай істерді атқарудамыз.
— Жаһандану үрдісінің өмір-салтымызға енгізген тағы бір жаңалығы- бейнебақылау болып отыр. Бұл құбылыс та уақыт сұранысына орай туындап отырған жайт деп  білеміз. Ендеше, мектептеріміз бұл қызмет түрімен қаншалықты қамтылып отыр екен?
— Бүгінгі таңда облыстық білім басқармасы тарапынан ақпараттық жүйені қолдану бағытында тың тірлік қолға алынуда. Нақтырақ айтар болсам, Шымкент қаласындағы 3 мектеп пен 3 колледжге ақпараттық-коммуникативтік телекоммуникация ендіріліп, пилоттық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл үшін облыстық бюджеттен 188,25 млн теңге қаржы сұралып отыр. Аталған жоба қолданысқа ендірілгеннен кейін оқушылардың сабаққа қатысуы, үлгерімі, тәртібі туралы бейнебақылау, СМС хабарламалар, турникттер арқылы толық мәліметтер алуға, ата-аналар мен ұстаздардың бала тәрбиесіне қатысты  мәселелерді талдау жасауына мүмкіндіктер қарастырылады. Балалардың психологиясына кері әсерін тигізетін сайттарға шығуына жол берілмейтін фильтрлер қойылады. Балалар мен жасөспірімдерді нашақорлықтан қорғау, бір-біріне күш көрсету,топ болып төбелесу, қорқытып ақша жинаудың алдын алу мақсатында білім басқармасы тарапынан  жалпы білім беретін мектептерде бейнебақылау камераларын орнату үшін 60,193 теңге қаралып отыр. Осындай игі жұмыстардың нәтижесінде мектеп төңірегінде бөгде жандардың жүруі  тоқтап, мектеп қабырғасында жасалынатын құқық бұзушылық азайды. Бейнебақылау орнатылған аймақтарда қылмыстың орын алмағандығын тәжірбие көрсетті.
— Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары кемелді келешегіміздің тізгініне ие болады деп сенім артып жүрген жауқазын жастарымыздың арасында құқық  бұзушылық белең ала түсуде. Мұндай өреге сыймайтын өрескел құбылыстардың туындауына сіздіңше нендей жайттар түрткі болуы мүмкін?
—  Менің пайымдауымша, жас  балалардың құқық бұзушылығына бос уақыттың көптігі , пайдалы іспен айналыспаушылық, ата-ана тарапынан бақылаудың өз дәрежесінде болмауы, құқықтық білімнің аздығы, жақсы істермен қызықтырып, өзіне тартатын аулалық клубтардың жабылып қалуы да негізгі себеп болып отырғаны анық. Сабақтан тыс уақытында не істерін білмей, еріккен баланың қандай да болса еліктеушілікке ұрынатыны заңды құбылыс. Сонымен қатар, теледидар немесе интернет желісі арқылы беріліп жатқан мәні мен мағынасы жоқ қанды соғыстар бейнеленетін, болмысымызға жат әрекеттерге толы фильмдер де  балалар мен жастардың санасын барынша улай түсуде. Осыған орай, білім басқармасы тарапынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына ақпараттық құралдар арқылы жарияланатын және интернет жүйелерінде берілетін порнографиялық, зорлық-зомбылық фильмдері мен көріністерге тыйым салу жөнінде ұсыныс берілген болатын. Өкінішке орай, ұсыныс қолдауға ие болмады. Бұл әрине, қынжыларлық-ақ жәйт. Бала тәрбиесімен барша қоғам бел шеше айналыспайынша, өркениет көшіне ілесуіміз қиынға соқпақ. Нақ бүгінгі күні қоғамымыздың алдында осындай күрделі міндет тұр. Осы сұхбатымызды пайдалана отырып, ұлт зиялыларын, барша қауымды ұлтымыздың болашағы болып табылатын ұрпағымызды оң бағытта тәрбиелеуге шақырамын. Бұл бастаманы мен өз жанымнан шығарып отырған жоқпын. Мұндай үрдіс ұлтымызда ертеден-ақ қалыптасқан.
— Мектептегі матриархат мәселесі де бүгінгі күннің ең бір өзекті проблемасына айналып отыр. Осы жан ауыртар мәселеге орай не айтар едіңіз?
