Шүменовтің құлағын шулатып жүргендер кім?
Редакцияға түрлі тақырыпта жазылған сан алуан хаттар, мақалалар мен арыз-шағымдар көптеп келіп жатады. Автордың аты-жөні мен мекен-жайы көрсетілген мұндай дүниелер газет бетінде жарияланып та жатады. Ара-тұра редакцияға не автордың аты, не мекені көрсетілмейтін хаттар, дұрысы шағымдар да келіп тұрады. Мұны қазақ «домалақ арыз» деп атайды. «Домалақ арыздың», әрине, біреуді қаралау, күйе жағу мақсатында жазылатыны анық. БАҚ туралы заңның талабына сәйкес, автордың аты-жөні көрсетілмеген дүниелер газетке басылмауы тиіс.
Жуырда редакцияға тағы да осындай «домалақ арыз» түсті. Жігіт ағасы жасындағы ер адам редакция қызметкеріне хатты ұстатып, жөнін айтпай кетіп қалыпты. Хат ҚР Президенті Н.Назарбаевтан бастап, ҚР Бас прокуроры, ҚР ҰҚК төрағасы, ҚР ЭҚСЖҚКД жетекшісіне, «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты мен ОҚО Әділет органдарының басшыларына, мәслихат депутаттарына Ашық хат ретінде бағытталып жазылыпты. «Ашық хат» иелері бұл тізімге «Уақыт» газетін қосуды да ұмытпапты. Әрине, нақты авторы көрсетілмеген хаттың мазмұнын газет бетіне түгел басуды жөн көрмедік.
«Домалақ арызды» газет бетіне баспай-ақ қоюға да болар еді, алайда, мұндағы кей мәселелер назарымызды еріксіз аудара берді. Қалам ұстаған қауым болғандықтан, мұнда жазылған дүниелерге көз жұма қарау әбестік болар еді. Шыны керек, хатта елді елең еткізерлік тосын мәліметтер(?) көп екен. Хат жазушылар жоғарыда аты аталған лауазымды тұлғаларға «Бекжан» базарының басшылығына деген наразылығын жеткізіпті, шара көруді сұрапты.
Хат ішіндегі айтылған жәйттер ақиқат шеңберіне жата ма, жатпай ма, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» емес пе?!
Енді хаттың мазмұнына аз-кем тоқтала кетсек. Арыз бастан-аяқ «Бекжан» базарының басшысы Әмірхан Шүменовты айыптаудан тұрады. Былтыр Шымкентте «Бекжан» базар түгі қалмай өртеніп кетті. Осы арада сауда жасап, нәпақасын айырып жүрген қарапайым халық бұл апаттан кейін «Авто-нұр» және «Жамалбек қажы» базарларына кеткен. Шүменов мырза қазір осы базарларда сауда жасап жүрген халықты, бұрынғы өз адамдарын өзіне қайтаруға әрекет жасап жүрсе керек. Ал, жаңа орынға ептеп үйренісіп, клиент жинап қалған олардың «Бекжанға» қайта барғысы келмейтін сияқты. Хатқа сенсек, Ә.Шүменов ел-жұртқа «Авто-нұр» базарын жаптырып тастаймын» десе керек. Бұл, әрине, базардағы саудагерлер арасындағы сыпсың сөз болар. Өйткені, оған ешкімнің дәлелі жоқ, сол сәтте кім диктофонға жазып, камераға түсіріп алыпты дейсіз?!
Егер осы арызды жазушылар өз аты-жөндерін шағым-хаттың соңында баттитып көрсетіп қойса, онда мұндағы мәліметтерді шындыққа саяды деп сенуге болар еді. Әйтсе де, «бұл ел неге шулап жүр?» деген ойдың бізге де маза бермегені анық.
