АПТАЛЫҚ ЖИЫН – ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН АДАЛДЫҚҚА БАСТАЙТЫН ТӘРБИЕ АЛАҢЫ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты С. Бекбосынов атындағы №70 жалпы орта білім беретін мектебінде «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында дәстүрлі апталық жиын өткізілді. Бұл шара мектептегі оқушылардың өзіндік басқаруын нығайтуға, жауапкершілігін арттыруға және әр аптаны нақты мақсатпен бастауға бағытталған.

Апталық жиын барысында «Өзін-өзі басқару» ұйымының мүшелері өткен аптадағы тәртіп пен орындалған жұмыстарды қорытындылап, жаңа аптаға арналған жоспарларды таныстырды. Олар тәрбие және оқу бағытындағы негізгі міндеттерді айқындап, оқушылардың белсенділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар жөнінде ақпарат берді. Мұндай жүйелі талқылаулар оқушылардың ұйымдастырушылық қабілетін дамытып, мектеп өміріне жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Жиынның маңызды бөлігі ретінде мектеп президенті мен «Адал ұрпақ» ұйымының президенті өз қызметтері аясында атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Олардың баяндамалары мектептегі тәрбие процесінің ашықтығын көрсетіп қана қоймай, оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Әсіресе, «Адал Азамат» бағдарламасының құндылықтарына сай әділдік, жауапкершілік, елжандылық және бастамашылық секілді қасиеттер осы есеп беру барысында нақты көрініс тапты.

Бұл жиын оқушыларды ортақ ережелерді сақтауға, құрдастарымен ынтымақтастық орнатуға, өз пікірін еркін жеткізуге баулиды. Бағдарламаның басты мақсаты – жасөспірімдерге адалдық, еңбекқорлық және қоғамдық жауапкершілік құндылықтарын сіңіру. Апта бойы атқарылатын жұмыстардың бағыт-бағдарын алдын ала белгілеу оқушылардың мақсат қою дағдысын қалыптастырып, әр істі жоспарлы түрде орындауға үйретеді. Мұндай дәстүрлі жиындар мектеп ұжымын біріктіріп, оқушылардың азаматтық белсенділігін арттырады. «Адал Азамат» бағдарламасының мектептегі күнделікті өмірге енгізілуі балалардың өзіндік сана-сезімін қалыптастыруға, олардың бойында адалдық пен әділдікке негізделген мінез-құлық мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосуда. Айта кету керек, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – оқушылардың тұлғалық дамуын қолдауға, оларды адалдыққа, жауапкершілікке, еңбекқорлыққа және азаматтық санаға тәрбиелеуге бағытталған кешенді тәрбие жүйесі. Бағдарлама Қазақстан мектептерінде тәрбие жұмысын біріздендіріп, оқушының рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытуға ерекше мән береді.