— Сұрағыңыз өте орынды-ақ. Бүгінгі күні еліміздегі 7698 жалпы орта білім беретін мектептерде 292000 мұғалім қызмет атқарады. Соның 234 445-і, яғни 80,5 пайызы қыз-келіншектер екен. Психолог мамандарының пікірінше, мектептерде мұғалім болып жүрген ер-азаматтардың аздығы кей жағдайда ұрпақ тәрбиесіне де кері әсерін тигізіп жүрген көрінеді. Көбінесе қыз-келіншектерден білім мен тәрбие алып жүрген ер балалардың мінез-құлықтары өзгереді, бос белбеу, бойкүйездікке ұрынатындықтары да айтылып жүр. Ендеше, интелектуальды ұлт қалыптастыру мен ұлт пен ұрпақ болашағын ойласақ, білім ұясы-мектептеріміздегі мұғалім кадрларын дайындаудың жаңа жүйесін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлу қажет деп санаймын.
— Сіз бен біз осы сұхбатымыздың үстінде өкініші өзегімізді өртейтін мәселелерге тоқталып өттік. Байыптай қарар болсақ, мұндай әттегенайлардың туындауына ұлттық идеологиямыздың әлсіз болуы да өзінің кері ықпалын тигізеді екен. Бұл орайда  ана тіліміздің әлеуетін арттырған жөн тәрізді. Менің осы пікіріме нендей мәселелерді алып-қосар едіңіз?
— Елбасымыз өзінің биылғы Жолдауында мемлекеттік тілге байланысты мәселені қадап айтты. Рас, біздің билік басындағылар қазақ тіліне қарағанда, орысшаға бейім тұрады. Мемлекеттік тілге келгенде самарқаулық танытады. Мемлекеттің елдігін көрсететін оның тілі. Міне, осы тұрғыдан келгенде мемлекеттік тіл мемлекеттің қазіргі идеологиясының арқауына айналуға тиісті. Ұлттық иделогияны құрайтын да, жасайтын да сол мемлекеттің саяси элитасы мен зиялы қауымы. Зиялы қауым өз кезегінде қолынан келгенін жасады. Әлі де қарап отырған жоқ. Бірақ саяси элита тас бетондай қатып қалған сыңайлы. Сол үшін де айтқым келгені, ұрпақтың алдында ұялмас үшін ұлттық идеологияның негізгі діңгегін қалыптастыратын осындай үрдістерді сақтап қалуымыз қажет. Бұл орайда облыстық білім басқармасы игі бастамаларға мұрындық та болып келеді. Өз кезегінде ол іс-шаралар оң нәтижелерін  беруде.
— Альбина ханым, сіз жас болсаңыз да бас болып, аса жауапты саланың тізгінін ұстап отырсыз. Өзіңізге дейінгі аға ұрпақтың үлгілі үрдісін сәтімен жалғастырып отырғаныңызға көңіліміз қуанады. Осы орайда халқының мақтаулы қыздарының біріне айналып отырған өзіңіз жайлы оқырман қауым да аз-кем біліп жүрсе дейміз?
— Ізгі ілтипатыңызға рахмет! Алайда, сіз халқымыздың қыз балаға деген құрметін ұстанып, мені асыра бағалап та жібергендейсіз. Дегенмен, ел- жұрттан үлкен емеспін ғой,өзім туралы нақтырақ қана айта кетейін. 1977 жылдың қараша айының 13- жұлдызында Алматы қаласында дүниеге келгенмін. 1999 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетін халықаралық экономикалық қатынастар экономисі мамандығы бойынша аяқтап шықтым. Мұнан кейінгі кездерде заңгер, педогог-психолог мамандықтары бойынша да білім алдым. Еңбек жолымды 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы туризм және спорт департаментінде туризм бөлімінің жетекші маманы болып бастадым. 2000-2005 жылдары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы сыртқы байланыстар және туризм департаментінде әр алуан лауазымдық қызметтер атқардым. 2005-2007 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің жетекшісі, бас маманы болып қызмет еттім. Ал, 2007 жылдан 2009 жылға дейін ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы лауазымын атқардым. 2009 жыл мен 2011 жыл аралығындағы уақытта ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі болдым. 2011 жылдың 15 тамызынан бүгінгі күнге дейін облыстық білім басқармасын басқарудамын. Қысқаша айтқанда, бүгінге дейін осындай өмір белестерінен өттім, еңбегімді ел игілігіне жұмсай беруден танбақ емеспін.
— Альбина ханым, уақытыңыздың тығыз-таяңдығына қарамай, қойған әрбір сауалымызға салиқалы жауап бергеніңіз  үшін шынайы  алғысымызды білдіреміз. Еңбектеріңіз еселене түсіп, бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы мерейлеріңіз үстем болсын.
— Рахмет!

