№70 МЕКТЕПТЕ ПАТРИОТТЫҚ РУХҚА ТОЛЫ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты С. Бекбосынов атындағы №70 жалпы орта білім беретін мектебінде 2025 жылдың 24 қазан күні ерекше мазмұнға толы мерекелік іс-шара өтті. Іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, 25 қазан — Республика күніне арналды. Бұл күні мектеп ұжымы мен оқушылар еліміздің ең маңызды мерекелерінің бірі – Республика күнін үлкен қуанышпен атап өтті.

Мектеп дәліздері мен акт залы мерекелік көңіл күйге бөленіп, оқушылардың орындауындағы патриоттық әндер мен би нөмірлері арқылы ұлттық рух пен елдік бірлік сезімі айқын көрінді. Іс-шараның негізгі мақсаты — жас ұрпақ бойында отансүйгіштік, азаматтық сана, елге деген құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру болды. Мерекенің шымылдығы мектеп директоры Сандуғаш Жамалқызы Қалмұратованың құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде Республика күні – мемлекетіміздің тәуелсіздікке бет алған алғашқы тарихи қадамы екенін атап өтті. Сондай-ақ, ұстаздар қауымына жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбегі үшін алғыс білдіріп, оқушыларға ел болашағына лайықты азамат болуға тілектестік білдірді. Мерекелік бағдарлама барысында оқушылардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Менің Отаным – Қазақстан» атты ән шырқалып, жас бишілер ұлттық нақыштағы би композицияларын орындады. Сахна төрінде ел бірлігін, ынтымағын және бейбіт өмірді дәріптейтін өлеңдер оқылып, көріністер қойылды. Бұл қойылымдар арқылы жас буынның елге деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімі айқын көрінді. Іс-шара барысында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының басты құндылықтары – адалдық, әділдік, еңбекқорлық және азаматтық жауапкершілік ерекше атап өтілді. Мұғалімдер мен сынып жетекшілер оқушыларды өз елінің тарихын құрметтеуге, мемлекеттік рәміздерді қадірлеуге және ел дамуына өз үлесін қосуға шақырды. Мектеп ұжымы бұл күнді тек мереке ретінде ғана емес, жас ұрпақтың азаматтық тұлғасын қалыптастыратын маңызды сәт ретінде қабылдады. Республика күніне арналған мұндай шаралар – балалардың бойында ұлттық сана мен елдік рухты нығайтудың тиімді жолы.

Соңында іс-шараға қатысқан барлық оқушылар мен мұғалімдер мемлекеттік мерекенің мәні мен маңызын ұғынып, өз Отанын сүйетін нағыз «адал азамат» болуға ант етті. Осындай тәрбиелік іс-шаралар арқылы №70 мектеп ұжымы жас буынды елінің болашағына жауапты, рухани бай және отаншыл азамат ретінде қалыптастыруды жалғастырып келеді.