Он мың ота жасаған дәрігер

332
0

IMG_2906Дана халқымыз «Денсаулықтың қадірін ауырғанда  білесің»,- деп текке  айтпаған  ғой. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»  деген қағиданы  біз жайшылықта  қаперге  ала бермейміз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса  ғана  емші іздейміз. Онда да  білімдісін, біліктісін іздейтініміз тағы рас.  Халықтың әлеуметтік  деңгейі  осындай дәрежеге  жетіп  қалғанына тәубе дерсің!

Сонымен  жоғарыда  айтылғандай  қызметтің  қызығы, жұмыстың  жөні  деп жүріп, пайда бола бастаған  көз  ауруын  елемедік. Ауруды асқындырып  алып,  облыстық офтольмологиялық  ауруханадан  бір-ақ шықтық. Шіркін, жан  деген  тәтті екен! Әп-сәтте  өзіміз  сияқтылар  бір-бірімізбен  сырлас бола қалдық.
«Оның қолы нағыз оташының қолы» — деді бұрын  мұнда,  бір рет болған  жетпістің  жетеуін  бағындырған  бір ақсақал. «Қолы жеңіл екен, шынайы  шипагер деп есітіп  келдім»,- дейді  жедел жәрдем машинасымен жеткен  жігіт  ағасы болып қалған  кісі.
Осы кезде  бізге  жылы  шыраймен  қарап  тұрған  мақтаралдық ақсақал  сөзге  араласты. « Әй, осы  сендер Шәріп  Мұқанұлы  туралы  айтып тұрған  боларсыңдар»,-  деді күлімсіреп.
«Ия,  тап өзі, дұрыс айтасыз»,- деп шу ете қалдық. Таныса  келе, оның  Жәңгір  Әбибуллаев  екендігін білдік. Ол аталған  ауданның  құрметті  азаматы. Еңбек және  тыл  ардагері, 79 жастағы ақсақал көпті  көрген  салиқалы азамат  болып  шықты. Біз құштар  болып отырған  дәрігерді  жақсы біледі екен. Ол  Алматы, Астана, Мәскеу  сияқты үлкен  орталықтарда  көзіне байланысты болыпты.Небір атақты дәрігерлерге  емделіпті.  Сөзімен де, нәтижелі  ісімен де  ұнағаны  — Шәріп Мұқанұлы  екендігін  жеткізді. Соңғы  жылдары өзі  іздеп  келіп, алты ай сайын ем  қабылдап  қайтатынын естігенімізде  әлі көрмеген,  ақ халатты белгісіз бейнеге  деген  ынтызарымыз арта  түсті.
Дәрігер  де  көп күттірмеді. Ортадан  жоғары  бойлы, толық денелі, жүзі  күлімдеген кісі  дауыстай  сөйлеп кіріп  келді.Бізді бұрыннан  білетін  кісідей  жай-жапсар  сұраса   келіп, қарауды  бастап  жіберді. Толық  қарап  болған  соң, «екі аяғын пырағың, екі  көзің  шырағың»  демекші  Алла бұйыртса  жанарларың  қайта  жарқырайтын  болады»,- деп нық сеніммен  палатадан  шығып кетті.
Алдында екі апта жатып,  алғашқы  күннен  бауыр  басып алып,  оған  талай  сұрауларыңды  қойғанбыз. Қабақ шытпай, уақытқа  қарамай  ықыласымен  түсіндіре  жауап бере жүрді. Дәрігердің   бұл мінезі  ауру  кісіге  нағыз  шипа  екенін  енді бағамдап  отырмыз.
Сонымен, дәрігердің   өзін сөйлетсек… «Біздің  облыс халық  саны  жағынан елімізде  алдыңғы  орында  тұратын  аймақтың  бірі. Соған орай, көз  ауруының түрлері  де  бізде  көп кездесіп отыр. Солардың бірі, қазақша айтқанда суқараңғылық,  медицина  тілінде  глаукома. Статистика  бойынша   40 жастан  асқан   адамдардың  екі  пайызы осы   кеселге  душар  болып отыр. Бұның қауіптілігі  сол-оның  ағзаға   білінетіндей  синптомы,  яғни  айрықша  белгілері жоқ. Ол  болған  күнде  де  адам  оны  дер кезінде  аңғара  алмайды. Жынысына, ұлтына, тұрған ортасына  тіпті  әлеуметтік   жағдайына  да қарамайды.  Сонымен   мұны білудің   бір-ақ жолы  бар. Ол- профилактика.