Сұхбаттасқан
Бекен ҚОЖАМҚҰЛОВ.

Сіз не дейсіз?

0101

Оразкүл АСАНҒАЗИЕВА,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Қазақ қыздары қай салада болмасын жемісті еңбек етіп келе жатыр. Бұл олардың қабілет-қарымы ер-азаматтан кем еместігін білдіреді. Тіпті, басшылық қызметтің өзінде олардың жетістіктерге жетіп, белестерді бағындырғанын көріп те, біліп те жүрміз. Сондай басшылық орында жас та болса бас болып  абыройлы еңбек етіп келе жатқан жанның бірі ол Албина Балғабайқызы. Ол туралы ел ішінде әртүрлі пікірлер айтылып жатады. Дегенмен ол жігерлі жас. Өзінен де, өзгеден де  талап ете білетін талапшыл, білікті басшы. Негізгі мамандығы экономист болса да, өзі қыр-сырын біле бермейтін, нәзік те, ауыр сала білім саласына басшылыққа тағайындағалы оны алға жетелеп, жан-тәнімен білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол мақтауға да, мақтануға да лайықты.

Сіз не дейсіз?

0303

Оңғар ТӘЖИЕВ, “Қазақстан жолы” газетінің бас редакторы:

— Оңтүстік халқына адалынан қызмет істеген, нағыз мемлекетшіл ару жандардан кенде емес. Алдыңғы буын апаларымыз ел құрметіне бөленіп отыр. Альбина Елшиеваны сол толқынның жалғасы деуге толық болады. Мемлекеттік қызметте тәжірбие жинақтаған А.Елшиева облыстағы ірі мекеме басшылығында өзінің кісілік келбетін сақтай білген жан. Оңтүстіктің білім саласын ешкімнің жерге ұруға құқығы жоқ. Өңір мерейін өсірген өскелең ұрпақ өсуде. Оқушыларымыз білім сайысында соңғы екі жылда республикада алдыңғы үштіктің қатарынан ойып орын алды. Мұғалімдеріміз де біліктілігін көрсетуде, абырой биігінен табылуда. Байыпты ойлы, байсалды мінезді білім саласы басшысы жарнаманы жаны сүймейтінін жұрт біледі. А.Елшиева сөздің емес, істің адамы екендігімен танылды. Ел сенімін ақтайтын нәзік жанды басшы-кадрдың бірі.

Сіз не дейсіз?

0202

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
«Нұр Отан» ХДП
ОҚО филиалы төрағасының орынбасары:

— Альбина Балғабайқызының сұхбаттасқан  кез-келген жанды баурап алатын айрықша қасиеті бар. Бұл ерекшелік оның ұлттық тәрбиенің қайнарынан молынан сусындағанын аңғартса керек. Жасыратыны жоқ, жаны ізгіліктің нұрына тұнған мұндай жандар бүгінгі күндері сирек ұшырасады. Менің тағы бір байқағаным, Альбинаға өрлік пен мақсаткерлік те тән. Неге десеңіз, заман талабын дөп тани білген ол үш бірдей жоғары оқу орынын бітіріп отыр. Оның мұраты тал бесіктен жер бесікке дейін білім ал деген хадисіміздегі қағиданы ұстанатындығын аңғартады. Ұлағаттықты ұлықтаған осындай мінезге бай қазақ қызының білім саласының тізгінін ұстап отыруы өте орынды. Мен оның осындай өзіне тән қайталанбас мінезімен алдағы уақытта да ұлтымыздың мәртебесін асқақтата беретініне сенімдімін.