Хатта мәселен, мынадай сөздер бар: «… Әмірхан Шүменов мырза ары кетсе екі айдың көлемінде облыс әкімінің орнын басамын деп сенімді уәзірлеріне айтқан көрінеді. Бұл сыбыс та облыстағы мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мысын басып, дыбысын шығартпай тастады. Оған қоса оңтүстік халқының өзі кішіпейіл, шен-шекпенді сыйлай білетін халық екенін білеміз. Ал бұны пысықайлар мен жылпостар өздерінің ыңғайына қарай бейімдеп ала қоятындықтары тағы бар. Жаны таза адам болса – «ей адамдар, қайда еңбек етсеңдер де бай қуатты болыңдар» — деп тынышына қоймай ма? Бұл біріншіден, ал екіншіден қара басының қамынан басқаны ойламайтын адам, қалай облыс басқармақ? Түсініксіз жағдайлар» дейді олар (мәтіннің мазмұны, грамматикасы, стилі сол күйі сақталды. Ред.) Осыған қарап-ақ, мұның нақты дәйексіз, тек елден естіген сыбыстар негізінде жазылғаны көрініп тұр. Бірақ, сыбыстар да кейде шындыққа айналып жатады емес пе? Әрине, Оңтүстіктей үлкен аймаққа кімнің әкім болғысы келмейді дейсіз?! Қолында ақшасы көп адамның бәрінің билікке барып, креслода шалқайып отырғысы келеді. Ал, мынадай әңгімені облыс әкімі Асқар Мырзахметов естісе не болар екен? Облысқа танымал азамат Әмірхан Шүменов мұндай әңгімені рас айтты ма, әлде бұл жай ғана елдің сөзі ме – анығын бір Алла мен оның өзі ғана біледі. Қалай болғанда да, ел-жұрттың алдында жүрген танымал азаматтың артынан сөз ергені қайбір жақсылық дейсіз?!
Хат соңында арызданушылар Елбасыдан араша сұрапты. Онда былай делінген:
«Аса қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлы!!!
Айыпқа бұйырмаңыз, арызымыздың ең басында пәрменді шара көрілер деген үмітпен Өзіңізге жаздық. «Бұл не деген заңсыздық»-деп Өзіңізден кейінгі тұрғандарға тапсырма беріп, заңсыздықтың орын алуна Өзіңізді қолдап отырған халық үшін жол бермессіз деген үкілі үміттеміз.
Ал, Елбасымыздан кейінгі арызымыз жазылғандардан осы көрсетілген кемшіліктер мен заңсыздықтарды тоқтату және алдағы уақытта болдырмау үшін Сіздердің тарапыңыздан да үлкен ықпал етуді күтеміз. Аталған салаға жауапты қызметкерлеріңіз өз қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарағандықтары және асыра сілтеушіліктерге жол бергендерге шара көре отырып, көрілген шараларды баспасөз, көгілдір экран арқылы халыққа жария етуді сұраймыз.
Тиісті шаралар көрілмесе Облыс халқы болып ереуілге шығатынымызды жасырғымыз келмейді. Әрбір шыдамның да белгілі бір шегі бар».
Хат иелерін неге сонша бұлқынды? Ащы дауыс ашынғаннан шығып отырған жоқ па? Хатта көрсетілген мәселелер рас болса, авторлар неге бастарын бұғып қалды? Аты-жөндерін көрсетпесе, бұл олардың бірдемеден қорқып отырғанын білдірмей ме? Шүменов мырза шынында да олар жазғандай «монстр» ма? «Домалақ арыздың» көздегені не? Жалпы Шүменовтың құлағын шулатып жүргендер кім?
Әрине, біз хат иелерін де, ондағы айыпталып отырған кісіні де жазғырудан аулақпыз. Біз хат мәтінін әдейі толық бермей отырмыз, оны түгел берсек оқырманнан обал.
Егер осы хатқа байланысты Ә.Шүменовтің тарапынан қарсы айтар уәж болса, газет бетінен оған да орын беруге дайынбіз.
Жалпы, бұл мәселе алдағы уақытта редакция назарынан тыс қалмайды, мәселенің анық-қанығын анықтап, көлемді мақала жариялайтын боламыз. «Уақыт» әрқашан адалдың сөзін сөйлейді!
Редакция