КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Қоғамның тұрақтылығы мен елдің тұтастығы ең алдымен отбасы институтының берік іргетасына сүйенеді. Себебі отбасындағы татулық пен сыйластық — мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығының бастауы. Сондықтан қазіргі таңда отбасы құндылықтарын дәріптеу тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, азаматтық қоғам мен кәсіподақ ұйымдарының да басты міндеттерінің біріне айналып отыр.

Осы бағытта «Ынтымақ» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалына қарасты «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында «Отбасы – бірліктің бастауы» атты тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Бұл іс-шара Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы мен Ішкі саясат департаментінің бірлескен бастамасымен өтті. Жиынның негізгі мақсаты – еңбек ұжымындағы қызметкерлер арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті арттыру және тұрмыстық жанжалдардың алдын алу. Кездесудің форматы ашық диалог түрінде өтіп, қатысушылар өз пікірлерін еркін білдіріп, тәжірибелерімен бөлісті. Дөңгелек үстелдің негізгі спикерлері – Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Орынша Тәжібаева және полиция аға лейтенанты, Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Төлеген Назерке болды. Орынша Тәжібаева өз сөзінде отбасының қоғамдағы орны мен рухани маңызына тоқталып: «Мықты мемлекет – мықты отбасынан басталады. Балаларымызды тәрбиелеуді балабақша мен мектепке жүктеп қоюға болмайды. Әрбір әкенің сөзі – өсиет, әрбір ананың мейірімі – тәрбие», – деді. Сонымен қатар ол қазіргі қоғамда жиілеп кеткен ажырасу, отбасындағы түсініспеушілік және әйелдердің психологиялық қысым көруі сияқты әлеуметтік мәселелердің көбі өзара қарым-қатынас мәдениетінің төмендігінен туындайтынын атап өтті. «Отбасындағы әрбір дау – тек жеке әңгіме емес, ол қоғамдағы моральдық ахуалдың айнасы», – деді спикер.

Кездесудің келесі бөлімінде полиция өкілі Төлеген Назерке тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құқықтық және әлеуметтік салдарын түсіндіріп өтті. Ол нақты мысалдар келтіре отырып, тұрмыстық жанжалға немқұрайлы қарамау қажеттігін ерекше айтты. «Отбасындағы жанжал – жеке мәселе емес. Егер ол агрессия мен зорлық-зомбылыққа ұласса, бұл құқықтық сипат алады. Ал баланың көзінше дауласу – оның психологиясына ең ауыр соққының бірі», – деді ол. Кездесу барысында еңбек ұжымы мүшелері де белсенділік танытып, өз өмірлік тәжірибелерінен мысалдар келтірді. Бір қызметкер «Кейде жұмысбастылықтың арасында баламызбен сөйлесуге уақыт таппай қаламыз…» десе, екіншісі «Қарбалас өмірдің ішінде бір-бірімізді түсінуге тырыса бермейміз» деп қазіргі өмірдің қарқыны отбасы арасындағы эмоционалдық байланысты әлсіретіп жатқанын айтты. Мұндай пікірлер жиынның шынайы және өмірмен тығыз байланысты өткенін көрсетті. Іс-шара барысында тек отбасылық тәрбие емес, еңбек адамының ішкі үйлесімділігі мен рухани қауіпсіздігі жайлы да әңгіме қозғалды. Себебі рухани тыныштығы бар қызметкер – өз ісіне адал, өнімді еңбек ететін тұлға. Берекелі отбасы – еңбек өнімділігінің кепілі, ұжымдағы тұрақтылықтың бастауы. Кездесудің соңында қатысушылар мұндай іс-шаралардың маңызын ерекше атап өтіп, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін кездесулерді жиі өткізу туралы ұсыныс білдірді. «Бір-бірімізге құрметпен қарау – ең үлкен мәдениет» деген ортақ ой қатысушылардың барлығын біріктірді. Бұл жиын – тек әңгіме емес, қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік берген тағылымды сабақ болды. Кәсіподақ ұйымдарының осындай әлеуметтік бастамалары еңбек ұжымдарында рухани және адамгершілік құндылықтарды нығайтып, қызметкерлердің өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.