ЗАҢ МЕН ТӘРТІПТІ САҚТАУ — ЕЛ ҮМІТІН АҚТАУ

2025 жылдың 10 қарашасында Фуркат атындағы №37 жалпы орта мектебінде бастауыш сынып оқушыларына арналған танымдық тәрбие сағаты өтті. Іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, 1–4 сынып оқушыларына «Жол ережелерін сақтау» және «Табиғатты қорғау» тақырыптарында тәрбиелік маңызы зор мультфильмдер көрсетілді.

Бағдарламаның негізгі мақсаты — жас буынға қауіпсіздік дағдыларын ерте жастан үйрету, олардың күнделікті өмірде жолда жүру тәртібін дұрыс сақтай білуіне бағыт беру және табиғатты аялаудың маңызын санасына сіңіру. Мектеп оқушылары мультфильмді қызығушылықпен қарап, кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы қауіпсіздік ережелерінің қаншалықты маңызды екенін түсінді. Мысалы, жолды тек жаяу жүргіншілер өткелінен өту, бағдаршамға назар аудару, көлік маңында абай болу сияқты қарапайым, бірақ өмірлік маңызы зор дағдылар көрініс тапты. Табиғатты қорғау тақырыбы да балаларға жеңіл әрі түсінікті формада жеткізілді. Мультфильмдегі кейіпкерлердің табиғатқа жанашырлықпен қарауы, қоқысты жерге тастамау, өсімдіктер мен жануарларға қамқорлық танытуы балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Бұл мазмұн “Адал азамат” бағдарламасының қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, табиғи ресурстарды бағалау және экологиялық сауаттылықты арттыру бағыттарымен толық сәйкес келеді. Көрсетілім аяқталғаннан кейін мұғалімдер оқушылармен бірлесіп мультфильм мазмұнын талқылады. Балалар өз ойларын ашық айтып, көргендері туралы пікірлерімен бөлісті, кейіпкерлердің әрекетін талдап, қандай ережелерді үйренгендерін жеткізді. Бұл олардың ойлау, салыстыру, дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.

Осындай танымдық іс-шаралар бастауыш сынып оқушыларының мінез-құлқын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Ерте жастан қауіпсіздік ережелерін меңгеріп, табиғатты құрметтеуді үйренген бала болашақта жауапкершілігі жоғары, мәдениетті әрі саналы азамат болып қалыптасады. Бұл — “Адал азамат” тәрбие бағдарламасының негізгі мақсатына сай келетін маңызды қадам. Айта кетейік, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошақтарында, оның ішінде жекеменшік барлық білім беру ұйымына енгізіліп, іске асырылып жатыр. «Адал азамат» бағдарламасының түпкі мақсаты – қоғамның мызғымас тірегі, отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу, әділеттіліктің, адамгершіліктің, жауапкершілік пен еңбексүйгіштіктің айқын бейнесі болатын адал азамат қалыптастыру.