ШЫМКЕНТТЕ БАСҚАРМАЛАР ЖҰМЫСЫ БОЙЫНША ОН АЙЛЫҚ ЕСЕП ТЫҢДАЛДЫ

Шымкент қаласында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда шаһардағы маңызды салалардың он айдағы жұмысы жан-жақты талқыланды. Жиынға қалалық Дін істері басқармасының басшысы Серғазы Әбілхаиров, Орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Малик Абдинуров, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов және Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Ниязбеков қатысып, өз бағыттары бойынша кеңес мүшелеріне есеп берді. Қоғамдық кеңес отырысының мақсаты – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін салалардағы ахуалды саралап, шешімін күткен мәселелерді бірлесіп талқылау.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе ретінде Шымкент қаласының діни ахуалы сөз болды. Дін істері басқармасының басшысы Серғазы Әбілхаиров қаланың рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарды баяндай келе, қазіргі жағдайдың тұрақты екенін жеткізді. Оның айтуынша, қалалық әкімдік тарапынан барлық конфессиялармен өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға басымдық берілуде. Бүгінде Шымкентте 12 конфессияны біріктіретін 32 діни бірлестік ресми тіркеліп, өз қызметін заң аясында жүргізіп келеді. Бұл көрсеткіш қаланың діни әралуандығы мен толеранттылық мәдениетінің қалыптасқанын аңғартады. Соңғы он айда діни экстремизмнің алдын алу мақсатында бес мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған жарты миллионнан астам тұрғын қатысқан. Бұл бағытта ақпараттық кездесулер, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, жастармен және ата-аналармен өткізілетін арнайы түсіндіру жұмыстары кеңінен қамтылған. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмыстар да күшейтіліп, ағартушылық бағыттағы төрт жарым мыңнан астам материал жарияланған. Олар миллионнан астам қаралым жинап, қоғам мүшелерінің діни қауіпсіздік мәселесіне назарын арттырған. Басқарма басшысы қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес екенін атап өтті. Бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар және әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан да қолдау қажет. Өйткені деструктивті ағымдардың ықпалын азайтуда алдын алу шаралары мен шынайы ақпаратты дер кезінде жеткізу шешуші рөл атқарады.
Кеңес мүшелері діни саладағы мәселелермен қатар, энергетика, инфрақұрылым, білім сапасы және мемлекеттік сатып алу бағыттарындағы есептерді де талқылады. Әрбір басқарма бойынша ұсыныстар беріліп, алдағы кезеңде жұмыс тиімділігін арттыруға қатысты нақты тапсырмалар жүктелді. Қоғамдық кеңестің мұндай отырыстары атқарушы органдардың жұмысын ашық әрі қолжетімді етуге, сондай-ақ тұрғындар сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

