САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ «КАВЕНДИШ» БАНАН СҰРПЫ ӨСІРІЛУДЕ

Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығын әртараптандыру, жаңа бағыттарды дамыту бағытындағы тың бастамалар жүзеге асырылып келеді. Соның бір айғағы – Жартытөбе ауылдық округінде экзотикалық жемістер өсіру ісінің жолға қойылуы. Аудан әкімі Арман Абдуллаев аталған округке арнайы барып, жылыжай шаруашылығымен айналысып отырған жергілікті кәсіпкердің жұмысымен танысты. Аудан басшысы бұл бастаманың өңір экономикасы мен ауыл шаруашылығын дамытуға тың серпін беретінін атап өтіп, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне өндірілген өнімді жергілікті нарыққа ұсыну мәселесін қамтамасыз етуді тапсырды.

Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Ынтамақ елді мекеніндегі жылыжайда бүгінде әлемге кеңінен танымал «Кавендиш» банан сұрпы пісіп-жетіліп тұр. Экзотикалық жеміс өсіріліп отырған жылыжайдың жалпы аумағы 10 соттық жерді құрайды. Банан көшеттерін жергілікті кәсіпкер Шамс Тұрсынбаев 2019 жылы Түркия елінен арнайы алдыртып, Сарыағаш өңірінің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне бейімдеген. Шамс Тұрсынбаев жылыжай шаруашылығымен ұзақ жылдардан бері айналысып келеді. Ол 1995 жылдан бастап қызанақ, қияр секілді дәстүрлі көкөніс өнімдерін өндіріп, жергілікті нарықты қамтамасыз етіп келген тәжірибелі кәсіпкер. 2019 жылдан бастап агроөнеркәсіп саласында жаңа бағытты қолға алып, тропикалық және экзотикалық жемістерді өсіруге бет бұрған. Алғашқы кезеңде банан өсімдігі бірден жерсіне қоймағанымен, жүйелі күтім, агротехникалық талаптардың сақталуы және қолайлы жағдай жасаудың нәтижесінде бүгінде толықтай бейімделген.

Қазіргі таңда жылыжайда өсіріліп отырған «Кавендиш» банан сұрпының жапырақтарының биіктігі 3 метрге, ал сабағының ұзындығы 10 метрге дейін жетеді. Бұл сұрып мол өнім беріп, өзінің жергілікті климатқа төзімділігін көрсетіп отыр. Кәсіпкердің айтуынша, бұл бастамадағы негізгі мақсат – Сарыағаш өңірінің құнарлы топырағы мен қолайлы табиғи жағдайы кез келген ауыл шаруашылығы өнімін өсіруге мүмкіндік беретінін дәлелдеу. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп саласын дамытып, жаңа тәжірибелер арқылы өңірдің әлеуетін арттыру да басты назарда. Айта кету керек, жылыжайда бананнан бөлек папайя, лимон, апельсин, мандарин, кофе және питайя секілді экзотикалық жемістерді жерсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Барлық өсімдіктер арнайы жылыжай жағдайында өсіріледі. Мұнда қажетті температура мен ылғалдылық тұрақты түрде бақылауда ұсталып, әрбір дақылдың биологиялық ерекшеліктері ескеріледі. Соның нәтижесінде алынатын өнімдер экологиялық таза әрі сапалы болып келеді.

Жергілікті билік өкілдері мұндай бастамалар ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрін көбейтуге және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтуде. Экзотикалық жемістерді өсіру арқылы Сарыағаш ауданы аграрлық салада жаңа бағыттарды игеріп, ауыл шаруашылығын дамытудың заманауи үлгісін қалыптастыруға қадам жасап отыр.