Жылына  бір рет көзідің қан қысымын  өлшетіп тұру керек.Қазіргі  таңда мұндай мүмкіндік  кез-келген  емханада   бар.Тек ұқыптылық  қажет. Бір сәт өзіңіздің   заңды құқығыңызды  іздеу, талап ету- бүкіл өміріңізге   пайдалы болмақ.
Екіншісі  — медицинада  катаракта   десе, қазақша  «көзді шел басу»,- дейді.  Алпыстан асқандар  арасында  көп  кездеседі. Көз  ішінде  мөлдір  түсті  бұршақ  болады. Содан  болар,  оны  көз  хрусталы  деп атап кеткен. Қоршаған   әлемді  көрсетуді  іске   асырып  тұрады. Алла  сыйлаған  ағзамыздың   ғажап  мүшесі. Ауру басталарда ол бозара  бастайды,  көз алдымызда мұнар немесе  көлеңке  пайда болады. Күшейе  келе аталған  бұршақ  ағарып кетеді де, көрсетуді  біржола доғарады.
Қазіргі  таңда  оны емдеудің  жолы-тек ота  жасау ғана   болып тұр. Онда  да табиғи  мөлдір бұршақ орнына  жасанды бұршақ  салынады. Ол ағзаның  өзге мүшелерімен  біржола  жымдасып   кетуге  арналған. Мұндай бұршақты  Ресей,  Германия, Индия, АҚШ елдері  жасап шығарып жатыр. Ешқандай кері әсері  жоқ, көрсеткіштері  жоғары болғандықтан, біз біржола  Американдық  бұршақтарды қоюды жолға қойдық. Өмірдің  өзі  тиімділігін  көрсетті.
Үшіншісі — миопия,  яғни алыстан  көрмеушілік. Осы  көз  кеселі  мектеп жасындағы  балалардың 15 пайызын  қамтып отыр. Бұл-халық  үшін де, медицина  үшін де қауіпті  өлшем. Негізінен  мектеп балаларында   кездесетіндіктен,  медицинада оны, «мектеп миопиясы» деп те атайды. Табиғи  жарық  мөлшерінің  өлшемге сай  болмауынан, тақта мен партаның  арақашықтығы  дұрыс сақталмауынан   әрі партаның  баланың бойы мен жасына сәйкессіздігінен, сондай-ақ оқу уақытын дұрыс пайдаланбаудан  туындайды. Сондықтан  мектеп  гигиенасын қатаң  сақтауымыз  керек. Көзге  40,45 әрі  кеткенде  60 минут  сайын  демалыс беру міндетті. Бұған  мектеп  басшылары да, санитарлық  гигеналық бақылау  органдары  да сергек қарауы  қажет. Ата-аналардың да  бейжай  қарамағаны  жөн. Балалар  мекемелерінде  (бала-бақша, мектеп т.б.)  терезелерді, рекрацияларды, дәліздерді  түрлі  перделермен, бойы  биік гүл өсімдіктермен тұмшалап тастайтынын  көреміз. Тіпті  сурет салынған, жазу жазылған қабырғалықтарымен бекітіп тастайтынына  да куә болуға  тура келеді.Бұл, бұл ма  терезелерді  алып тастап немесе  ортасынан бөліп алып, кірпішпен  бекітіп өзге мақсаттарға  пайдаланып  отырғандары да кездесіп қалады.
Осының  барлығы  санитарлық – гигиеналық  талаптарға  қайшы  әрекеттер». — дейді ол.
Ота  жасау-медицинада  аса  күрделі де, жауапты- іс екенін  әркім-ақ  жүрегімен  сезінсе  керек, ал аса нәзік көзге  ота  жасау  тыңымсыз еңбекті, терең  білім мен шебер біліктілікті  талап  ететін  шығармашылық  еңбек. Осындай  еңбектің  үдесінен  шыға  білген, бүгінде көзді  көре  білетін  талайдың көзжанарын  жарқыратқан  ондаған  шәкірт  тәрбиелеп отырған Шәріп Омарұлы облыстың офтольмологиялық  аруханасының микрохирургия бөлімін 18 жылдан  бері  басқарып келеді екен. Жұбайы  да  білікті  балалар   дәрігері. Екеуі  ұлтын  ұлықтай  білетін үш ұл өсіріпті.
