«АДАЛ АЗАМАТ» БІРТҰТАС ТӘРБИЕ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА БІРЫҢҒАЙ СЫНЫП САҒАТТАРЫ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы №97 жалпы орта білім беретін мектебінде оқушылардың адамгершілік, жауапкершілік және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара өтті. 2025 жылдың 3 қарашасында оқу орнының тәрбие жұмысының жылдық жоспарына сәйкес «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында бірыңғай тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Бұл іс-шара қараша айына белгіленген «Әділдік және жауапкершілік» тақырыбының мазмұнын кеңінен ашып, жас ұрпаққа өмірлік құндылықтар мен адамдық қасиеттердің мәнін ұғындыруды көздеді.

Тәрбие сағаттарының басты мақсаты – оқушылардың адалдық, әділдік, еңбексүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік ұғымдарын саналы түрде түсініп, өз мінез-құлқында қолдануға дағдыландыру. «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбы арқылы балаларға табыстың негізі тек еңбекте, ал еңбектің нәтижелі болуы – адалдық пен әділдікке сүйенетінін түсіндіру көзделді. Іс-шара барысында сонымен қатар қауіпсіздік сабақтары өткізілді. Әр сынып жас ерекшелігіне сай тақырыптар бойынша талқылаулар ұйымдастырды. 1-сынып оқушылары «Отбасылық құпия сөз» арқылы өз қауіпсіздігін сақтаудың қарапайым әдістерін үйренсе, 2-сыныптар «Панасыз жануарларды кездестіргенде не істеу керек?» деген тақырыпта жанашырлық пен сақтық туралы әңгімелесті. 3-4 сыныптар ата-аналардың бақылау бағдарламасының маңызы мен үйдегі қауіпсіздік ережелерін талқылап, күнделікті өмірде қолдануға болатын нақты мысалдар келтірді. 5-сынып оқушылары көшеде қауіпсіз ойнаудың қағидаларын пысықтаса, 6-сыныптар мұз үстінде өзін ұстау ережелерімен танысты. Бұл – қыс мезгілінде жиі кездесетін қауіптердің алдын алуға бағытталған өзекті тақырып болды.

7-8 сыныптар балалардың өзара қарым-қатынасындағы сенімділік пен ашық сөйлесудің маңызын талқылады. Әсіресе, ата-анамен және сенімді ересектермен қауіпсіздік туралы еркін әңгіме құрудың жолдары түсіндірілді. Бұл жасөспірімдердің өмірлік дағдыларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Жоғары сынып оқушылары да назардан тыс қалмады. 9-сыныптар «Ешнәрсеге өкінбеу үшін дұрыс таңдау жасау» тақырыбында өмірлік шешім қабылдау жауапкершілігін түсінді, 10-сыныптар «Онлайн ойындардағы тәуекелдер мен қауіпсіздік» мәселесін қозғап, интернеттегі қауіптерден қорғанудың жолдарын талқылады. Ал 11-сыныптар шынайы және жалған достық ұғымдарын салыстыра отырып, сенім мен адамгершілікке негізделген қарым-қатынас құндылығын ашып көрсетті. Осындай жүйелі түрде өткізілген сабақтар тек ақпарат беріп қана қоймай, оқушылардың өз ойларын ортаға салып, талдау жасауына мүмкіндік берді. Мұғалімдер мен сынып жетекшілері оқушылардың белсенді қатысуына жағдай жасап, әр тақырыптың өмірмен байланысын нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Бұл бірыңғай тәрбие сағаттары – мектептің оқушыларды жан-жақты дамытуға бағытталған тәрбиелік жұмысының маңызды бөлігі. «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» идеясы арқылы оқушылар қоғамдағы өз орнын түсініп, адалдық пен әділдікке негізделген өмірлік ұстаным қалыптастыруға бір қадам жасады. №97 мектеп ұжымы мен ұстаздар қауымы балаларды тек біліммен қаруландырып қана қоймай, олардың рухани және адамгершілік тұрғыдан өсуіне де ерекше мән беріп отырғаны байқалады. Осындай сабақтар жас ұрпақтың бойында жауапкершілік пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, саналы, адал және елжанды тұлға тәрбиелеуге жол ашады.