МЕКТЕПІШІЛІК ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

2025 жылдың 29 қазанында Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №86 жалпы орта білім беретін мектебінде заманауи білім беру үдерісінде жасанды интеллекттің мүмкіндіктеріне арналған мазмұны терең семинар өтті. Семинар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарын білім беру үдерісіне интеграциялау бағытындағы тәжірибелік мәселелерді қарастыруға арналған.

Семинар барысында мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын сабақта тиімді қолдану жолдарын талқылады. Олар әртүрлі пәндерде ЖИ құралдарын пайдалану тәжірибесін бөлісіп, практикалық мысалдармен сабақ құрылымын жетілдіру жолдарын қарастырды. Мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуы білім берудегі инновациялық әдістерді кеңінен таратуға және оқу үдерісін заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік берді. «Адал азамат» бағдарламасы аясында семинарда оқушыларға адамгершілік, жауапкершілік, адалдық сияқты құндылықтарды қысқамерзімді жоспарға енгізудің тиімді тәсілдері талқыланды. Мұғалімдер әрбір сабақта тәрбиелік мәнді оқыту элементтерін қосу арқылы оқушылардың жеке тұлғалық дамуына ықпал ететін әдістерді қарастырды. Осы бағытта Г.У. Файзуллина, М. Джунисова, М. Айнабекова, Н. Байтелиева, Г. Ағабекова және М. Жуматаева өз тәжірибелерімен бөлісті, сабақта құндылықтарды қалай қолданатынын нақты мысалдармен көрсетті. Арнайы шақырылған спикер — №130 ЖОББМ орыс тілі пәні мұғалімі М.Б. Бейсеева жасанды интеллектіні авторлық әдіспен сабаққа енгізу тәжірибесімен таныстырды. Оның тәжірибесі сабақтың интерактивтілігін арттыру, оқушылардың қызығушылығын күшейту және заманауи технологияларды тиімді пайдалану тұрғысынан өте құнды болды. Мұғалімдер оның тәжірибесін өз сабақтарына бейімдеп, білім беру процесінде инновациялық әдістерді қолданудың жолдарын қарастырды. Семинардың нәтижесінде мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне енгізу жолдарын нақты түсініп, өз тәжірибесін байыта түсті. Сонымен қатар, «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын сабаққа кіріктірудің практикалық әдістерін меңгеру арқылы білім беру процесінде оқушылардың тұлғалық дамуын және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған жаңа тәсілдер анықталды.

Осылайша, өткізілген семинар мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға, инновациялық әдістерді қолдануға үйретуге және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын білім беру үдерісінде тиімді жүзеге асыруға үлкен үлес қосты.