Ең  бастысы-ол  он мыңнан  астам   ота  жасап, талайдың  көзжанарын   жарқыратып, оларға әлемнің  жарығын  көру  бақытын  сйылаған  жан. Білімді де, білікті, асқан мейірімді  дәрігер. Гипократша айтсақ:  «Философ- дәрігер». Енді  осы емдеу мекемесінің  жалпы тыныс-тіршілігімен  танысу мақсатымен бас дәрігерді іздеп бардық. Ол кісі жоғарыда аты аталған Жәңгір ақсақал екеумізді жылы  шыраймен  қабылдады.
— «Ол небір қиын оталарды   жасап жүр, әлемдік  соңғы үлгідегі  техникаларды шебер меңгеріп алған, жауапкершілікті  қатты сезінетін, тәжірибесі мен білімі жеткілікті аға буын өкілі»,- дейді үлкен ұжымның басшысы Дулат Үдербаев мырза. Аурухана  әлемдік  деңгейдегі  медициналық  технологиямен жабдықталыпты. Соңғы, 2011, 2012 жылдары екі қондырғы іске  қосылыпты. Біріншісі «Лазерь орталығы» деп аталады. Көздің  тар қабаты шіри бастағанда хирургтің скальпель пышағы  ештеңе  істей алмайды. Осы сәтте бұл таптырмас  құрал екен.
Екіншісі  Америкалық  «Альком»  фирмасы шығарған  «Иапридм» деген  микрохирургиялық  комбайны. Ол  ультра  дыбыстық  әдіспен  емдейтін ғажап  техника.
Аталмыш  емхана  бүкіл  облыс халқыңа  қызмет көрсететін  бірден-бір мекеме. Рас, Түркістан  қалалық емханасында  көз  бөлімшесі, Сарағашта  10 төсектік  аурухана, өзге  аудан орталықтары  мен  аудан орталығына теңесетін  елдімекендерде  көз  дәрігерлері  жұмыс істейді. Олар өздерінде  мүмкіндегінше ем-дом  жасайды, аурудың  асқынған  түрлерін  және  ота  жасау  қажеттілігі  туындап  жатса,  облыс орталығына   жібереді. Кез келген  жерден  көлдей  етіп көсілтіп,  көз  аурулары  емханалары мен  ауруханаларын салудың  қажеттілігі  жоқ. Осы  кеселдің  мөлшерлері  мен  сипатына  орай  жүйе  осылай  қалыптасқан. Бірақ,  орталыққа бір  заманауи  ғимарат  қажет-ақ. Кеңестік   кезеңде  Жангелдин  көшесінде  екі қабатты  ғимараттың    бірінші  қабатында   700 шаршы метрлік  емханамыз  болған,  Тәуелсіздігіміздің алғашқы елең-алаң  кезінде  ол  жекешеленіп кетті. Ол кезде  қалада  343 мың, облыста  1,5 млн халық бар еді. Қазір  бұл  сан  екі  есеге  өсіп отыр. Керісінше  біз 390 шаршы  метр  жерде  отырмыз.Осында жылына  150-160 мың  ауруды  қарап, қызмет  көрсетеміз. Әр кабинетте  екі  дәрігерден  отырады. Аталған емханамыз сонау  1957 жылы қамыс  каркастан  салынған,  ал  қалғандары  1967-1980 жылдар аралығында тұрғызылған ғимараттар.
2010  жылы  бұл  орындар  276 млн  теңгеге  күрделі  жөндеуден  өткізілді. Күтіп   ұстап, қысылып-қымтырылып  отырған  жәйіміз бар».
Техникалық  мүмкіндігі мол әрі білікті   мамандардан   тұратын,  бүкіл  облыс халқыңа  қызмет  көрсететін  осы  ұжымға  бір заман  талабына  сай  ғимарат  қажеттілігін  өмірдің  өзі  көрсетіп отыр.

Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.